Nur Otan: апталық шолу

Nur Otan: апталық шолу

Nur Otan: апталық шолу
ашық дереккөзі
«Абай – қазақ руханиятының айнасы» Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ақын шығармаларынан үзінді оқу челленджі жалпыхалықтық сипат алды. «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірін­ші орынбасары Бауыржан Байбек данышпан шығармаларынан үзінді оқу эстафетасын жалғастырды. Ол эстафетаны әнші Мөлдір Әуелбековадан қабылдап алып, көрнекті жазушы Смағұл Елубайға, Парламент Мәжі­лісіндегі «Nur Otan» Фракциясының төрайымы Гүлмира Исимбаеваға және «Jas Otan» жастар қанатының белсендісі Айсұлу Ерниязоваға жолдады. «Абай – қазақ руханиятының айнасы, кемел дүниетанымының көрінісі. Абай мұрасы – ақылдың кені, сарқылмас рухани қазына. Ұлы ойшылдың қай туындысын алсаңыз да, салиқалы ой, салмақты тұжырымға тұнып тұр», – деді Бауыржан Байбек. Үйлер жәрмеңкесі өтті Қарағандыда «7-20-25» бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлер жәрмеңкесі өтті. 13 құрылыс компаниясы мен «Баспана»  ипотекалық ұйымының 8 серіктес банкі тұрғындарға ипотекалық несие  алу жолдарын түсіндірді. «7-20-25» бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлер жәрмеңкесі  баспанаға мұқтаж жандар үшін ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде 13 құрылыс  компаниясы мен 8 банк өкілдері тұрғындарға ипотекалық несие алу  жолдарын түсін­дірді. «Баспана» ипотекалық ұйымының мәліметінше,  аталған бағдарлама арқылы жаңа пәтерлерге 7 пайызбен 20 жылға, ал екінші  нарықтағы баспанаға 7,75 пайызбен 15 жылға несие беріледі. Тіпті,  жалақысы төмен азаматтардың өзі ипотека рәсімдей алады. Сондай қарағандылық тұрғындардың бірі – Жұлдызай Қарабекова. 3  жылдан бері пәтер іздеп жүрген жас отбасы баспана жалдап тұрады. Үйге  жинаған азын-аулақ ақшасымен жәрмеңкеге келген. «Табысымыздың басым бөлігі үй жалдауға кететіндіктен, баспанаға мардымды қаржы жинау қиын. Сондықтан біз өз жағдайымызға қарай екі бөлмелі үй қарастырып жатырмыз», – дейді Жұлдызай Қарабекова. Ал «Eurazia Building» ЖШС Қарағанды көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің директоры Дархан Сәдуақас мұнда барлық әлеуметтік топтарға ыңғайлы пәтерлер салынатынына сендірді. Оның айтуынша, бизнес санаттағы және қолжетімді бағадағы пәтерлер бар. Жаңа пәтерлерді құрылыс компанияларынан тікелей алуға да болады. Олар үйлерді салуды бастасымен саты­лымға шығарады. Бөліп төлеу мүмкіндігі де қарастырылған. Ал мұндай қолжетімді баспананың сапасын  «Nur Otan» партиясының арнайы ко­миссиясы қадағалайды. Осы орайда, «Nur  Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары  Қадиша Оспанова арнайы комиссия «7-20-25» бағдарламасының жү­зеге асуын ғана емес, үйлердің сапа­сын да жіті қадағалайтынын жеткізді. «Құрылысқа қандай материалдар қолданылды, қалай салып жатыр, инфрақұрылымы бар ма деген сияқты талаптар бойынша тексеріп, қажет жағдайда өзгерістер мен ұсыныстарымызды айтамыз. Мәселен, біз осы салынған үйлердің бірінші қабатында егде жастағы адамдардың көңіл көтеру орталығы мен балабақша орналасса деген ұсыныс жасап отырмыз», – дейді «Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қадиша Оспанова. Бүгінде Қарағанды қаласының болашақ орталығы оңтүстік шығыста тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Осы жәрмеңкеде ипотекамен баспана алғысы келген 450 адам 4 жарым млрд теңгеге тапсырыс берген. «Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қадиша Оспанова мұндай жәрмеңкелер ұдайы өтіп тұратынын жеткізді.   