Ақшадан тарықпаған ауыл шаруашылығының нәтижесі неге көрінбейді?

Ақшадан тарықпаған ауыл шаруашылығының нәтижесі неге көрінбейді?

Ақшадан тарықпаған ауыл шаруашылығының нәтижесі неге көрінбейді?
ашық дереккөзі

Ауыл шаруашылығы саласындағы субсидия 68 пайызға өсті. Қомақты қаржы бөлінген саланың жұрт таңданар нәтижесі неге көрінбейді? Мемлекеттік қолдаусыз агроөнеркәсіптің болашағы қандай болмақ? 2014 жылы ауылшаруашылығына 208 млрд. теңге жұмсалғанмен айтарлықтай өсім көрсетпегені қалай? Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттік қолдаудың жыл сайын артып келе жатқанын айтып, 2013 жылмен салыстырғанда субсидия көлемі екі есеге, яғни 148 миллиард теңгеге дейін жеткенін немесе 68 пайызға өскенін атап өтті. «2014 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2,5 трлн. теңгені құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 0,8 пайызға артық. Саланы дамытуға 208 млрд. теңге жұмсалып, бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 4 пайызға жоғарылады. Ал, 2015 жылы 227 млрд. теңге қаржы бөлініп, 2014 жылғыдан 9 пайызға артық қаржы жоспарланып отыр», – деді депутат. Алайда екі есеге артқан қаржының нәтижесі тек 0,8 пайызды ғана құрауы бұл саладағы орашолақтықты байқамай ма? Егер қаржы екі есе өссе, онда өнімділік те осыншама өсуге тиіс емес пе? Алайда осындай төмен көрсеткіштерге қарамастан, биылғы бюджеттен 20 млрд. теңге қосымша қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп кешені саласында 7 мыңнан астам заңды тұлғалар мен 200 мыңға жуық шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Яғни, 2 миллион адам осы салада жұмыс істейді деген сөз. Демек, қалыптасқан жағдай ауыл шаруашылық өнімдерінің үлесін арттыруға емес, шаруа қожалықтарының аман қалуы үшін жасалған амалсыз шара секілді. Себебі айтарлықтай өсім жоқ, Қазақстан үміт артқан кәсіпкерлер сол баяғы көлемде өнім өндіруде. Ендеше, мемлекет болашағы күмәнді, инвес­тициялық қызығушылық тудыр­майтын жобаларды қаржыландырудан бас тартатын уақыт туған жоқ па? Ең өкініштісі, бұл саладағы заң­сыздық жылдан жылға артып барады. Мұны жақында Есеп комитеті тағы да мәлімдеді. Комитет ауыл шаруа­шылығы министрлігінің бюд­жеттік бағдарламаларының жет­кі­лікті дәрежеде тиімді іске асырыл­ма­ғанын, бюджеттің сапасыз жоспарланғанын, ведомстволық бағынысты ұйымдардың қаражат пен активтерді пайдалануына тиісті бақылаудың болмағанын анықтаған. «Министрліктің стратегиялық жоспарына сай келмейтін нысаналы трансферттер жөніндегі нәтижелер туралы бірқатар келісімдерді жасау фактiлері анықталды. Жоспарлау сатысында шығыстарды асырып көрсетуге байланысты жол берілген қателіктер салдарынан, сондай-ақ тиісті негіздемелер мен есеп-қисаптар болмаса да, министрлікке 30,9 млрд. теңге бөлінген», – делінген Есеп комитеті таратқан ақпаратта. Осы мақсатқа 2013-2014 жылдары республикалық бюджеттен 82,2 млрд. теңге және жергілікті бюджеттен 154,4 млрд. теңге бөлінген екен. Ал Бас прокуратураның жүргізген тексерісінің қорытындысы бойынша 2013-2014 жылдары әкімшіліктер тарапынан субсидия беру кезінде бірқатар заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды. «Олардың ішінде, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерге қолдау көрсету ретінде бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілері; субсидияны бөлу тәртібін бұзу; мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету кезінде кәсіпкерлердің құқығын шектеу; шешім қабылдау кезінде ведомствоаралық комиссия мүшелері тарапынан заңсыз қолдау көрсету фактілері көп таралған. Заң бұзушылықтардың ең көп саны Алматы (2228), Жамбыл (662), Ақтөбе (432), Қызылорда облысында (276), Атырау (168) және