Ерден ҚАЖЫБЕК: МИНИСТРДІ ШАТАСТЫРҒАН

Ерден ҚАЖЫБЕК: МИНИСТРДІ ШАТАСТЫРҒАН

Ерден ҚАЖЫБЕК: МИНИСТРДІ ШАТАСТЫРҒАН
ашық дереккөзі
Ерден ҚАЖЫБЕК, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры: – Мәдениет және спорт министрінің сөзіне келер болсақ, оған термин мәселесін байқаусызда айтқызып жіберген сияқты. Оған осыдан бес-алты жыл бұрынғы мәліметтерді беріп, шатастырған. Министр соған байланысты кешірім сұрап, өзінің сөзін ұсыныс ретінде айтылғанын түсіндірді. Ешкім табан астында терминдерді ауыстыра салмайды. Ол мәселені шешетін үлкен бастықтар емес. Себебі терминдердің жасалуы, ұсынылуы, қолданылуы ешқандай бұйрықпен, саяси шешіммен реттеліп не бекітілмейді. Терминдерді қолдануға ұсыныс жасайтын ғалымдар болса, қолдайтын, қолданатын халық. Дүниежүзінде солай. Қазіргі кезде терминдер мәселесінде жоғарыдағыдай шешімдердің шығуына ғалымдар кінәлі емес, керісінше, ондай бастамаларға қарсы. Бір жағынан, бұл мәселеге халықтың өре түрегеліп, қарсылық білдіргені де дұрыс болды. Себебі тілдің иесі халық қой! Жалпы, термин мәселесінде бізде КСРО заманынан қалған әдет бар. Мысалы компьютер, сканер, принтер сөздерін өзгертуге болмайды солай атау керек деген секілді. Бұл орыс тілінің принципі ғой, олар сол сөздерді ағылшыншадан өзгертпей алған. Ал ағылшын тілімен туыстас француз, неміс, испан, итальян тілдерін қарасаңыз, біреуі де компьютер, сканер, принтер сөздерін олай атамайды. Біз де сол ұстанымда болсақ, несі артық? Интернетті «ғаламтор», гимнді «әнұран» деп керемет аударып алдық емес пе? Тілге сіңіп кетті, жұрт еш тосырқамастан қабылдап, пайдаланып кетті. Бұл – терминді қазақыландыруда ғалымдарымыздың ерен еңбегін, сәтті ізденістерін көрсетеді. Демек, терминдерді қазақшалау ісін тек қана қолдау керек. Ол тілдің мықтылығын да, үздіксіз дамып жатқанын да көрсетеді. Тек онымен мамандар айналыссын.