«Жусан» операциясы сияқты жоба әлемде жоққа тән

«Жусан» операциясы сияқты жоба әлемде жоққа тән

«Жусан» операциясы сияқты жоба әлемде жоққа тән
ашық дереккөзі
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамасымен қолға алынған, Сирия еліндегі қақ­тығыс ошағынан қандастарымызды елге әкелуге бағыт­тал­ған «Жусан» операциясы сәтімен жалғасуда. Бұл Елбасымыздың әлемдік саяси сахнадағы биік беделі мен мемлекетіміздің келісімшіл ниеті, тұрақтылық қағидаты арқасында іске асырылды. Ұлт тағдырына, ел ертеңіне бағыт­талған осы шара жайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, найб-мүфти, белгілі дінтанушы Алау Әділбаевпен тілдескен едік. Әңгіме­міз­дің ауаны былай өрбіді... – Қазақстан тарапы Сирия еліндегі соғысты доғару және ол мемлекетте татулық пен келісім орнату барысына айрықша атса­лысқаны есімізде. Бұл сөзімнің бірден-бір айғағы ретінде Си­рия­­дағы жағдайға орай соң­ғы екі жыл бойы өткізілген Астана процесінің 11 раундын атап айту керек. Бұл келіссөздер Си­рия­дағы көп аймақта тыныш­тық орнатуға, қантөгістің тоқ­тауы­на ықпал еткені рас. Әң­гіме­мізді осы оқиғалардың жал­ғасы іспеттес «Жусан» опера­ция­сының алғашқысынан баста­сақ...  width= – Дұрыс айтасың. Алайда, сөз ба­сында халықаралық терроризм дертімен күрес ісі еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аясындағы абыроймен тәмамдалған қызметімізде де айрықша орын алғанын да айтуға тиіспіз. Ал операцияға келсек, бұл толық гуманитарлық сарынмен ұйым­дастырылған шара болды. Мұ­ның сәтімен өтуіне еліміздің бірқа­тар құзырлы мекемелері, өзге де шет ел­дер және әлемдік деңгейдегі ұйым­дар атсалысқанын да білге­ні­міз жөн. «Жусан» операциясы бірнеше айға созылды. Оны жүргізуде арна­йы мамандар көптеген қиын­дық­тарды бастарынан өткерді. Осы ретте «Елге оралған діндарлардан айналасына қауіп-қатер жоқ па?» деген сұрақтың туатыны да анық. Иә, алғашқы «Жусан» операциясы аясында елге 6 ер кісі, 11 әйел және 30 бала қай­тарылды. Бүгінде олардың ішінде 6 ер адам мен 1 әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұ­мыс­тары басталып кеткен. Сонымен қатар ел­ге жеткізілген өзге азаматтар экс­тре­мис­тік іс-қимылдар тұрғысынан жан-жақ­ты тексерілу үстінде. Егер мұндай оқи­ға­лар дәлелденетін болса, әлбетте, қыл­мыс­тық жауапкершілік шараларына тартыла­ды. Сөз орайында айта кетейін, осы уа­қыт­қа дейін басқа елдегі діни соғыс оша­ғынан келген адамдардың 40 пайызға жуы­ғының ғана кінәлі екендіктері анық­талып, жазаға тартылған. Десе де, осы жолғы мақсат та, мүдде де өзгеше. Себебі, бізді алаңдатқаны – балалар еді. Олар­ды атажұрттарына толық жеткіздік. – Жер бетіндегі экстремистік жи­һад­шыл ұйымдарды Ирак пен Си­рия­ға ша­қырып, халифат құруға ниет­тен­­ген «Ислам мемлекеті» атты тер­рорлық ағым жеңіліс тапты. Біріккен коалиция күштері мен Ирак пен Сирияның армиялары олар­ды басып алғанын жаһанға жария етті. Десе де, мұнымен соғыс біте қойған жоқ. Әлі де түйіні тарқатылмаған ға­лам­дық проблемалар жетерлік. Сондықтан да ке­ше ғана халықтың көпшілік даусымен жеңіске жеткен Президент Қа­сым-Жо­март Тоқаевтың нұсқауымен Ел­басының «Жу­сан» операциясы жал­ға­сын тапты. 7-9 мамыр аралығында тағы да бір топ қандасымыз қақтығыс аймағынан елге қайтарылды. Осы оқиға жөнінде не айтасыз? Екінші операцияның ел мүддесі үшін қандай маңызы бар? – Сирия топырағынан бұл операция ба­рысында 230-дан аса қазақстандық азамат, оның ішінде 156 бала Отанына жеткізілді. Соңғысының 18-і жетім жеткіншек екен. Сонымен қатар 59 әйел бар. Бұл егемен әрі жас мемлекет үшін халық­аралық  қауымдастық алдындағы сал­мақ­ты іс болды. Осылайша еліміз өз адам­дарының тағдырына немкетті қара­майтындығын тағы бір дәлелдеді. Біз әлем елдеріне татулығымыз пен бірлігіміз ар­қылы танылғанбыз. Ал, Еуропа мен әлемнің