3 Тамыз, 15:58 633 0 Руханият "Түркістан" газетінің авторлары

Қалағаңнан қалған қалжыңдар

«Шәпкің» салақұлаш, фактің жоқ

«Түркістан» газетінің кезекті нөмірі жарыққа шыққаннан кейін көңілі қоңылтақсыған Қалағаң ұжымды ұйпа-тұйпа етіп ұрысса керек. Ойда жоқ цифр, дәлелдерді келтіріп.

— Ол мәнісі былай ғой, Қалаға, сіз айтқан фактілер қолымызға түспеді емес пе?— деп ақталыпты айыпты журналист айтарға басқа сөз таппай.

— Бәсе, мақаланың төбесінде салақұлаш «шәпкі» бар, ішінде құртақандай факті жоқ. Дегенмен, жауапсыздық журналистке жараспайды,— деген екен қайран Қалағаң.

 

Сәл қуғанға осыншалық қаша ма?..

Қазақстанның әдебиеті мен өнері қай­раткерлері делегациясының құрамында Қалағаң да Якут-Саха еліне барады бір­де.

Ұшы-қиыры жоқ кеңістік, жеткізбейтін шақырымдар, таусылмайтын тундра... Құрметті қазақ бауырлар, біз тым жырақта жатырмыз ғой. Жолдан шаршаған боларсыздар? — деп жанашырлық танытыпты қарсы алушылардың бірі. – Ай, туысқан-ай, шын шығандап кеткен екенсіңдер, енді шалдың хәлін сұрап қайтесің? Тозған беттер анау, ойылған к... мы­нау,— деп әзілдейді алдымен қалжыңы жүретін Қалағаң.

– Оған қазақтар кінәлі екен ғой,— деп сөзбен тістеп апты саханың сөзшеңі. — Баяғыда аталарымызды қорқытып қумасаңыздар қатарларыңызда біз де сайран сап жүрер едік.

— Өй, жолбарысым, сәл қуғанға осылай ұзап қаша бере ме?— деп күлсе керек Қалағаң.

 

Бір килә алмаға екі килә ақша

Бірде Қалағаң базардың бағасын кө­ріп қайтуға бет алған көрінеді. Ал редакцияның қызметкерлері бас редактордың көкбазардан кемі айта жүрер бір әңгіме әкелерін де жақсы біледі. Қайта оралғанында қарсы жолыққан журналистер:

–Қалаға, көкбазардан не көрдіңіз? — деп сұрайды табан астында бастықты тосылдырмақ болып.

– І-і, базарыңнан бір килә алмаға екі  килә ақша сұраған кемпірлерді көрдім,— деген екен сөз тапқыр Қалағаң.

 

Тайғанақ мұзға міндім де

Мінезі алақұйындау бір жігіт кездейсоқта Қалағаңа жолығып қап, далада тұрған күйі орындалмайтын ойлары мен шешімі қиын мәселелер жайында ұзақ айтып, зеріктірсе керек.

— Жолбарысым, осы тұйықтан шығар жолды енді өзің бір сілтеші,— дейді әрқашан сыпайы    Қалағаң   әлгінің уысынан кәстөмінің етегін әрең босатып. — Әйтпесе, ақсақ шалдың сөзіңнен ұққаны ақырзаманның кеп қалғаны.

– Төу, сіздер ылғи скептиксіздер, — дей­ді алақұйын жігіт әлі де өз ағаттығын аңғармай.

— Көлпал меценат тапсам шешілмейтін не шаруа бар дейсіз?

– Әні, тәкаппар меценатқа қол жаю — тайғанақ мұзға міну ғой, — деп күледі Қал­ағаң.

— Ал мұз ерісе, көтеншекке қиын болады да.

 

«Медосмотрмен» қабылданған қыздар

Наурыз тойына жайылған дастарханға Шерағаң (Шерхан Мұртаза) сыйлы қо­нақ еді. Бір сөздің кезегінде Шерағаң:

– Қалеке, «Түркістанның» қыз-келіндер­ін ылғи таңдап алғансыз ба? — деп әзіл тастады.

— Бәрі де бірінен бірі асқан сұлу екен.

– Енді ше, Шәке? — деп мырс етті Қалағаң.

— Бұлардың бәрі «медосмотрдан» өткен екен.  Байғұс «медосмотрсыз» үйленген біздің кемпір ғой можантомпай. Сондықтан ауыра береді.

Жүзін терезеге аударған Қалағаңның көздерінде сәл мұң бар сияқты еді сонда...

 

«Эротоман деп есептеп жүрер... »

Қазақтың бір қора ақын-жазушыларымен бірге Қалағаң ел аралай шықса керек. Таусылмайтын отырыстан, сөзі пәтуасыз нақұрыстардан жалыққан Қалағаң ығыты келгенде ел жігіттеріне бір қармақ таптырып, сол маңдағы өзенді жағалап кетіпті. Біршамадан кейін ескі дос Әбекең (Әбдіжәміл Нұрпейісов) соңынан қуа келген көрінеді.

– Ұстаған бір шабағың көрінбейді, Қалеке. Бос әуре ғой   сенікі,   —   деп   қалжыңдапты Әбекең келе сала.

— Бәсе, теңіздегі біз емес, құм баласы балық жайын қайдан білсін деп едім-ау. Сонда не істеп отырсың?!

– Не істейін?.. — деп аң-таң бопты  Қалағаң әдейі білмегенсіп. — Әшейін, суға жауынқұртын шомылдырып отырмын.

– Әй,  әуелі қармаққа қалай құрт ілуді білмей­тін шығарсың. Кәне, судан шығарып көрсетші өзін.

– Қой, ойбай, көрсетуге болмайды,— депті әртіс Қалағаңның көздеріне өтірік қорқыныш   ұялап.   Менің жауынқұртым  тұттай  жалаңаш! Мұны білсе, милиция бізді эротоман деп абақтыға жабады.

Дайындаған

Жаңабек Шағатай

«Түркістан» №19

9 мамыр, 2002 жыл.

Соңғы жаңалықтар