Павлодар (118) облыстарында анықталған», – деп қынжылады Бас прокуратура. Заңсыз бөлінген субсидиялардың көлемі 663 млн. теңгеден астам соманы құрап, оның тек 10,8 млн. теңгесі бюджетке қайтарылған. Құқық қорғау органдарының қарауына 12 құжат бағытталған. Атап өту керек, бұндай қателіктер кезінде субсидия бөлу құзіреттілігі ауыл шаруашылығы министрлігінде болған кезде де орын алған болатын. Демек Үкімет бұл саладағы заңсыз­дық­тарды жою үшін тиісті сабақ алмаған сынды. Үкімет сыбайлас жемқорлық бел­гілерінің алдын-алу мақсатында аг­ро­өнеркәсіптік кешенде субси­дия­ларды бөлу қызметін автоматтандыру бағы­тында жұмыстар атқарғанымен ол да аяқсыз қалып отыр. 2015 жылға ақпараттық технология­лар­ды дамытуға бюджеттік қаржы­лан­дырудың қысқартылуына байланысты Инвестиция және даму министрлігі тарапынан аталған қызметті автоматтандыру мерзімі 2017 жылға шегерілді. Сондай-ақ Есеп комитетінің мәліметінше, әзірленуіне 1,5 млрд. теңге жұмсалған «Е-Agriculture» ақпа­раттық жүйесі өнеркәсіптік пайда­лануға енгізілмеген. Бұл ретте министрлік осыған ұқсас ақпараттық жүйені әзірлеуге кірісіп, оған 1,7 млрд. теңге жұмсаған. Дегенмен қаржы қысқарту ресми себеп болғанымен, оның негізгі себебі бұл жүйені іске асырудағы заңсыздықтар, қаржының талан-таражға түсуі, мемлекеттік органдардың дайын еместігі болуы мүмкін. «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің қызметіне қатысты да бірқатар кемішіліктер анықталған. Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу жөніндегі 10 жобаға 20 млрд. теңге мөлшерінде қаржы бөлініп, кредит берілгенімен, кейіннен бұл жобалар аяқталмай қалған. «Ормандарды сақтау және республика аумағының орманды жерлерiн көбейту» жобасын іске асыру барысында жалпы сомасы 245,7 млн. теңгеге техниканың, жабдықтардың, басқа да активтер мен бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуына жол берілген. Холдингтің еншілес ұйымдары тарапынан 16 млрд. теңгеден астам сомаға кредит беру шарттарын бұзу фактілері анықталды. Ал «ҚазАгроМаркетинг» АҚ қаржылық лизинг шарттарын жалпы сомасы 506,9 млн. теңгеге негізсіз субсидиялауға жол берген. Бұл қаражаттардың қайтарымы болмай отыр. Ендеше, бұндай негізсіз жобаларға қаржы беру қалай жүзеге асырылғаны көптеген сауалдар туындатады. Бақылаудың қорытындысы бо­йын­ша, Есеп комитеті жалпы сомасы 79,6 млрд. теңгеге бюджет және өзге де заңнама талаптарының бұзылғанын, сондай-ақ жалпы сомасы 43,1 млрд.теңгеге бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің тиімсіз пайдаланылғанын анықтапты: «Бақылау барысында бюджет кірісіне жалпы сомасы 23,3 млн. теңге өтеліп, бухгалтерлік есеп бойынша 60 227,1 млн. теңге қалпына келтірілді, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ берген кредиттер бойынша 2 864,2 млн.теңге мөлшеріндегі берешек өтеліп, асыл тұқымды малдарды жеткізетін шетелдік өнім берушілерден 280 мың АҚШ доллары өндіріп алынды». Қазіргі таңда көктемгі егіс жұмыс­та­рына және егін орағына дайындық шаралары үшін 97 млрд. теңге, ауыл шаруашылығы техникасының лизинг бағдарламасы бойынша 28,5 млрд. теңге бөлініп, 1610 техниканы жеткізу жоспарланып отыр екен. Айта кетейік, 2014 жылы 18,9 млн. тонна астық бастырылды. Өткен аптада ауыл шаруашылығы ми­нистрі Асылжан Мамытбеков астық экспортын субсидиялаудан бас тарту қажеттігін айтты. Себебі бюджеттен бұл бағытқа жылына 15 млрд. теңге жұмсалады екен. Бұл қаржыны фермерлерді қолдауға, техника сатып алуға, лизинг субсидиясына бөлу әлдеқайда тиімді болмақ көрінеді. Мамытбековтің айтуынша, бұған дейін мемлекеттік қолдау Ресей теміржолының қоржынын қампайтып келіпті. Мысалы, Қостанай не Астанадан Новороссийскіге астық