кей елдері Сирияға аттанған азаматтарын қайтару немесе бас тарту туралы нақты шаралар қабылдаған жоқ әлі. Сон­дықтан «Жусан» операциясы Қазақ­стан­ның жауапкершілігі мен беделін тереңдете түсті. Осы орайда, мұндағы бас­ты мүдде дін де, лаңкестік те емес, адамдарымыздың тағдыры мен амандығы екенін айту керек. Тағы бір нәрсеге баса назар аударған жөн: біз «Жусан» арқылы өз қандас­та­ры­мызға жаңа өмірді басынан бастауға мүм­кіндік бердік. Халықаралық радикализацияны зерттеу орталығының былтырғы мәліметінше, содырлардың қатарын әлем елдерінен 41 490 адам толықтырған. Мұның 13 пайызын әйелдер құраса, 4600-дейі жеткіншектер мен жас қыздар. Ал мұның көбісі Еуропа мемлекеттерінен. Міне, Еуропа елдерінің билігі осы азаматтарынан бас тартуда. – Көзқарастары бүлініп, саналары уланған сол азаматтардың ендігі тағ­ды­ры қалай болады екен? Олар зайыр­лы қоғамның мүшесі ретінде өмір сүре ала ма? – Әрине, олардың қоғамның толық­қан­ды азаматы болуына барынша мүм­кіндік беріледі. Айталық, арнайы оңалту орталықтарында кәсіби психологтар мен теологтар тарапынан қалыптасу үшін жәрдем беріледі. Бізде деструктизм мен радикализмнің құрылымдарын танитын, жат ағымдықтармен жұмыс істей алатын, ислам ақидасын дәстүрлі арнаға тарта алатын кадрлар баршылық. Тек бұл шараларды жүргізуге уақыт керек. Ал райынан қайтпайтын немесе қыл­мысы бар азаматтарды еліміздің құқық қор­ғау органдары нақты факторлар бойынша назарларына алып, тиісті шаралар қолданылады. Қандай адамның болса да адамзат алдында жасаған кінәсі жауапсыз қалмауы тиіс деп білемін. «Жусан-2» операциясымен елге кел­ген­дер туралы айтсақ, олар бүгінде Ақтау қаласындағы оңалту орталығына орна­лас­тырылған. Қандастарымызбен сауатты, білікті мамандар мен теологтар үзіліс­сіз жұмыс жүргізеді. Жат пиғылды ұйым­дар­дың жетегінде кеткендерге, санасы уланып, алданып қалғандарға бірінші пси­хологтың көмегі керек. Қазірдің өзін­де бұл бағыттағы шаралардың оң нәтиже беріп жатқандығын білгеніміз жөн. Биыл­ғы қаңтарда елімізге қайтарылған әйел­дер­дің дені радикалды көзқарастарынан айығып, азапты өмірлерінен бас тартты. Тіпті жұмысқа орналасып, туыстарының ортасына қосылды. Балалары мектеп табалдырығын аттап, балабақшаға барып жүр. – «Жусанның» алғашқы екі операциясы туралы жан-жақты әңгіме­ле­ген сияқтымыз. Енді 28-31 мамыр күндері орындалған «Жусан-3» туралы білсек. Осы операциямен Сирия­дағы қандастарымызды елге қайтару шаралары аяқталған болар? – Иә, жат топырақтағы қақтығыс айма­ғында ешқандай қазақстандық қал­ған жоқ. Соңғы шара барысында 67 әйел, 171 бала Отанына қайтарылды. Өкінішке қарай, ол балалардың 9-ы жетім қалыпты. Яғни, әке-шешелері соғыс даласында опат болған. «Жусан-3» Сирия жеріндегі Қазақ­стан азаматтарын елімізге әкелу бойынша жүргізілген кешенді гуманитарлық опе­ра­цияның қорытындысы болды. «Жусан» шеңберінде туған жеріне жалпы саны 516 адам жеткізілді. Оның 357-сі – балалар мен жасөспірімдер. Былтырғы шілдеде ақпарат құрал­да­рында жарияланған деректерге сүйенсек, Си­рия мен Ирак елдерінде қақтығыс орын алғалы 800-ге тарта отандасымыз Таяу Шығысты бетке алған. Сол кезде құзырлы органдар сол екі мемлекеттегі халықаралық терроризм ұйымдарында Қазақстаннан барған 120 ер адам, 250-ден аса әйел және 500 шақты бала бар екенін мәлімдегені есімізде. – Жер бетіндегі бізден басқа мем­лекеттердің тәжірибесінде «Жусан» сияқты кешенді шаралар жүзеге асырыла ма? – Әрине, кейбір елдердегі азаматтары­на жанашырлық жұмыстарды жоққа шы­ғаруға болмайды. Десе де, тура «Жусан» жобасы сынды елінің азаматтарын жан­ашыр­лықпен Отанына жеткізетін операция жоққа тән. ДАИШ ағымы Сирия аума­ғын­дағы қақтығыстардан ығысқанымен, күйрей жеңілгенімен, ондағы төтенше оқиғалар мен мемлекеттің ресми билігіне қарсы геосаяси шаралар ахуалдың әлі де