Алматылықтар ақыл-кеңес алды Алматы қаласының тұрғындары  жылжымалы «Халыққа көмек» мобильді акциясының аясында өздерін толғандырып жүрген түрлі әлеуметтік мәселелерге қатысты сауалдарына жауап алды. Акцияны «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы мен мемлекеттік және құқық қорғау органдары бірлесіп ұйымдастырды. Алғашқы кеңес беру тобы қаладағы базарлардың бірінің аумағында қала тұрғындарына қабылдау ұйымдастырды. «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, қалалық мәслихат депутаты Станислав Канкуровтың айтуынша, бұл көшпелі іс-шараны тұрақты түрде өткізу барысында азаматтарды толғандыратын өзекті мә­селелер анықталып, әлеуметтік кикілжің тудыратын ошақтардың пайда болу себептерін алдын алу қарастырылады. «Акция кезінде мобильді топқа өтінішпен келген барлық азаматтарға құқықтық кеңестер беріліп, олардың көтерген мәселелері орталық немесе жергілікті мемлекеттік органдардың қарауына нақты шешім қабылдау үшін жолданады», – деді Станислав Канкуров. Акцияға қатысқан қалалық мәслихат депутаттары Қали Сәрсенбай, Нурия Ниязова, Алатау ауданы әкімі­нің орынбасары Жеңіс Садырханов, «Атамекен» Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айтуар Қошмамбетов, «Nur Otan» партиясы АҚФ жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы Қоғамдық кеңес төрағасы Борис Жапаров, қалалық кәсіпкерлік және инвести­ция басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаппарова және басқа да мемлекеттік, құқықтық органдардың жетекшілері   азаматтардың әртүрлі сұрақтарына жауап беріп, құқтық кеңестер берді. Акция жалғасын табатын болады.   Халыққа қажет орталық «Халыққа көмек» партиялық жобасын жүзеге асыру аясында «Nur Otan» партиясының Қостанай облысына қарасты Денисов аудандық филиалының қоғамдық қабылдауы жанынан «Заңгерлік кеңес беру орталығы» ашылды. Облыста тұңғыш рет ашылған орталық азаматтарға өздерін толғандырған заңгерлік, құқықтық мәселелер бойынша көмек береді. Денисов аудандық сотының төрағасы Нұрбол Мұқанов: «Орталықтың мақсаты – жергілікті тұрғындарды  заңдардағы енгізіліп жатқан өзгерістерден хабардар ету, дауларды сотқа дейін шешу, медиацияның артықшылықтарын түсіндіру болып табылады. Сондай-ақ азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсету де көзделіп отыр», – дейді. Жоба жетекшілері орталық азаматтардың құқықтық мәселелерін шешуде ыңғайлы әрі тиімді құрал болатынына сенімді. Бұл бастама халықтың уақытын үнемдейді. Арнайы жобаға мұрындық болған «Nur Otan» партиясы Денисов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айгүл Бектемесованың сөзінше, бұған дейін жергілікті тұрғындар құзырлы орган, сот өкілдеріне қабылдауға жазылуы үшін кезек күту керек еді. «Жобаны «Nur Otan» партиясының Саяси менеджмент академиясында оқып жүргенде қолға алған едім. Кейін сәтті қорғап шығып, облыстық сот төрағасына көрсеткен соң, бастамам қолдау тапты. Денисов ауданының сот төрағасы да игі бастамаға қолғабыс танытты», – дейді Айгүл Бектемесова. Ауданға қарасты шалғайдағы елді мекендердің тұрғындары да уақытын үнемдеп скайп, бейнебайланыс арқылы құқық қорғау органдарының мамандарына өз сауалын тікелей жолдауға мүмкіндік алды. Орталықтың ашылатынын естіген халық қабылдауға жазылып, судья мен прокуратура мамандарына мәселелерін айтып, тұщымды жауап алды. Мәселен, Денисов ауданының тұрғыны Батырбек Калимов осыдан екі ғасыр бұрын тұрғызылған бөгет мәселесін көтерді. Оның сөзінше, бүгінде бұл нысан қолданылмайды. Төмен тұсы тіпті  жарылып, жөндеуді қажет етеді. Бұл әсіресе, көктемде жергілікті тұрғындар үшін қауіп төндіреді. Қария көтерген мәселені нұротандықтар қолдап, тиісті хатты билік өкілдеріне жолдаған. Енді бұл мәселе шешімін табады деп күтілуде. Айта кету керек, бұл Қостанай облысы бойынша ашылған әзірге тұңғыш орталық. Жоба жетекшілері алдағы уақытта бұл бастаманы өзге өңірлер де іске асыратынына сенімді. Елімізде қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты жедел әрекет ету мақсатында  жалпыұлттық «Халыққа көмек» жобасы жүзеге асуда. Жаңа бастаманы «Nur Otan» партиясы мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және бизнес қауымдастықпен бірлесіп іске асыруда. Марат Сембеков – партия хатшысы Марат Сембеков «Nur Otan» партиясының хатшысы болып тағайындалды. Ал бұған дейін осы қызметті атқарған Фархад Қуанғанов басқа жұмысқа ауысуына байланысты «Nur Otan» партиясының хатшысы қызметінен босатылды. «Елбасы, партия Лидері Н.Ә. На­­зар­баевтың «Nur Otan»-ды «қайта жандандыруға» қатысты тапсырмасына сәйкес, М.