18 Шілде, 11:23 1005 0 Оқшантай Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

«TÚRKISTAN» тойы  Ыстықкөлде атап өтілді

Қалам мен қағазды серік еткен тілші қашан да болдым, толдым деуден аулақ болғаны ләзім. Журналист – үнемі ізденісте жүретін маман иесі. Осы тұрғыда бүгінде тілшінің кез келген тақырыпта білімін арттырып, тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік көп. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультеті  «Медиасфера» гуманитарлық зерттеулердің ғылыми орталығы ұйымдастырып келетін Халықаралық  журналистика және коммуникация жазғы мектебі осы сөзімізге дәлел.

Ыстықкөлде 12-14 шілде аралығында жетінші мәрте өткен шара «Жаһандық коммуникация және ұлттық медиа: азаматтарға арналған тиімді қолжетімділік» деген тақырып аясында өрбіді. Атап өтерлігі, биылғы жазғы мектеп әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 85 жылдығы мен «TÚRKISTAN» халықаралық газетінің 25 жылдық мерейтойына арналды. Еліміздің ақпарат құралдары үшін бірден-бір маман даярлайтын қара шаңырақ пен оқырман қауымға 25 жыл бойы тұшымды сараптамалық мақалалар жариялап келе жатқан «TÚRKISTAN» халықаралық газетінің осынау шара аясында мақсат-мүддесінің бір жерден шығуы да көпшілікті қуантты. Себебі мұнда жиналған жас тілшілер де, білікті оқытушылар мен ғалымдар да үнемі теория мен тәжірибенің ұштасуын құп көреді. Бұл алаңның осы жағынан берері мол екеніне тағы бір көз жеткіздік. Жазғы мектеп бағдарламасындағы семинарлар мен шеберлік сыныптары, практикалық дәрістердің «журналист боламын» деген әрбір жас тілшіге берері көп.

VІІ  Халықаралық журналистика және коммуникация жазғы мектебіне Орталық Азия мемлекеттері, атап айтқанда, Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан елдерінен бір топ өкілдер қатысты. Бүгінгідей интернет пен ақпарат ғасыры саналған уақытта бұл мемлекеттерде қандай өзгерістер орын алуда?

Жан-жақтан ақпарат үздіксіз  ағылған заманда дәстүрлі, ұлттық журналистиканы қалай сақтап қалуға болады? Біз бұл мәселелерге көршілес жатқан елден келген мамандардың пікірі арқылы қанықтық.

Жазғы мектепті ұйымдастыру жұмысының басы-қасында жүрген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, профессор Гүлмира Сұлтанбаева шараның шымылдығын ашу барысында жазғы мектепке қатысушы дәріскерлер мен жас тілшілерге сәттілік тілеп, мол мағлұмат алатынына сенім білдірді. Басқосуға модераторлық еткен Ташкент қаласындағы Әлемдік экономика және дипломатия университеті әлеуметтік-саяси ғылымдар кафедрасының профессоры Фатима Муминова жаһандық коммуникация жайында аз-кем әңгімелей келе, бұл тұрғыда бүгінгі журналистиканың мүмкіндігіне тоқталды.

«Жазғы мектеп – тәжірибе алмасатын таптырмас алаң. Түбі бір түркітілдес елдердің ақпарат, медиа саласында бірлесіп шешетін мәселесі жетерлік. Себебі, біздің тіліміз, дініміз, діліміздің негізі бір. Кейбір жағдайда ұстанымымыз да ортақ. Салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз да ұқсас. Сондықтан журналистика саласында да, журналист мамандарын дайындау тетігінде де бір-бірімізден үйренетініміз көп», – деді Ф.Муминова.

Шын мәнінде, жаһандану һәм ақпарат ғасырында күн сайын жаңалық көп. Және бұл кейбір елге дер кезінде жетпеуі де мүмкін. Жаңа технология дамыған тұста жаңаны да екшеп пайдаланған дұрыс дейді мамандар. Мәселен, интернетсіз бір күнін елестете алмайтын қазіргі қоғамда адами құндылықтар бәсеңдеп, жағымсыз оқиғалардың алдыңғы орынға шығып кеткені белгілі. Алайда, әр нәрсені шектен асырмай, межелі деңгейде пайдалану маңызды. Басқосуға жиналған дәріскерлердің пікірі осы тұста бір жерден шыққаны қуантты.

Газет ұжымы бөліскен тәжірибе

Жазғы мектеп шарасының алғашқы күні шеберлік сыныбын бастап кеткен редакция ұжымы түрлі тақырыпты қаузады. Айталық, «TÚRKISTAN» халықаралық газетінің бас редакторы Қуат Әуесбай «Баспасөздегі менеджмент» төңірегінде ой бөлісіп, жалпы газет шығару ісіндегі мәселелер хақында, 25 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан газетіміз жайлы егжей-тегжейлі мағлұмат берді. Жалпы, Түркістан атауы күллі түркі жұртына қадірлі, ортақ ұғым екені белгілі. Сол себепті болса керек, көршілес мемлекеттерден келген әріптестеріміз «TÚRKISTAN» газеті жайлы көбірек білгісі келіп, басылым жетекшісіне жан-жақты сұрақ қойды.

