Осы әдет қалмайтын болды ғой...

Осы әдет қалмайтын болды ғой...

Осы әдет қалмайтын болды ғой...
ашық дереккөзі
Халқымыздың дәстүрлі қонақжайлылығы ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан қасиет. Бұл жөнінде  сонау ХIХ ғасырдың соңында  ресейлік зерттеуші  Виктор фон Герн: «Жалпы алғанда, қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүздігімен, қайырымды ақкөңілділігімен және қонақжайлылық қасиетімен таңқалдырды. Мұның өзі олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет» деген екен. Ал неміс  зерттеушілерінің бірі Ф.Фон Хелльвальд қазақтардың тұрмыс-тір­шілігін зерттеу мақсатымен Қазақстанға келген сапарындағы қол­жазбасында: «Қырғыз-қайсақтар барынша қонақжай, мейірімді болып келеді. Олардың киіз үйіне кірген  кез-келген жатжерліктер  біреулер тонап немесе өлтіріп кетеді-ау деп қауіптенбей, алаңсыз ұйықтай беруіне болады» деген жазба қалдырыпты. Үйіне келген, табалдырығынан аттаған қонақты, мейлі ол қай ұлттың өкілі болмасын төрге оздырып, қонақжайлылығымен қоса қамқорлық танытып жататын әдетіміз біздіңше, әлі күнге сақталып келеді. Қонақасы деген тіркес те осы әдеттен бастау алған болуы керек. Өйткені атам заманнан «біреу-міреу келіп қалса» деген сақтықтан пайда болған, не болмаса  «Келгенше қонақ, келген соң үй иесі ұяладының» кері болса керек, бір асым етін «белгісіз» құдайықонақтарына сақтау әдеті қай халықта бар екен?.. Осындай жақсы жалғасын тауып келе жатқан әдемі үрдіс кейінгі жылдары басқа бір арнаға бұрылып,  жанымызды жегідей жеп, көз тоймайтын ашқарақтық әдетке айналып бара жатқандай ма, қалай? Оны кешегі бір арыстықтардың басына күн туған қиын күндері де көріп, біліп жанымыз ауырды. Қандастарымыздың бейбіт тіршілігіне ойран сала келген қаралы күндері таяқ тастам жерге такси жүргізушілерінің бауырмалдықтан гөрі ақшақұмарлық танытқаны, бір жұтым судың бағасын көтеріп, саудаға салынуы, қай қазақтың кең пейілділігіне сызат түсірмейді десеңші!  «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дегенді болмысымызға сіңіріп кеткен кешегі ұлы бабалар аманаты қайда  қалды?.. Бір бұл ғана емес, бізде осындай келеңсіз көріністер жиі болады. Мәселен, Айт кездерінде де, құрбан шалған кездері де мал бағасының шектен тыс артып кететінін өз көзімізбен көріп жүрміз. Имандылық қайда? «Саудада достық болмайтыны», әрине, түсінікті жағдай,  егер сол қозыдан қой жасап, шөп шауып, бағып-қағып өсіріп, маңдай терін төгіп әкеліп сатса бір жөн-ау дерсің. Қойшыдан болар-болмас құндап, сатып алып, үстемелеп ақша қосып жататындарға не дерсің. Бір қолдан бір қолға өтіп, бізге жеткен малдың бағасы шарықтамағанда қайтсін?  Осындай тойымсыздық қоғамның әр саласында да байқалады. Сондайда халқымызбен бірге келе жатқан қанағатшылдық қайда жоғалып барасың, кез келген жерден пайда тапқысы келіп тұратын көрсеқызарлық, тіпті осындай адам басына күн туған жерлерде бауырмалдықтан, жаны ашығандықтан гөрі өз пайдасын, өз қалтасын ойлап тұратын болымсыздық қасиет қайдан келген?  Қанымызға жат нәрсе, жаман әдеттен қашық болайықшы, ағайын! Жастарымызды кінәлап жатамыз, қатыгез, безбүйрек, ата-анасын сыйламайтын, өзін де, өзгені де аямайтын санасыздық жайлады, мейірімсіз дейміз. Ал оның кімнен, қалай тәлім-тәрбие алып жатқанына тереңірек үңілмейміз. Өзі­міз­ді өзіміз тәрбиелеп алмай, үлгі көрсете алмай жүріп, оларға ақыл айтудың өзі осалдық емей немене?.. Бұл мақала арқылы ешкімді түзеп, не болмаса мінейік деген ниет емес, көзбен көріп, құлақпен естіп жүрген жаман әдеттерден әділетсіздік келіп туатынына ішіміз ашып, жанымыз күйзелетіндіктен, тағы да бір қалам тербеп қоюды жөн санадық. Басқа ұлт өкілдерінің тұрмыс-тіршілігіне мүлдем ұқсамайтын, қоңыр тірлігімізде бір-бірімізге жанымыз ашып жүрсе, бәлкім, ғұмырымыз мәндірек болар ма деген жақсы ниет қана.  

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