5 Шілде, 11:53 384 0 Әдебиет Ахмет ӨМІРЗАҚ

Тілді дамыту –терминді тұншықтыру емес

Тіл – жанды құбылыс. Ол адам санасымен бірге кемел­деніп, көркейіп отырады. Уақыт ағымында заман ту­­дырған үрдістерді санаға сіңіруде ең басты күш – тілдің қызметі.

ХХ ғасырдың бас кезінде дамып, қалыптасқан қазақ тіл білімі ғылымының ұлтқа білім беруде, ғылымды дамытуда басты назарда ұстаған нәрсесінің бірі – терминология болды. Ғылым, білім, саясат, экономиканы терминсіз игерудің қиындығын о бастан сезінген қазақ оқымыстылары бәрі бір кісідей жұмылып, осы саланың көркеюіне күш салды. Соның арқасында барлық саладан мықты қазақ ғалымдары өсіп, жетілісті. Ал Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңде болса, барлық саладағы ғалымдарымыз терминдерді қазақыландыру үрдісін бастады.

Әрине, термин мәселесі кім көрінген араласа беретін іс емес, оған әр саланың білгір ғалымдары атсалысып, ұзақ талқылаулар жасау арқылы халыққа ұсынып, қолданысқа енгізіп көреді. Одан кейін ғана халық жаппай қолдану арқылы ғана тұрақтанған терминдер тілге сіңісті болып кетеді.

Бірақ біздің елде тіл заңдылығына орай терминдердің жасалу мәселесіне кім қандай көзқараста? Бүгінгі күнде термин жасаушылар мен оны тұтынушылар арасында неге қарама-қайшылық жиі көрініс тауып жатады?

Таяуда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова терминдерді өзгерту шаралары туралы әңгімелеп, онда бұрын қабылданып кеткен көптеген терминдердің қайта қаралу мәселесі көтерілді. Министр «халықаралық терминдерді қазақ тіліне қайтару үшін терминологиялық қорға мониторинг жүргізілгенін, осыған байланысты бұрында қазақшаланып, жалпыға бірдей қабылдауға ұсынылған 3300-ден аса терминнің қайта қаралып, бекітілгенін» айта келіп, «Олардың 300-ге жуығы – халықаралық терминдер. Мысалы, «мұражай» деген сөз «музей» болатын болды. Мұрағат – архив, тағы сондай-сондай нәрселер», – деген еді. Сол сияқты, біраз жылдан бері орта мектептен бастап үйретіліп, білім саласына әбден сіңісті болып кеткен азатжол – «абзац», сынып – «класс», пайыз – «процент», әнұран – «гимн» болып қайта өзгертілмек екен. Мұның сыртында құрсым – «шина», теңгерім – «баланс», мұқаммал – «инвентарь», ақау – «дефект», шегендеу – «демаркация», мейрамхана – «ресторан», қимыл – «анимация», әлеует – «потенциал» болып баяғы таз қалпына түспекші екен.

Жаңа министрдің бұл мәлімдемесі тосын болғаны сонша, халық басында бұл мәлімдемеге не дерін білмей дағдарып қалды. Артынша әлеуметтік желілерде қарсылық білдіргендердің қарасы көбейіп, А.Райымқұлова сөзінің жөнсіз екенін айтып жатты. Алайда келесі күні Мәдениет және спорт министрі өз мәлімдемесіне түсініктеме беріп, «Менің ойымша, сіздер кеше менің мәлімдемемді дұрыс түсінбей қалған сияқтысыздар. Біріншіден, үш мыңнан астам термин қолданыстан шықпайды. Ол – қазақтың сөздері емес. Ол басқа тілден енген терминдерді қайта қарау деген сөз», – деді.

Әрине, министрді де түсінуге болар, бірақ, қалай дегенде де айтылар сөз айтылды, жұрт бір дүрлігіп басылды. Ал мұның бәрін жайдан жай бола салған нәрсе деуге бола ма?

Әрбір даудың себебі бар, сол секілді әрбір қарсылықтың өз жөні бар. Жоғарыда қойылған сұрақты нақтылай түссек: кейбір билік басында жүргендер мен білімді орысша алғандар неге терминология саласын қазақыландыруға қарсы? Ал филолог ғалымдарымыз неге терминдерді қазақшалау керек деп тер төгіп жүр?

Тіл – ұлт болудың бірінші белгісі десек, тілдің дамуы да ұлттың дамуымен тығыз байланысты. Сондықтан бұл үдеріске санасы сергек, тілді ұлттық болмыстың жаны деп санайтын азаматтардың ешқайсысы бейжай қарамайды.

Жасыратын несі бар, кеңестік кезде білім алғандардың көбі өздері білім алған кездегі, құлақтарына сіңіп қалған терминдерді қимай, талай қиғылық салғаны күні кеше емес пе еді? Тіпті, қазақтың белгілі өнер майталманы Құдайберген Сұлтанбаев «Самолетті ұшақ десек, туалетті тышақ дейміз бе?» деп те әзілдегені бар. Бірақ тіл мәселесі ешқашан жеке-жарым адамдардың көзқарасына тәуелді болған емес. Сол үшінде бүгінде самолетті «ұшақ» деу халыққа тіпті де ерсі көрінбейді, керісінше атамзаманнан бері қолданылып келе жатқан төл сөздей болып кетті. Тағы бір естен шықпауға тиісті мәселе – бір-жар сәтсіз жасалған атауларға қарап (балконды «қылтима», картопты «буылдақ» деу секілді), қазақ терминологиясының табыстарын жоққа шығаруға болмайды. Ондай «шала піскен» нәрселер бәрібір халыққа сіңбейді.