Ал «Азаматтық журналистика және блогерлік: Қазақстандық БАҚ-тағы кө­рінісі» деген тақырыпта дәріс оқыған бас редактордың орынбасары Бейбіт Тоқтарбай: «Азаматтық журналистика – міндетті түрде атқарушы билікке қарсы жұмыс істейді деген үстірт көзқарас. Бұл – бар болғаны сіз бен біздің қоғамдағы мәселеге үн қосуымыз, оны БАҚ-тағы әртүрлі арналар арқылы қоғам талқысына салу. Әрі аудиторияның жаңа медианы игеріп, дәстүрлі журналистиканың толыға түсуіне қосылған үлесі деп пайымдауға болады. Әлбетте кез-келген азаматтан келген материал журналистика талабына толық жауап беруге міндетті емес. Әрі былай болуы мүмкін де болмайды. Сондықтан дәстүрлі журналистика азаматтар ұсынған өнімнен өзіне қажетін алады және қоғамға ұсынады» деді.

Сондай-ақ, шараның екінші күні сөз алған осы жолдардың авторы «Әлеуметтік мәселені көтеруде баспасөздің рөлі» жайында әңгімелей келе «Әлеуметтік мәселелер баспасөзде ашық әрі жан-жақты жазылып келеді. Мәселен, біраз бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы бір отбасының бес бірдей баласынан айрылуы көптеген қордаланып қалған мәселенің бетін ашты. Баспана түйткілі, жәрдемақы мәселесі басқа-басқа қазақ баспасөзінде дүркін-дүркін көтерілді. Көпбалалы аналар наразылық шараларына шығып, төбе көрсетті. Мұның өзі нәтиже. Тіпті, көп ұзамай мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілетіні де белгілі болды» деді.

«Баспасөзде дұрыс мәлімет берудің маңызы және пікір айту этикасы» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізген газет журналисі Ахмет Өмірзақ жалған ақпарат таратудың залалы мен жауапкершілігі жайында әңгімелеп берді. «Әлемде кім­нің қолында ақпарат болса, күш пен әділет соның жағында екені белгілі. Бұл жағынан алғанда біз секілді Орталық Азия елдері ақпарат алу мәселесінде әлі күнге өзгелерге тәуелді екені рас. Бұл орайда әлемде болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат алып, оны жариялауда бірнеше алпауыт ақпарат агенттіктерінің таратқан хабарларын салыстыра қарап, олардың шынайылығын тексерудің маңызы зор. Қазіргі кезде журналистеріміздің ағылшын, орыс, араб, түрік тілдерін қатар меңгеруі бұл мәселені шешуге пайдасын тигізіп жатыр деп ойлаймын. Себебі СNN, ВВС, әл-Жазира, ИТАР-ТАСС хабарларымен дер кезінде танысып, болған оқиғаға деген олардың арасындағы көзқарас айырмашылығын біліп отыру маңызды» деді тілшіміз.

Бұдан кейін дөңгелек үстелге жиналған журналистер, оқытушы ғалымдар өз елдеріндегі тәжірибені алға тартып, мысал келтірді. Мәселен, Ташкент қаласындағы Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті журналистика факультеті «Аудиовизуалды және интернет журналистика» кафедрасының доценті Яхутхан Маматова Өзбекстанда азаматтық журналистиканың дамуында ілгерілеушілік бар екенін және бұл елге жаңа президент келген соңғы жылдары демократиялық құндылықтардың көрініс тауып жатқанына ерекше тоқталды. Бір айта кетерлігі, өзбек елінде бірінші кезекке гендер мәселесі шыққан. «Бұрын-соңды әйелдің билікке араласуына шектеу қойған бұл мемлекетте біршама оң қадамдар жасалуда. Қазір мемлекеттік мекемелерде, билік тармақтарында әйелдерге орын беріліп келеді. Заты әйел болса да, ер азаматқа бергісіз айымдар жеткілікті. Олар білім, денсаулық саласы, басқа да қоғамның кез келген саласында жемісті еңбек етуде. Сондықтан оларға да мүмкіндік беру дұрыс деп есептеймін», – дейді Яхутхан ханым.

Жазғы мектептің үшінші күні Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғыз елінің өкілдері өз елдеріндегі журналистиканың өзекті жайттарын баяндады. Үш күнге жалғасқан жиын соңында «TÚRKISTAN» халықаралық газетінің бас редакторы Қуат Әуесбай түркі тілдес елдердің медиа мамандарының келесі басқосуын Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында Ташкент қаласында өткізуді ұсынды. Бұл ұсыныс жиналғандар тарапынан қолдау тапты.