күрделі екендігін аңғартады. Ал осындай сәтте Сирияның жетекші тобы мен Ресей Федерациясы тарапынан көрсетілген қолдау жұмыстары біздің операциямыз­ды сәтті жүзеге асыруға ықпал етті. Өзге мемлекеттердің тұрғындары босқын мәртебесімен әлемдік ұйымдардың көмегі аясында Еуропа, Түркия террито­рия­ла­рындағы босқындарды қабылдайтын орталықтарға жеткізілгенімен, көп адам де­милитаризацияланған аймақтарда қа­лып қойған. Ал мемлекетіміз терроризм мен экстремизм оқиғаларымен күрес жүргізуден, сонымен қатар қиын жағдайға тап болған азаматтарға жәрдем беруден бас тартпайды. Демек, гуманитарлық акция аясын­дағы жалғаса беретін болады. Біз өз аза­мат­тарымыздың тағдырына ешқашан бейжай қарамаймыз. – Әңгімеміз тұшымды болсын, жат ағымдардың жетегіне еріп, отбасын ойрандаған азаматтар туралы нақты мысалдарды айтып бере аласыз ба? Әлде, мұндай фактілер құпия сақтала ма? – Жоқ, құпиялайтын түгі де жоқ. Қай­та өзгелерге үлгі болсын деген ниетпен бір-екеуін әңгімелеп берейін. Өйткені, мұны осындай оқиғалардың кейіп­кер­лерінің өздері де өзгеге сабақ болсын деп бастарынан өткерген қайғы-қасіреттерін жиі айтып жатады. Мәселен, Қарағанды облысына қарасты Сәтбаев қаласы тұры­ғынының ұлы осыдан екі жарым жыл бұрын Сирия топырағында опат болған. Бүгінде Шам аймағында келіні мен үш немересі тұрып жатқан көрінеді. Қанша дегенмен, бұл әйелдің өзі секілді аналармен байланысы бар ғой. Елімізде 120 шақты ақ жаулықты ана өздерінің соғыс аймағындағы балаларының жолын тосып отыр екен. Онға жуық ананың ұлдары бүгінде Сирия аймағынан оралыпты. «Менің келінім мен немерелерім әлі де сол жақта. Көптеген қандастарымыз қазір қоршауда қалып қойған сыңайлы. Біз олардың сол қоршаудан аман шық­қа­нын естігенімізбен, жетуі тиіс орынға жеткен-жетпегенін білмей отырмыз. Себебі, қақтығыс аймағының барлық жерінде жарылғыш заттар қойылыпты», – деп көз жасын көлдетеді әлгі ана. Алматыда сауда жасаймын деп жолға шығып, Си­рия­­дан бір-ақ шыққан баласының діни сауаттылығы шамалы болғанын да айтады ол әйел. Сондықтан да ұлы жалған «шейх­тардың» арбауына түсіп қалып отыр. Бұл оқиғадан әрбір отбасының бала тәрбиесіне мұқият болу керектігін кө­реміз. Әр ата-ана ұл-қыздарының тәлімін жі­ті қадағалап, дәстүрлі тағылымын беріп отырса, барынша көңіл бөліп, тәртібін қа­д­ағаласа, жоғарыдағыдай қайғылы оқиғалар болмас еді. Ұлымен көзі тірісінде әлеуметтік желі арқылы сөйлескен әйелдің:» Балам менен қайта-қайта кеші­рім сұрады. Соған қарағанда өзі де ахуал­дың былай ушығатынын білмесе керек. Ұлым есіме түскен сайын көзіме жас, көңі­ліме мұң ұялайды. Туғандарының жо­лын тосып отырғандармен бірге мен де баламды күтер едім... Бірақ ол жоқ қой. Ең болмаса, келінім мен немерелерім келсе екен», – деп жылайды қамкөңіл ана. Ал алғашқы «Жусан» операциясымен елге келген әйелдердің бірі өзіміздегі бейбітшілік пен берекелі тіршіліктің қадірін кезінде бағаламағандығын, ел билігінің өзге мемлекеттегі қақтығыс аумағында жүрген азаматтарды құтқарғанына ри­за­лығын жеткізді. Біз бір дүниені анық білуіміз керек, жаңағы айтылған аймақтарда мұсыл­ман­дар мен мұсылмандар бір-біріне қарсы оқ жаудыруда. Демек, әрқилы ұйымдар өзара со­ғысуда. Онда бір із салған соң, қайтадан кері жол табу еш мүмкін емес. Себебі, мұндай пиғыл байқалса болды, дар ағашы күтіп тұр деп біліңіз. Қазақстан азамат­тарының қайтпақ болғаны үшін өлім құшқаны жайлы деректер баршылық. Осы орайда, соңғы екі жыл шамасында еліміздің шекарасынан Сирияға бет алған бірде-бір азамат туралы дерек жоқ. Яғни, халықтың діни сауаты артып келеді деп ойлаймын. Құзырлы мекемелердің тынымсыз еңбектерінің, сауықтыру шараларының арқасында жат пиғылды ағымдардың арбауына түсушілердің саны айтарлықтай кеміді деп білемін. – Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан  Асхат РАЙҚҰЛ