5 Шілде, 11:24 558 0 Білгенге маржан Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Шыңғыс Мұқан: 10-15 жылда қоғам мүлде өзгереді

– Жалпы, бізде идеология деген қандай түсінікте қалыптасқан? Бұл көбінесе таңылған түрлі идеяларды халықтың ішіне егу. Сол арқылы халықты басқару деген сөз. Менің ойымша, идеологияның жалпы түбірі жалаң сөз емес.  Бірақ біздің басты идеямыз адамзаттық құндылықтармен ұштасуы керек. Сол идеяларды, адамзаттық құндылықтарды ішкі және сыртқы саясатта, тәрбиеде, білімде, ұжымдық және қоғамдық қарым-қатынаста ұстануымыз керек. Ең басты идеология осы болуы қажет. Мәселен, әділдік һәм әділеттілік мәселесі. Егер әділеттілік идеология болатын болса, онда халық пен билік, ерлі-зайыптылар, жұмысшы мен бастық арасындағы әділеттілік адами қарым-қатынас негізінде құрылуы керек. Айталық, жақында сай­лау науқаны өтті. Қаншалықты әділетті немесе әділетсіз болғанына баға бере алмаймын, бірақ келіп түскен ақпараттарға қарағанда әділетсіздіктер де орын алмай қалған жоқ. Егер сол әділеттілік мәселесі идеология деңгейіне жетсе, басты идея болса, сол құндылық халықтың жүріс-тұрысына, өзін ұстауына да әсер етер еді. Бұрын әжеміз құлағымызға «Біреудің ала жібін аттама» дегенді құятын. Сол сияқты осындай құндылықтар әр балаға кішкентайынан айтылса, ешқашан ұмытпайды, санасынан өшірмейді. Бір өкініштісі, бізде мұндай құндылықтар идеология, саясат деңгейіне жеткен жоқ. Себебі, біз «Молданың істегенін істеме, айтқанын істе» дегеннің арасында жүрміз.

– Өзіңіз АҚШ-та білім алдыңыз. Біздің еліміз бен ондағы құндылықтарды бағалау жайы туралы айтсаңыз.

– Иә, АҚШ-та біраз жыл болдым. Мұнда еркіндік, сөз бостандығы, адамның құқығы деген құндылықтар идеология деңгейіне жеткен. Оларда балаға кішкентай кезінен «Сенің құқығың бар», «Сен өз алдына жеке азаматсың», «Сенің құқығыңды таптауға мұғалім де, қоғам да, тіпті, ата-анаңның да қақысы жоқ» деп тәрбиелейді. Құндылықтардың саны да көп емес. Сөз бостандығын алайық. Ол біздегідей білгенін әлеуметтік желіде ғана айту емес. АҚШ-та ақпарат құралдары – үлкен күш. Жасырын қалған тақырып қалмайды, талқыланбайтын мәселе жоқ. Қоғамдағы кез келген дүние ашық талқыға салынады. Меніңше, жұрт аузының суы құрып айтатын АҚШ-тағы құндылықтарға оңай-ақ келуге болады. Ол үшін алдымен саяси жүйеге жаңа көзқарастағы адамдар келу керек. Атап айтқанда, мемлекетті басқарудың өз ережесі бар. Қайткенде елдің дамитынын, қайтпегенде дамымайтынын әлем көріп отыр. Соның ішінде ең басты дүние – адамның еркіндігі, сөз бостандығы сияқты қарапайым дүниелер. Саяси плюрализм болмаған жағдайда көп дүниеге қол жетпейді. Солар ашық мойындалып, жаңа саяси толқын келуі керек деп ойлаймын. Меніңше, алдағы 10-15 жыл ішінде саяси алаң, қоғам мүлде өзгереді. Жаңа адамдар келеді, жаңа көзқарас қалыптасады. Көп нәрсеге адамдардың көзі жетеді. Америкада, Еуропада сөз бостандығы туралы әңгіме айтсаң, түсінбейді. Қабылдай алмайды. Ал біз үйреніп қалғанбыз. Ол үшін адамның саяси санасы өзгеруі керек. Ақпараттық технологияның дамығаны, адамдардың ақпарат алмасуының жеңілдегені бәрін жылдамдатып жіберді. Өркениет елдері бұған аз уақытта келіп үлгерді. Адам рухани өмір сүру үшін қолында ақпарат көп боулы тиіс. Сонда ғана ол кемелдене түседі. Ақпаратты екшеп, таңдауға да энергия кетеді. Бірақ сол арқылы ақпараттық бағыттар, саяси көзқарастар тұғыры қалыптасады. Бұл дамыған елдердің негізгі тренді.     Меніңше, идеология мәселесіне әкім орынбасарлары, ішкі саясат мамандары ғана жауап бермеуі керек. Әркім өзінен бастауы қажет. Қазақстанның ішкі саясатына жауап беретін азаматтар дұрыс адамзаттық, демократиялық құндылықтарды идео­логия деңгейіне шығарса деймін. Сөз бен іс ұштасса, сонда ғана халық иланып, бір бағытқа, адам баласына ортақ құндылықтар төңірегіне топтасады.

– Сіз әкім орынбасары қызметінде отырғанда осындай құндылықтарды идеология деңгейіне жеткізе алдыңыз ба? Әлде қандай да бір кедергілер болды ма?

–  Елімізде идеология бір ғой. Бұл – белгілі бір саяси тұлғалардың төңірегіне топтасады. Ал әлеуметтік нақты жобаларға келетін болсақ, әрине істелген  жұмыстар да, жеке жобалар да көп болды. Білім, денсаулық саласында да талай жұмыс атқарылды. Бірақ кез келген жұмысты екіге бөліп қарауға болады. Біріншісі – сырты, екін­шісі – іші. Сыртқы келбеті мен ішкі мазмұны астасып жатыр ма? Жылдан жылға білім ошақтары, денсаулық сақтау мекемелері көптеп салынуда. Бұл – сыртқы келбеті. Ал ішкі мазмұны – бөлек әңгіме. Әдетте сыртқы келбетін жасау оңай да, ішкі мазмұны қиындау. Кейде кейбір мәселе бойынша ұрпақ ауысуға тура келетін шығар.

– Идеологияның басты құралы не?

– Адамдардың жеке басын құрметтеу, олардың сөз бостандығына нұқсан келтірмеу, азаматтардың бейбіт шеруге шығып, пікірін айтуға мүмкіндік беру керек. Заң бойынша рұқсат сұрау керектігі түсінікті, алайда заң да адамдардың ойлап тапқан ережесі ғой. Басты идеология адамның жеке басына деген құрмет болуы қажет. Оның ой еркіндігіне деген құрмет жасалуы тиіс. Қоғамда әділеттілік үстем құруы абзал. Сол бағытта жұмыс істесек бәріне жету оңай.    Тіпті, мем­лекетті басқару да, мемлекетті дамыту да жеңіл болар  ма еді?!

Соңғы жаңалықтар