Қазақ ғалымдары бұдан жүз жыл бұрын-ақ тіліміздің әлеуетін жарқырата көрсетіп, ең алдымен тіл ғылымына байланысты терминдерді қазақшалағанда ұлы мақсатты ұстанған. Ол – қазақ тілін жан-жақты дамытып, күллі ғылымды қазақ тілінде сөйлету еді. Өкінішке қарай, кеңестік дәуірде тілімізге орыс тілінің дыбыстарын (в, ё, и, ч, ц,), жіңішкелік (ь) және айыру (ъ) белгісін енгізу арқылы орыс сөздерін сол тілдегідей оқып-жазуды зорлықпен таңды. Сонымен бірге орыс тілінде өзге тілдерден енген сөздер қалай айтылып, жазылса – қазақ тілінде де сол заңдылық сақталуы тиіс болды. Бұдан тіліміздің сөздерді дыбыстау ерекшелігі көп зиян шекті, қазақ тілінің шет сөздерді өзіне икемдеу қабілеті жойылды. Міне, қазіргі қазақ тіліне орыс тілі арқылы енген терминдерді өзгеріссіз айта білуіміз – терминдерді қазақшалауға кедергі келтіріп жатыр. Мысалы, europa сөзін ағылшындар еуроп деп айтса, орыстар – европа дейді. Демек, біз бұл сөзді ұзақ жылдар бойы орыс тілінің заңдылығына сай оқып, жазып, дыбыстап келдік. Қазір еуропа дейміз. Мұнымыз – тіліміздің оқу, жазу заңдылығына сай. Мұны неге айтып отырмыз? Ұзақ жылдар бойы орыс тілінің ықпалында болғанымыз бізді қазақ сөздеріне тосырқай қарайтын жағдайға жеткізген. Себебі бүгінде ана тілін толыққанды қолдана білмейтін қандастарымыз өз тілін жеткілікті дәрежеде білмегесін, қазақ тілінде термин жасау мүмкін емес деп санайды. Олардың ойынша, шеттен келген сөздерді сол қалпында пайдалансақ қана мағынасы түсінікті болады-мыс.

Қазақ тілінің бір артықшылығы – омонимнің аздығы мен синонимнің көптігі. Яғни, кейбір тілдердегідей (мысалы орыс тілі) бірнеше затты не ұғымды бір сөзбен атамай, әрқайсысына жеке-жеке атау берудің мол мүмкіндігі. Мәселен «класс» деген сөзді алайық. Латынның classis (топ деген мағына береді) деген сөзінен алынған класс сөзі орыс тілінде оннан астам мағынада қолданылады. Бізде осының бір мағынасы, яғни, орта мектеп оқушыларын білім сатысына қарай топтау «сынып» деп алынған. Бұл біріншіден, мектептегі «класты» басқа мағынадағы «кластармен» шатастырып алудан сақтандырса, екіншіден, айтылуы жеңілдеп, сөзге қазақы реңк берді, үшіншіден, «сынып» сөзі бірнеше түркі тілінде біздегідей мағынада қолданылады. Демек, «сынып» – қай жағынан да өзін ақтаған термин. Сондықтан мұндай сәтті жасалған терминдер қайта қарауға жатпайды.

Сосын тағы бір айта кетерлігі, термин деген тым шартты нәрсе. Белгілі бір ұғымды түсіндіруде мағынаны ықшам түрде түсіндіретін болғандықтан, жүз пайыз мағыналық дәлдікті талап ете алмаймыз. Мысалы педагог сөзін біз мектепте балаларға білім мен тәрбие беруші тұлға деп түсінеміз. Ал оның көне грек тіліндегі «бала жетектеуші» деген мағына беретінін білеміз бе? Сол кездегі «педагогтар» дәулетті отбасылардың баласын мектепке апарып, алып қайтуға, оның қауіпсіздігіне, мектепке дейін сауатты болуына жауапты болған. Ендеше қайсы ел осының түпкі мәнін қазбалап, «педагогты» өзгертейік, оның мағынасы жалданған құл екен деп жатыр? Ал бізде реанимация деген терминді «жансақтау» десек, ол «Аллаға серік қосу» деген мағына бермей ме деп, «бүйректен сирақ шығаруға» дайын тұратындар бар.

Халықаралық терминдерді қазақыландыруға қарсы кейбір тұлғалардың пікірлерінің астында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге қарсылық жатуы мүмкін. Неге десеңіз, жаңа әліпби арқылы ғалымдар қазақ тілінің байырғы дыбысталу ерекшелігін қайтармақшы. Ол үшін тіліміз жат дыбыстардан тазарып, жазуымыз да сөздің айтылуына жақындатылатын болады. Тілімізде жоқ в, ё, ч, ц, ф, х секілді дыбыстар жаңа әліпбиден шығып қалуы керек. Міне орыстілді қауымды осы мәселе ойландыруы әбден мүмкін (өйткені болашақта қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде алдыңғы орынға шығады). Сол үшін де абзац, потенциал, процент, архив т.б. сөздерінің сақталуын қалайтындардың мақсаты – латын графикасындағы жаңа әліпбиіміз қазіргі кирилл әліпбиіндегідей орыс тілінің ықпалында қалдыру. Бірақ қоғамдық сананың дамуы, мемлекетшілдік үрдіс тілдің даму заңдылығына бойұсынары анық. Ал ол құбылыс терминдердің қазақылануына игі әсерін тигізбей тұрмайды. Сондықтан тілімізге жат сөздерді өзгеріссіз енгізіп, байытамыз дегендер тілді дамыту – қазақша терминдерді тұншықтыру емес, керісінше, ол мәселеде қазақыландыру үрдісіне жол ашу – ең әділ жол екенін түсінгені жөн.

Соңғы жаңалықтар