Жазғы мектеп ұйымдастырушысы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры Гүлмира Сұлтанбаева дәріске қатысқандарға арнайы сертификатты Ыстықкөлдің жағасында салтанатты түрде табыс етті.

Жазғы мектепке қатысушылар шарадан соң қырғыз елінің інжу-маржаны саналатын Ыстықкөлге шомылып, бір жасап қалды. Көк аспанмен әлде алыстан мұнартқан көк таулармен әлде бауырын толқынға жалатқан бұйра көкшіл бұлттармен астасып жатқан айдынның суы ерекше тұзды, мөп-мөлдір. Жағалауы сусыған сары алтындай құм.

Пікір

Яхутхон Маматова, Ташкент қаласындағы Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті журналистика факультеті «Аудиовизуалды және интернет журналистика» кафедрасының доценті:

Шараны Ташкент қаласында өткізсек деген жоспар бар

–  Ыстықкөл жағасында өткен халықаралық журналистика және коммуникация жазғы мектебі Орталық Азияда бүгінгі таңда медиасфераның қандай деңгейде дамып отырғаны жайлы мол мағлұмат берді. Орталық Азияның адамзат өркениетінің алтын бесігі екенін ескерсек, оның әрі қарай дамуы өзара түсіністіктен, толеранттылықтан үлгі алуы тиіс. Бұл түркітілдес елдердің қанында бар қасиет. Аймақтың тұрақты саяси дамуы,  мәдениетаралық коммуникацияның өркендеуі, мәдениеттің тұтастығы, халықтың мәдениеті мен дәстүрі журналистердің әлеуметтік-саяси белсенділігіне тікелей байланысты. Біз медиасфераны қолға алған өкіл ретінде бүкіл әлемге бір-бірімен, табиғатпен өзара тығыз байланыста өмір сүруге болатынын көрсетуіміз керек. Мұндай шараның берері – әр мемлекет журналистері тәжірибесімен бөлісуі. Осы шараға Қазақстан тарапы мұрындық болды. Болашақта бұл басқосуды Орталық Азияның басқа да мемлекеттері алып кетсе деген ұсыныс бар. Біз Жазғы мектеп қатысушыларымен тығыз қарым-қатынас орнатқанымызға екі жылдан асты. Осы шараның аясында Ташкент қаласында үлкен басқосу өткізсек деген жоспар бар. «TÚRKISTAN» халықаралық газеті туралы мағлұмат біз үшін өте қызықты болды. Басылымның 25 жылдық меретойы құтты болсын!

 

Жырғал Сақыбаева, Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің журналистика факультетінің аға оқытушысы:

Шәкірттерге нені үйрету керектігін білдім

– Үш күннен бері Жазғы мектепте біраз тәжірибе алмастық. Өзім оқытушы ретінде шәкірттерге не үйрету керектігіне басымдық бердім. Шараға Орталық Азия елдерінен көптеген ғалым келді. Қырғызстан тарапынан келген біз де бар білгенімізбен бөлістік. Шара барысында Қырғызстанда сөз бостандығы 98 орында екенін тілге тиек етілді. Шынында, бұл жағынан бізде ілгерілеушілік бар. Халық өз пікірін билікке тайсалмай айта алады. Мәселенің шешілуін талап етеді. Қысқасы, билік халықпен санасады. Әрине, медиа саласында дамымай тұрған тетік көп. Ол кейінгі буынның қолындағы шаруа. Біз өз тарапымыздан қолдау білдірсек, білгенімізді үйретсек, Орталық Азия елдері медиа, ақпарат, коммуникация саласында дами түспек.

 

Малика Жұмамұратова, Бердах атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің профессоры:

Жазғы мектеп арқылы көп тәжірибе алмастым

– VII журналистика және коммуникация жазғы мектебіне жыл сайын тұрақты қатысып келемін. Биылғы басқосудан да көп нәрсе түйдім. Мемлекеттердің өзара достығының артуына, оқытушылардың байланыс орнатуына мүмкіндік береді. Жаһандану дәуірінде халықтың өзара ауызбірлікте біркелкі ілім алуына жағдай жасайды. Біздің түлектер де халықаралық сахнада топ жарып жүр. Өзім Грузияда өткен шарада Датажурналистика туралы білімімді жетілдіріп, шәкірттерімнің бойына сіңіріп келемін. Жастарға жаңа медиа сауаттылықты үйрету біздің міндетіміз. Оларға білім беретін оқытушылар да осы талапқа сай болуы керек. Сондықтан өз басым мұндай халықаралық шаралардан қалмауға тырысамын.

 

Алматы-Ыстықкөл-Алматы

Динара Мыңжасарқызы

«Тúrkistan»

Соңғы жаңалықтар