Атамбаев мерзімсіз митинг жариялады

Атамбаев мерзімсіз митинг жариялады

Атамбаев мерзімсіз митинг жариялады
ашық дереккөзі
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Бішкектегі "Медиа Форум" ғимаратының алдында мерзімсіз митинг жариялады. Экс-президентке тиесілі ғимаратта "Апрель" телеарнасының редакциясы орналасқан. "Бізді малға теңемес үшін, митингке шығамыз. Кеше ұстауға әрекеттенді, билік бағытын өзгертті. Бұл кешенде Атамбаевтың ғана қаруы болды. Бас прокуратура білмегенсиді немесе заңды жетік білмейді - менің үйім сот шешімі шыққанша мемлекет күзетінде, мұнда ешқандай күштің басып кіруіне құқығы жоқ", - деп мәлімдеді Атамбаев. Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков 8 тамызда Қауіпсіздік кеңесінде Атамбаев "заңды тергеу іс-шараларына қарсы қарулы қарсылық көрсетіп, Конституцияны және елдің заңдарын өрескел бұзды" деп мәлімдеді. Атамбаев резиденциясы орналасқан Кой-Таш ауылында қазір шамамен 300 адам тұр. Олар Ақ үй мен үкімет ғимаратына "Жээнбеков, кет" деген ұранмен бармақшы. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары хабарлады. 8 тамызға қараған түні Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті елдің бұрынғы президенті Алмасбек Атамбаевтың Бішкекке жақын Кой-Таш ауылындағы резиденциясына шабуылдады. Операция сәтсіз аяқталды. Мәліметтерге қарағанда, арнайы қызмет жабық бөлмелердің бірінде тығылған бұрынғы президентті ұстай алмады. Бұл уақытта Атамбаевтың жақтастары резиденция қоршауының бір тұсын құлатып, ішке енген. Олар арнайы жасақтың бірнеше мүшесін ұстап, олардың қаруларын тартып алып, соққыға жыққан. Алмазбек Атамбаев мәлімдеме жасады. Оны "Апрель" телеарнасының эфирі арқылы көрсетті. Ол ұстау әрекеті заңсыз екенін мәлімдеген. Атамбаев билікті мұндай әрекетін доғаруға шақырып, бұның арты жақсылыққа апармайтынын ескерткен. Жанжалдан, соңғы мәлімет бойынша, 52 адам зардап шекті, арнайы жасақтың бір мүшесі оқтан қаза тапты. Ауруханаларда 31 адам жатыр. Шу облыстық ішкі істер басқармасының басшысы Самат Курманкулов комаға түскен, оған екі мәрте ота жасалды. Тағы бір адам жансақтау бөлімінде жатыр. Бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев арнайы жасақ сарбазының өліміне қазіргі мемлекет басшысы Сооронбай Жээнбеков кінәлі деп есептейді. Бұл пікірін ол жақтастарымен кездесуде айтты. Атамбаевтың үйінде арнайы жасақтың алты сарбазы кепілде отыр. Атамбаев жақтастары ауылда электр қуаты мен байланысты қалпына келтіруді талап етіп, сонда ғана кепілдегілерді босататынын айтқан. Күш құрылымдары бұрынғы президенттің жақтастарымен келіссөзден соң ауылдан шығып кеткен.