18 Шілде, 13:03 809 0 Әдебиет Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

«Қазағым, қайталанбайтын ғажабым»

Жазушы-драматург Әділбек Тауасаров жайлы сыр-сұхбат

Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің, әсіресе, қазақ драматургиясының тарихында өшпес із қалдырған сол бір азаматты сағына еске алатындар баршылық. Талантты, дарындылығымен қоса жаратылысынан ақжарылқап көңіл-күйдің адамы мына жарық дүниеден елуден енді ғана асқан шағында мәңгілікке кете барды. Содан бері де талай жылдардың жүзі болыпты. Жақсы араластығымыз болмаса да арагідік қаланың оңтүстік бөлігіне қарай ағылып жататын автобустарда жиі көріп, бас изесіп қана амандасатынбыз. Ол да мейірімді бір жылы жүзбен жарқылдап қалатын-ды.

 Мың тоғыз жүз алпыс сегізінші жылғы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің түлектері – көрнекті сын­шы, мемлекет қайраткері Сағат Әшімбаев, Сайлаубек Жұмабеков, жазушы Смағұл Елубаев, ақын әрі аудармашы Бек­ділдә Алдамжаров, жазушы Алдан Смайыл, Әшірбек Көпішев, әдебиет зерт­теушісі Алма Қыраубаева, белгілі ақын әрі драматург Нұрлан аға Оразалиндер сынды қазақтың зиялы тобының ішінде ол кісінің де аты-жөні ерекше аталар еді...

Бүгінде жемқорлықпен жаппай күрес жүріп жатқан кезде, жең ұшынан жал­ғасып, тамыр-таныстықтың өршіп тұрған кезінде бір ғана «Махаббат ара­лы­мен-ақ» сол заманның зарын қағазға түсі­ріп қана қоймай, көпшілік көңілінен шы­ғатын сахналық дүние қалдырған дра­ма­тургтің ғұмыр жасы қысқа бол­ғанымен, өміршең шығармашылығы ескіре қойған жоқ. «Махаббат аралы» деген атауға қарап, кө­рер­мен жастық шақтың желігі, албырт сезімі жайлы спектакль деп ойлап қалуы мүм­кін. Жо-жоқ, бұл психологиялық драма. Спектакльде үш-ақ актер ойнайды, үшеуі де бас кейіпкер. Орманшы, атақты дәрі­гер-де­пу­тат және оның жас тоқалы. Оқиға олардың ор­манға саяхаттап келуінен басталады. Таудан аққан мөлдір бұлақ, салқын таза ауа, көркем табиғат. Алайда омыртқасы ауырған дәрігер жүре алмай қалады. Орман ішінде жалғыздан жалғыз қалған жұ­бай­ларға орманшы көмекке келеді. Әрине, тегін емес. Ақыр соңында әбден қалтасы қағылған дәрігер орман­шы­ға дәрі-дәрмек үшін тоқалын айыр­бас­тауға келіседі. Ал орманшы – опасыз емес. Кезінде өлім аузында жатқан әйелін аман алып қалу үшін қыруар ақша талап еткен арсыз дәрігерден өш алу, дәрігердің сол кездегі ашкөздігін кешіре алмауынан туған өш алу, кек қайтару ғана еді. Байлық пен жоқшылық, махаббат пен сатқындық, адалдық пен арамдық... осылай жемқор­лық­тың қауіпті қылмыс екенін сахналайды.

ОЛ – қазақтың дарынды драма­тург-ақыны Әділбек Тауасаров шы­ғар­машылығының желісі әрі жемісі болатын.

Әдеттегі үрдісімізді жал­ғас­тырып, ақын жарымен сұхбат­тасуды жөн санадық.

– Нағигүл Нұрханқызы, ағамен таныстық қалай басталып еді?

