8 Тамыз, 16:42 341 0 Аймақ "Түркістан" газетінің авторлары

Шетелде жүрген қазақ кәсіпкерлерді қолдауға арналды

Түркияда табысқа жеткен қазақ кәсіпкерлерінің бизнесін Қазақстан нарығында да дамытуға қолдау жасау үшін «Отандастар» Қорының бизнес және жобаларды акселерациялау бойынша атқарушы директоры Данияр Байғараев бастаған делегация  түркиялық іскер азаматтармен кездесу өткізді.

 Кездесуге «El Tiregi» Қазақстанның шағын және орта бизнесі Қауымдастығының Басқарма Төрағасы Асқар Әубәкіров пен «КАТКА» қазақстан-түрік кәсіпкерлері қауымдастығының Бас хатшысы,  «Business & Travel Central Asia» атқарушы директоры Дінмұхаммед Зиятбеков, сонымен қатар бизнеске ин­вес­­тиция тарту және дамыту ісі бойынша шақырылған сарапшылар қатысты.

Қазақстандық делегация кездесу барысында дастархан шығарумен айналысатын Акйол компаниясының кәсіпорындарымен танысты. 50 жыл­дық тарихы бар компания толық автоматтандырылған, жақсы импорттық әлеуеті бар. Компанияда бүгінде жұмыс істейтін 38 адамның басым бөлігі этникалық қазақтар. Компания басшысы  Эюп Акйолдың өзі 20 ғасырда Түркияға қоныстанған қазақтардың ұрпағы екен.  Тарихи Отан, бауырлар жайында тебірене толғанған ол өзі жинаған тәжірибесі мен білімін осы бизнеспен айналысқысы келген немесе Қазақстанда филиал ашуға ниеттенген кез келген отандасына беруге дайын екенін жеткізді. Акйол мырзаның өзі бизнесін 10 жылдан астам уақыттан бері тарихи отанда ашуды жоспарлап жүргендіктен делегацияның келгендігіне және Қазақстанның Түркия аза­маттары-этникалық қазақтарға кө­мек­тесуге мүдделі екендігіне өте қуанды.

Сондай-ақ, делегация дастархан, линолиум, шанақ бөлшектерін жинақтап, сәндік безендіруді өндірумен және екінші рет қайта өңдеумен айналысатын компанияның да жұмысымен танысты. Компанияны екінші буынды эмигрант, этникалық қазақ Ифран Севенчан басқарады. Өндіріс соңғы өнімдерінің өзіндік құнының төмендігі, сапасының жоғарылығы  арқасында Стамбұлдағы ұқсас өнімдер арасындағы көш­бас­шы­лар­дың бірі болып танылған.  Бүгінде компанияда 10-ға тарта адам жұмыс істейді. Ендігі жоспар Алматыда филиал ашу. Диаспора өкілдерімен іскерлік байланысты дамыту туралы жаңалықты Севенчан мырза зор қуа­ныш­­пен қарсы алды. Оның айтуынша этникалық қазақтардан шыққан көп­те­ген бизнес өкілі іскерлік байланыс орнату мен жаңа рынокты зерттеуге мүдделі.

Бұдан кейін делегация киім мен оның ерекшеліктерін, сумкалар және портфелдерді әшекейлеумен айналысатын компанияға барды. Компанияны қазақ диаспорасының мүшесі, Түркияда туған  Омер Чорухлу басқарады.  Компанияның өндірістік қуаты мол және өнімдерін АҚШ, Еуропа, Эфиопия, мен ТМД елдеріне шығарады.  Компания Қазақстан қалаларының бірінде өкілдігін ашуға қазірдің өзінде дайын. Сөйтіп, делегация сапарын Қазақстан нарығына шығуға мүдделі күртеше, тон, тұлып тігумен және сатумен айналысатын Түркияның азаматы, отандасымыз Мұстафа Акюздың кәсіпорнымен танысумен аяқтады.

Делегация өкілдері отандастарды бизнесті дамытуда және жүйелі негізде берік іскерлік байланыс орнатуда мүмкіндігінше қолдау болатынына сендірді. Басты міндеті Қазақстанмен қатар шет елде бизнес жобаларды іздеу және дамытуға көмек көрсетуге бағытталған «Атамекен» іскерлік үйін құру жобасы туралы айтты. Ұйымдастырушылардың ойластыруы бойынша дүниежүзілік Қазақ үйі құрамына кіретін жоба саясат пен коммерциядан тыс болады.

Б. БАЛЫҚБАЙ

Соңғы жаңалықтар