тасымалының тарифі 100-120 доллар құрайды екен. Бұл туралы кеш ойлансақ та, Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев суб­сидияның оңды-солды шашылып жатқанын бұған дейінде атап өткен болатын. «Ал нәтижесі қандай? Алдыңғы қатарлы техологиялар ен­гізіп, сұранысқа ие ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін өндіретін тауар өндірушілер ғана субсидия ала­тын­дығын бірнеше мәрте айттым. Сондықтан тағы бір мәрте Үкіметке ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге субсидия беру тетіктерін өзгертуді тапсырамын», – деген еді. Алайда Президент айтса да, жағдай еш өзгермей отыр. Жалпы, бүгінде көптеген сарап­шылар ауыл шаруашылығы осыдан он жыл бұрын белгілеген межелерге де жете алмай отырғанын айтады. Бұған статистикалық мәліметтер де дәлел. Мысалы, 1994 жылы ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің үлесі ІЖӨ-нің 27 пайызын құраса, бүгінгі үлес 6-7%-ды құрап отыр. Жалпы, Қазақстанның ДСҰ-ға кіре алмай отырған себептерінің бірі осы ауыл шаруашылығы саласындағы түйіткілдер болып отырғаны белгілі. Бірқатар сарапшылар, субсидияның азаюы ДСҰ аясында отандық өндірушілерді шығынға ұшыратуы мүмкін деген пікір айтуда. Ең бастысы экономикалық кеңістіктің әсері мен отандық нарықтың мүмкіншіліктері зерттелмей, қауіпсіздік шаралары ескерілмей, еліміздің экономикалық ұйымдарға мүше болуы ең алдымен өзіміз үшін соққы болатынын ұмытпау керек сияқты. Бір ғажайыбы бізде мемлекеттік қолдаудың ешқайсысы соңғы нәтиженің қандай болатынын назарға алмайтын сынды. Себебі, нарық толық зерттелмей, сұраныс мөлшері мұқият анықталмай ірі жобалар бекітіліп, субсидиялар бөлінеді. Одан қалса, өндіретін өнімімізді сататын аумақты, саланы қалай дамыту қажеттілігін білмейміз. Кезінде министр Мамытбековтың өзі мойындағанындай, ауыл шаруа­шылығы өндірушілерінің консал­тингтік, маркетингтік қол­даулары жоқ. Бұл мәселелерді жоба басталмай тұрып, анықтап алу қажет. Егер шетелдің тәжірибесіне сүй­ен­­сек, әсіресе Еуропаның жа­саған алғышарттарына назар аудар­ға­нымыз жөн. Еуропаның айтулы ауыл шаруашылығы саласын қалыптастыруға 50 жыл уақыт кетті. Қазақстан да ең алдымен өз нарығын жіті зерттеп, болашағы бар деген жобаларға қаржы бөлуі тиіс. Оның өзінде өнім сапалы, қауіпсіз, бағасы қолжетімді болуы керек. Бұл бәсекеге қабілеттіліктің формуласы. Еуропаның ұстанған бағыты осындай. Осының арқасында сапа мен бағаны тең ұстауда. Ал бізде өнім не қымбат, не сапасыз болып шығады. Кейіннен өндірушілер өнімнің сұранысы жоқ деп дабыл қағады... Осыдан кейін қоғамда шалакәсіпкерлер, шалашенеуніктердің бар екенін де мойындауға тура келеді. Сөзіміздің дәлелі – жақында Парламентке ұсынылған «Кооперация туралы» Заңы. Мәжіліс депутаттары заңда ауыл шаруашылығы кооперациясының жұмыс істеу жүйесі, оның басты идеясы, мақсаттары мен міндеттері жоқ деді. «Кооперацияға қатысты Қазақстандағы нормативтік-құқықтық базаға терең сараптама жасалған жоқ, өзге елдердегі ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмыс істеу тәжірибесі ескерілмеген», – деді депутат Рауан Шаекин. Құжатта бір-біріне қарама-қайшы нормалар да бар екен. Мәселен, 3 бапта кооперативке еркін мүше болу құқығы қарастырылса, 12 бапта ревизиялық одаққа барлық кооперативтердің міндетті түрде мүше болуы көрсетілген. Бұған қоса, кооперативтердің бұрынғы колхоз-совхозға айналып кетпейтініне кепілдік жоқ, бірігудің нәтижелері, ұтатын тұстары анықталмаған. Сонымен бірге ертеңгі күні біреуі кооперативтен шыққан кезде туындаған мәселелердің қалай шешілетіні түсініксіз. Ендеше, заңның өзіне немқұрайлықпен қарайтын азаматтардың ауыл шаруашылығы саласын дамыта аламыз дегені күмәнді-ақ.

Диас БЕЙСЕНБЕК