– Мен де шығыстың қызымын. Се­мей­дің Ақсуатынан. Ағаңмен пойызда таныс­тым. Ол университеттен кейін қазақ теледидарында қызмет етіп жүрген кезі, демалысқа кетіп барады екен. Мектепте, то­ғызыншы сыныптың оқушысымын. Бала­лығымыз бойдан кетпеген ерке қа­лып­пен онша мән де берген жоқпын. Ашық-жарқын, сұрақтарына жауап беріп, аңқылдап отырмын. Арманшыл жастық тағы бар, мектеп бітіріп жоғары оқу орнына түссек, студент атансақ деген бойы­мыздағы желік, университетті бітіріп, анау-мынау емес, қазақ теледидарында қызмет атқара бастаған бозбалаға қы­зы­ға, қызғана қараған болуым да мүмкін. Сон­дықтан да болар, сұрақ-жауаптар да төгіліп жатса керек. Алғашқы көргенім осы. Сол кезде көзі түсіп, ғашық болып қалса керек. Өйткені сол сапардан кейін «Жол үстінде» деген әңгіме жазыпты. Кейін қалаға келіп, Қазақ университетінің филология факультетіне оқуға түстім. Бірде құрбым екеуміз жарыса келіп авто­бусқа отырдық. Сөйтсем, есік жабылып қалды да, ол сыртта қалып қойды. Қол сөм­кем де сонда қалды. Енді не істеймін. Жол билетін тексеретін кондуктор әйел мен жаққа қарай жылжыды. Қатты састым. Жолаушылардың дені орыстар, арт жақта жалғыз қазақ жігіт тұр екен. Жайлап соған жақындадым да, жағдайымды айтып 5 тиын, жол ақысын сұрадым. Ол бетіме қарап күлді де: «Берейін, бірақ әкеліп беретін бол» – деді. «Иә, иә, әкеліп беремін, мекен-жайыңызды айтсаңыз»–дедім сасқалақтап. Сөйтсем, ол кісі қазақ теледидарында қызмет етеді екен. Бір күні есіме түсті де хабарластым. Телефонды басқа біреу көтерді де, ол кісінің жұмыс бабымен шығып кеткенін айтты. Бірақ келіп тастап кетсеңіз, мен берермін деді. Филологтардың да газет-журнал­дар­ға, әсіресе теледидарға деген құмарлығы ба­сым болды ма, балалық қызығушылық жеңіп, айтқан мекен-жайға бардым. Барсам баяғы пойызда танысқан Әділбегім алдымнан шықсын, осылай екінші рет қайта таныстық қой. Сол таныстық ұлы сүйіспеншілікке, махаббат деген әдемі әлемге сүйреді. Осылай сырбаз да сал­мақты, салиқалы азаматпен тағдыр қос­тым. Алғашында аса салиқалы-салмақты, білім­ді жігіттің қарапайым ауылдың қызына керемет ғашық болып қалғанына сенгім де келмеді. Жиі кездесіп тұрдық. Алатау, қаланың көрікті жерлерімен бірге жүріп таныстық. Бірде өзінің не болмаса менің өзіне деген сезімімді байқайын деді ме, деканаттан он күнге рұқсат сұрап беріп, мені елге жіберді. Басында түсінбей қалдым. «Не үшін, ауылды әлі сағына да қойған жоқпын, бармаймын»,– дедім. «Ба­рып кел, жайлауға барасың, көктем кезі ақ мол, өзің жақсы көретін айран-сүтіңе тойып, ойланып кел»,– болды әңгімесі.

Келген соң «Мен сені де, өзімді де сынайын деп едім, бірақ сені қайдам мен сенсіз тұра алмайды екем, бірге болайық, пәтер іздеймін» деді. Шынымды айтсам, ауылда болған он күн мен үшін де он жыл­дай өтпей қойған еді... Сол жылдың, екінші курс басталар күздің, қазан айы­ның әдемі бір кешінде отау тігіп, шаңы­рақ көтердік. Арамыздың әжептәуір айыр­ма­шылығына қарамастан, ол да менімен бала болып кеткен секілді. Қазір ойлап отырсам, тоғыз жас үлкендігі түк те емес екен ғой. Мен он жетіде, ол жиырма алты жаста ғана екен. Бірақ жаратылысынан сал­мақ­ты, байсалды болған­дық­тан ба, әлде қыз­мет істеп жүргендіктен бе, әжептәуір есейгендігі білініп тұратын-ды. Отау құрдық, алдағы өміріміз, тұрмы­сы­мыз не болады, сәбилі боламыз-ау, қалай күн көреміз деген ой тіпті санамызға кір­мейтін. Күндізгі, кешкі асымызды да қымбат мейрамханадан ішіп, сенбі-жексенбіні күтпей, қол босай қалса тау-тасты аралап, су жағалап серуендеуге әдеттеніп алдық. Өмірінің қысқа боларын сезді ме, керемет сүйдік, адал сыйластық. Ұлдар өмірге келіп жатты. Балажан болды. Бірақ мынандай үлкен қалада, қатарынан өмір­ге келіп жатқан төрт ұлдың болашағына алаң­дады ма, аса еркелете қоймады. Жақ­сы көріп тұрса да, салқынқандылық таны­тып, әке мен бала арасындағы сый­лас­тықты көзге көрін­бей­тін жібек жіп се­кілді ұстады. Өзі таза, адал бол­ған­дықтан, балаларына да артық-ауыз сөз айтып, тәлім-тәрбиенің шеңберінен шы­ғып кетпеуіне осындай бір тәлімдік үрдісті қатты ұстанды. Бірақ оларды баласынбай, пікірімен, көзқарастарымен сана­сып отыратын. Әсіресе, көзқуа­ны­шы­на ай­налған Жұл­дызы өмірге келгендегі қуан­ғаны әлі көз алдымда. Шыр етіп жарыққа шық­қа­нына дейін тағы да ұл болар ма деп жүрдік. Ол кезде қазіргідей алдын-ала көрсететін меди­ци­налық тек­се­рулердің жоқ кезі ғой. Жұл­дызбен үйге шыққандағы есі кеткені сон­ша, қызын жуындырсам да, киіндірсем де есіктен сығалап, өзі де, ұлдарды да кіргізбей, «Қыз бала ғой» деп мәз болғаны күні бүгінге дейін жүрегімді жылытады. Маған деген шексіз махаббаты, ғашық­тығы – шыр етіп жарық дүниеге келген қы­зына ауып, күндіз-түні соны қы­зық­тады. Сөйт­кен балаларының алды енді ғана есейіп, ержете бастаған шағында өмірмен қош­та­сып кете барғаны мәңгілік өкінішке айналды ғой...