Сембеков партия хатшысы болып тағайындалды. Ол Үкіметпен, «Nur Otan»-ның Мәжілістегі фракциясымен қарым-қатынасқа жауап беріп, партиялық бақылау қызметінің жұмысын үйлестіреді», – деп жазды Twitter-де партия Төрағасының Бірін­ші орынбасары Бауыржан Байбек. Айта кетейік,  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бауыржан Байбекті қабылдап,  партияны  қайта  жандандыру бағдарламасын  әзір­леуді тапсырған болатын. Марат Сембеков 1979 жылы туған. Е.Бө­кетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 2001 жылы ҚР Әділет министрлігінде бастаған. Әр жылдары Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде, Премьер-Министрдің Кеңсесінде, республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінде жұмыс істеген. 2010-2015 жылдар аралығында ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімі басшысының орынбасары болған. 2015 жылдан 2019 жылға дейін Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарған. 2019 жылдың ақпанынан шілде айына дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары болды.   Жастарды қабылдау басталды Бүгіннен бастап «Жастар кадрлық резерв» жобасына өтініш қабылдау басталды. Бұл туралы «Болашақ» қауымдастығы  хабарлайды. Жобаның мақсаты – жастар арасында мемлекеттік басқару жүйесі, бизнес және қоғамдық қызмет саласы үшін заманауи, тиімді басқарушылардың жаңа генерациясын қалыптастыру. Жоба қорытындысы бойынша еліміздің әр аймағынан 3 адамнан 51 жас іріктеледі. Олардың 34-і Парламентте, 17-сі орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда тағылымдамадан өтеді. «Биыл жоба 10-шы рет өткізіледі. 10 жылдың  ішінде 15 мыңнан астам жас жобаға қатысты. Оның ішінде 468 жоба  қатысушысы мәжілісте, сенатта, мемлекеттік органдарда өз практикасынан өтті», – дейді «Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова. Конкурсқа қатысушыларды іріктеуді облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, БАҚ және бизнес саласы өкілдері кіретін арнайы комиссиялар жүзеге асырады. Жобаға 18 бен  29 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Өтінімдер онлайн түрде jastar- reserv.kz сайты арқылы 5 қыркүйеке дейін қабылданады. «Ешқандай аға-көкесі жоқ, өз күшімен ары қарай өскісі келетін, біліміне сенетін жастардың дамуына жағдай жасау. Әлеуметтік лифт ретінде, әлеуметтік тепшек ретінде жастардың жаңа орындарда өзін байқап, сынап көруіне, өзінің білімінің жетуіне шығармашылық және тұлғалық дамуына әсер ететін біздің жобалардың бірі», – дейді «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек.   Бірлікте жол жөнделді Көкшетау қаласының іргесінде жатқан «Бірлік» мөлтек ауданының құрылғанына биыл отыз жылға жуықтаған. Осы аралықта облыс орталығының іргесіндегі ауылда тұрғын үйлер саны артып, жыл сайын көркейе түскені де жасырын емес. Орта білім беретін мектеп пен балабақша ғимараты бой көтеріп, көшелер абаттандырыла бастады. Алайда, біздің басты мәселеміз жолдың жоқтығы дейді тұрғындар. «Көшемізде жауын-шашын кезінде жүру мүмкін емес. Автокөліктердің доңғалағы шыдас бермейтін болды», – дейді ауыл тұрғыны Маргарита Ивановна. Ауыл азаматтары жергілікті атқарушы билік өкілдеріне арыз шағымдарын апарса да бұған дейін мәселе оң шешімін таппаған. Жол азабынан бөлек, ауыл тұрғындары автобус қатынасы мен қаңғыбас иттердің мәселесін де бірнеше рет көтеріп жүр. Амалы таусылған тұрғындар осыдан біршама уақыт бұрын «Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына, «Бірлік» мөлтек ауданы бойынша облыстық мәслихат депутаты Ғалым Бекмағамбетовтің қабылдауында болып, бар мәселені бастан аяқ жеткізген еді. Мәселе оң шешімін тауып, биылғы жазда ауылдың 3 көшесіндегі жолға күрделі жөндеу жүргізілді. «Мен көктем мен күз болса резеңке етік киіп жұмысқа барамын. Біздің көшенің тұрғындары 10 мың теңгеден қосылып көшемізді жөндеткен болып едік, алайда бұл проблеманы шешпейді ғой. Нұротандықтар біздің мәселемізді шешіп бергендігіне қуаныштымыз», – дейді Белес көшесінің тұрғындары. Биылғы жазда Бірлік ауылының Белес, Ақбұлақ және Жазира көшелеріндегі жолға күрделі жөндеу жүргізіліп, Ақбұлақ және Белес көшелерінің 900 метр жолына асфальт төселсе, Жазира көшесінің бойына ағымдағы жөндеу жұмыстар жүргізілді.  Бұл жұмыс одан әрі жалғасын таппақ.