– Екеуіңіздің қол ұстасып жүрген шақтарыңыз, махаббат-сыйластықтарыңыз талайларға үлгі болғанын білеміз. Біз де қызығатынбыз.

– Оның рас, бізді білетіндер әлі күнге дейін жыр етіп айтып отырады. Бір-бі­рімізді көре алмасақ тұра алмайтын, көз жа­зып қалатындай асықтық. Асүйде жүр­г­ен сәттерімнің өзінде айналшықтап қасымнан кетпейтін. Қызметтік жолсапарларда ұзақ жүре алмайтын. Тірлігін тезірек бітіріп, үйге асығатын. Сол екі-үш күннің өзінде өзі келгеннен кейін жазған хаттары келіп жататын-ды. Не болмаса қыруар тірлігінен босай қалса, отыра қалып күнделік жазады екен. Оның осындай сүйіспеншілігіне жас кезімде бақыт­тан басым айналып жүрсем де, уақыт өткен сайын, жылдар өткен сайын ішім біртүрлі құлазып, сағынышын қабылдай отырып, көңіліме әлдебір сыпсыңдаған жаман ойлар кіріп кететін. Бірақ ол кезде дәл қазіргідей орнын сипап қаламын-ау деген пиғыл емес, екеуміздің арамыздағы сезімнің соншалықты таза, әулетіміз өскен сайын, ұрпағымыз өмірге келген сайын бәсеңсімей, күшейе түскеніне әйел ретінде қуансам да, Ана ретінде балаларға көбірек көңіл бөліп, солардың шаруасымен айналысып кеткен кездегі оның көзіндегі, жанарындағы сағынышы уақыт өткен сайын санамда жаңғырып, жаңара түскендей. Тату-тәтті, шәй деспей тірлік кешкен уақыттың әрбір сәтінде көз алдымнан, көңілімнен көшкен емес екен. Өмірінің өтіп бара жатқанын іштей сезіп жүргені балаларына жазған мына хаты­нан-ақ оқып, жүрегім қан жылады.

«Жаным, балам! Мынау қысқа ғұ­мы­рымда енді алдымда қанша уақыт татар дәмім қалды, білмеймін. Бар арманым, сендер ер жеткенше демеу болып, жан­да­рыңда жүру ғана. Арман көп еді. Жазушы болсам, елге жаназық болатындай шығар­ма­лар жазсам дегем. Қу тірлік оған уақыт бермеді. Енді-енді еңсе көтерем бе дегенде мынау өліара, өтпелі кезең тап болды. Рухани әлем күйреді, күйзеліске ұшырады. Жақын арада оңалар деуге үміт жоқ.

Өйткені кейінгі кезде жиі қысылатын жүрегімнен қорқамын. Әрі жұмыспен, әрі шығармашылықпен айналысуға күш жоқ. Сондықтан жарық дүниеде мынау қатыгез заманмен бетпе-бет жалғыз қаласыңдар ма деп қиналамын.

Бастарыңа ауыртпалық түскенде жан­дарыңнан табылмаған мені қарғайсыңдар ма деп қиналамын. «Өлім барда қаза бар». Ылайым сендердің жұлдыздарыңның жоғары болуын тілеймін. Ешқашан бастарыңа ауыртпалық түспесін, құлын­да­рым...» (13.08.96 ж)

Осындай хат қалдырған, әкелік өсие­тін қалдырған әулет өсіп-өніп жатыр, әри­не, «Тірі адам тірлігін жасайды» дегенді айтқан халықтың данышпандығына бас иесің, мойындайсың. Бас қосып, жұбайлық ғұмырымда бетімнен қақпай, жары ғана емес, балаларының анасы ғана емес, өзінің сенімді серігі, досы санаған жұптасқан тірлігіме өте ризамын. Оқуым­ды да бітіріп, қызметке араласуыма да мүм­кіндік жасаған. Оның арасында қо­ғам­дық жұмыстарға да білек сыбана кі­рісіп жүргенім, әрине, ағаларыңның міне­зінің жайлылығы ғана емес, әйел деп қана емес, қоғамның бір мүшесі деп қабылдауы асқан ақылдылықтың, парасаттылықтың белгісі. Өзіміз де көпбалалы отбасы бол­ғандықтан, қаламыздағы қандастарымыз көп шоғырланған Әуезов ауданында Көп­ба­л­алы отбасы қоғамын басқара жүріп, қалалық мәслихаттың депутаттығына сай­ландым. Сол жылдары қаламыздағы, әсі­ресе, сырттан келген отан­дас­та­ры­мыздың қалаға тұрақтап қалуына, тіпті пәтер алуына де көп көмегім тиді. Сонда келімді-кетімді қонақтарым мен үйдегі шиеттей балаларымыздың шаруасын да тап-тұйнақтай етіп, сырттағы тірліктерге араласқаныма, іштей қуанып та жүрді. «Үйдегі тірлігің де аз емес, отыр» десе не дер едім, әрине, тыңдар едім ғой. Дегенмен, от басы, ошақ қасында отырып қал­май, қызмет істеуіме жағдай жасауы, менің бойымдағы қабілет-қарымымды да бағалағаны болар. Қала өміріндегі талай қоғамдық өзгерістерде менің де қолтаң­бам­ның қалғаны, бүгін қалыптасқан ортамызға да белгілі.

Ортамыз да рухани орта, қазақтың әдебиеті мен мәдениетінің талантты бір тобы – Әділбектің достары болды. Бір-бірі десе ішкен асын жерге қоятын, дүниеге келіп жататын шығармаларына деген шексіз құрметтері де ерекше болды. Әлі күнге дейін шаңырағымыздағы кез-кел­ген той-думан оларсыз өткен емес. Басымыз қосылған кездегі әңгіме арқауы да Әділбек, оның шығармалары болып келеді.

– Шығармалары демекші, Әділбек Әнуарбекұлы көптеген әндерге мәтін жазды. Жарыққа шыққан кітаптары, көркем дүниелері бар. Ал қазақ драматургиясында да танымал. Сіздіңше, осы үш жанрдың қайсысына көбірек еңбегі сіңді деп ойлайсыз?

– Өте жақсы сұрақ екен. Қазақ әдебиетінің Әділбекке дейінгі, әрі кейінгі толқындары секілді, ол да алғаш поэзия әлеміне қызығушылығынан, қазақ ақын­да­рының шығармаларынан алған әсе­рі­нен журналистика деген сөз өнерін наси­хат­тайтын, сөздің нарқын-парқын тү­сінетін әдемі әлемге келген болуы керек. «Әу демейтін қазақ жоқ» демекші, әде­биетке жақындық, сөз өнеріне қы­зы­ғу­шылық кез келген пендеңіздің арман-мақ­саты. Ол да өлеңмен ерте ауыра бас­та­ғандардың қатарынан. Алғашқы өлең­дері мектеп қабырғасында жазылған. Әрине, жастық, махаббат тақырыбына. Жиырмадағы бозбаланың алып-ұшқан жүрегі сәл нәрсеге ғашық болып, болмашыдан секем алып.. соның бәрі жыр жолдарына айналатыны, ақиқат.

...Келемін ащы тер айналып жасынға,

Білмейді мені әлі досым да, қасым да.

Кейінге бұрылмас – таусылар

бұл жолым,

Толқынның қойнында не шыңның басында, – деп аяқталатын бір өлеңін 1967 жылы, жиырма жасында жазыпты. Жап-жас арманшыл ақынның жүрегінен шыққан шумақ.

«...Қазағым, менің қазағым–

Бақытым менен азабым.

Жұмағым менен тозағым,

Қайталанбайтын ғажабым, – дейді тағы бірде. Қазақтың танымал әншіле­рі­нің орындауында да әлі күнге ескіре қой­маған әндері баршылық. Ал меніңш, өлең жазуы – әдебиетке келер баспалдақ қана дер едім. Оның қаламынан туған көркем дүниелерін оқыған, әлі күнге дейін еліміздің театр репертуарынан түспей келе жатқан драмалық шығармаларының жөні бір бөлек. Көп жылдары теледидар саласында өтті ғой, теледрама саласында да қолтаңбасы қалды, қазақ теледи­да­рын­дағы «Қымызхананың» алғашқы авто­ры­ның бірі болды. Тоқсаныншы жылдардың басында Мәдениет министрлігінің репертуар бөлімінде бас редактор, Ш.Айманов атындағы Қазақ кинофабрикасының де­ректі кинофильмдер шаруашылық бірлестігінде бас редактор, ал өмірінің соңғы жылдарында министрлікте репертуар­лық-редакциялық алқаның бас редакторы қызметтерін атқарды.

Ал драматургиядағы тұңғышы – «Аса құр­метті Икс» спектаклін республикалық Жастар театрында қазақтың дарынды суреткер-режиссері Райымбек Сейтіметов сахналады. Көрермен жақсы қабылдады. Яғни шығарманың бағы жанды. Одан кейінгі шоқтығы биік шығармасының бірі, республикалық байқауға қатысып, екінші жүлделі орын алған пьесасы – «Жұлдызым менің» сол кездегі жастар театрының режиссері Нұрқанат Жақып­бай­дың сахналауында қойылды. «Арманшыл қыз», «Сен болмасаң қайтер ем», «13-үй», «Зауал», «Қожанасырдың бір күні» сынды туындылары театр көрермендерін әлі күнге сағындыратын шығармалар деп ойлаймын. Сондықтан да, өлеңді өзінің «ермегі» сынды, ал әдебиет пен өнерде қалдырған дүниелері шын жазушылық, қаламгерлік сатыда жазылған шығар­ма­лар деп есептеймін. Менің бұл ойыммен көзі қарақты көрермен мен оқырман келіседі. Жазушы­ның жары ғана емес, қарапайым оқырманы ре­тінде ауыз толтырып айта алатын пі­кірім. Өйткені ол өмірді, өнерді өліп-өшіп сүйді. Халқын – қазағын жақсы көрді. Жылылыққа, махаббат нұрына толған жүрегі барша адамды, барлық таныс-тамырларын бағалады, құрмет тұтты. Жүрегі қаншалықты таза болса, соншалықты кең еді. Сондықтан да ол әдебиетке кездейсоқ келген, өткінші өнер өкілі ғана емес, артында қалғандарға өлмейтін, өшпейтін сөз қалдырған қалам­гер. «Алда көктем бар» деп жазған әңгімесі секілді талай көктемдерде жазатыны бүгін­гіден де көп еді. Амал жоқ, жаз­ға­нынан жазары мол еді, таза жазуға отыр­ғанда, бәлкім, әдебиет қоржынына салары да қомақты болар еді, оған сөзсіз сенемін. Күнделігіндегі: «... Сені көрмегелі төрт күн болды. Төрт күнім төрт жылға созыл­ған­дай...» дегенін оқыған сайын, мына дүниеге сыймай кетемін...

Бар еді-ау сенің қасиет асыл деміңде,

Білмей-ақ қойдым сағынбаудың емін де.

Ақ гүлім менің, адам мен адам бір-бірін,

Алыста жүріп ұға ма деймін тегінде.

Серігім сенсің, төзімдім сенсің, аяулым,

Түспей-ақ қойсын жаныңа сенің

қаяу-мұң..., – дейді бір бетінде.

Жазушы-драматургтің жары жанарына келіп қалған жасты әдемі сұқ саусағымен сүртіп тастады да, «Мен сондай азаматқа жар болғам» дегендей, еңсесін тіктеп, терезеден мұнарлы Алатауға көз тастады. Қалың қазақ оқырмандары сағынып, жиі еске алатын жазушы-драматург Әділбек Тауасаровтың жары Нағигүл ханымның аурухана төсегіндегі көңіл-күйін одан ары түсіргіміз келмеген біз де үнсіз қоштастық. Бүгін қосылып, ертең ажырасып жататын, соның зардабын арадағы сәби тартып жатқан мына тірлікте,бәлкім, осы кісілердің сүйіспеншілігі, махаббаттары үлгі-өнеге болса деген мақсатпен қағазға түсіруге асықтық...

 

Сыр-сұхбатты жазып алған

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар