Алынбай қалған сұхбат...

Алынбай қалған сұхбат...

Алынбай қалған сұхбат...
ашық дереккөзі
Қалам ұстап келе жатқан жылдар ішінде кейбір кейіпкерлеріңнен қайталап сұхбат алу дәстүрін жаңғырту мақсатымен осыдан оншақты күн бұрын белгілі отбасының шамшырағына ғана емес, бүкіл Бір әулеттің абыз анасына айналған ұстаз – Мәрзия анамызбен әңгіме-дүкен құрсақ деген  едік. Тыңдар құлақ болса, әңгіменің майын тамызатын, қазақи тәлім-тәрбиенің, салт-дәстүрі­міз­дің атам заманнан келе жатқан үрдісі мен тарихи жолынан сыр ақтаратын әңгімешіл-шешен анамызбен тағы да дидарласудың сәті түспепті. «Жазмыштан озмыш жоқ»,  бүгін алматылықтар халқымызға Дәулеттей батыр да мейірімді, Атымтай Жомарттай қайырымды  ұлды сыйлаған асыл анамызды мәңгілік мекеніне шығарып салды... Батыр Ана, Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстаз, аяулы әже өзінің жетпіс тоғызыншы жазында осылай өмірмен қоштасты. Бір кездері қолынан дәм татып, арқа-жарқа отырып сұхбат берген сәті көз алдымыздан кинолентадай сырғып өтіп, біз де көз жасымызға ерік бердік. Шешен кісі еді. Жүйелі әңгімесі әлі көкіректен кете қоймаған. Кең пішілген болмысы тұнып тұрған мейірім еді. Бірер сағат болса да сол аналық мейіріміне шомылып, әдемі бір сәттерді бастан кешкеніміз күні кеше ғана секілді санамызды шарлап өткендей болдық. Бүкіл саналы ғұмырын бала тәрбиесіне, білім саласына арнаған Мәрзия Айтбайқызы республикамыздың білім беру ісінің үздігі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессорлық қызметпен қатар отбасының да киесі бола білген жан.  Белгілі қазақ балуаны, еңбек сіңірген жаттықтырушы, ғұмырлық отағасы Болат Тұрлыхановпен алтын асықтай қыз, айбынды ұлдар тәрбиелеп өсірген. «Алып анадан туады» демекші,  жаратылысы кең, пейілі ашық, дархан мінезді ұстаз-ана еліміздің ағарту саласындағы тәлімгерлігін ұйыған ошақ басында да қалыптастыра білген салиқалы ана. «Баланың өзін туасың мінезін тумайсың» дегенді өмірлік жалау еткен Мәрзия Айтбайқызы тек өз ұрпағын ғана емес, талай «тентектерді» түзу жолға салған аса мейірімді ұстаз-ана болатын. Тұла бойы осындай үлкен адами асыл қасиеттерден қалыптасқан ұстаздардың ұстазы жайлы бүкіл ақпарат құралдарында көңіл айтулар жарияланды. «Құдасын құдайындай сыйлайтын» қазақи жақсы дағдымызды пайдаланып, Тұрлыхановтар отбасымен ширек ғасырдан астам құда-жекжат болып, сыйласып-сырласып, тіпті Бибігүл Ахметқызы айтып көріскеніндей,  екеуі «Егіздің сыңарындай» болған құдағиынан бірауыз жұбату сөзін сұраған едік.   Әтей СЕЙДӘЛИЕВА: «ЕГІЗДІҢ  СЫҢАРЫНДАЙ» ЕДІК...  – Қасиетті ораза айының соңғы күні керемет бір отырыс болды. Мәкеңнің өзі ұйытқы болып бұрынғы-бүгінгі  қызметтестерін, жақын-жұрағаттарының басын қосып, ауызашар дастарқанында жақсы бір әңгіме-дүкен құрдық. Қазақтың талантты әнші-сазгері Ескендір бастаған өнер адамдары да болды. Көңілді отырды. Әңгімеміз бітпей, тіпті мен сияқты жақындары түн­ауа  жазда «Алакөлге» баратын болып тарастық. Мәкеңнің аяғы ауыратыны болмаса, денсаулығының ешқандай кінәраты жоқ-тын. Ойлап отырсам, сол күні тіпті ерекше болып нұрланып отырды. «Ескендірмен түйдей құрдас, арасы екі-ақ күн болғандықтан, келесі жылғы аталып өтетін сексен жылдықтары жайлы да біраз жоспарларын күле отырып әңгімеледі. Жексенбі күні де «Сайлаудан кейін есік алдында демалып отырмын» деп екеуміз телефонмен екі сағаттай сөйлестік.  «Дәулеттің үйіндегі келін шетелден әкелсе керек, бір әдемі көйлек сақтап қойып едім, айт күні ұмытып кетіппін»,– деп келінінен соны беріп жіберген-ді. «Құдай-ау, несіне әуре болдыңыз, барғанда  алатын едім ғой» деп күліп, ананы-мынаны әңгімеледік. Менің де тағдырым адам айтса сенгісіз, бір басыма жетерлік қиындық пен ауыртпалықты көрдім ғой. Сол жылдарда жалғыздығымды сездірмей, үнемі жанымнан табылып, көңілімді аулап, әдемі бір жылы сөздерімен демеу болып жүретін. Еліміздің ағарту саласында қандай қызмет атқарса, сол тәжірибелі педагогтық тәлім-тәрбиені айналасына да сіңіре білген ұстаздардың ұстазы, ұстаздардың үлгісін жасаған ол құдағилықтың да үлгісін жасап өтті. Осынау жылдар ішінде, шын мәнінде егіздің сыңарындай қол ұстасып, қолтықтасып ғұмыр кештік десем артық айтқандық емес. Бізді білетіндер, әсіресе Мәкеңді білетіндер оны көріп те, біліп те жүр. Кешегі қаралы қаза үстінде маған келіп көңіл айтып, көрісіп жатқандарды  соның куәсіндей қабылдадым. Жаным одан сайын езілді. Құдағи болып басталған сыйластығымыз апалы-сіңілі секілді, сыр ақтарар құрбы секілді өткен тату-тәтті жылдар көз алдымнан бір күнгідей болмай зу ете қалғаны... Тұрлыхан атамыз кезінде жақсы қызметтер атқарған,  сонау отызыншы жылдары Сәкендермен сырлас, мұңдас, тағдырлас болған азамат екен. Сол зиялы қауымға тағылған жаман атақ ол кісіні де жалмап тынса керек. Атадан қалған екі ұлдың бірі ертерек қайтыс болып кетеді де, біздің Болат құдамызды аман-есен өсіріп, адам қатарына қосу үшін анасы алғашында Алматы облысының Сарыөзек жағына, содан кейін қалаға қоныс аударса керек. Қазақ халқы үшін жаны құрбан болған сол азаматтардың қатарында кеткен атадан қалған жалғыз біздің құдағимен тағдыр қосып, он бала өмірге әкеліп, өсіп-өнді. Сегіз ұлдың бірі жол апатынан қайтыс болды да, қазір жеті ұл мен екі қызы үйлі-жайлы. Болат құда елу тоғыз жасында қайтыс болып, үбірлі-шүбірлі балалар анасының қолына қарап қалғанда да, қайыспаған қайраткерлігі де мықты еді. Адам баласы анасының құрсағында-ақ бір шаруаға бейімделетін болуы керек, ол тумысынан ұстаздықты қалап, өмірінің соңына дейін бар болмысы мен күш-жігерін осы жолға арнады. Еліміздің егемендік алған алғашқы жылдары бар мүмкіндігін пайдаланып, балаларының аузынан жырып десек қателеспеспіз, «Болашақ» атты дарынды балалар мектебін, одан кейін бірінші Алматыдағы өз үйінің ауласынан балалар бақшасын ашып, болмашы қаражатпен бастаған тірлігінің жемісін де көрмеді емес, көрді. Жаһандану жайлаған озық технологияның әсерінен де болар,  өз баласына сөзін өткізе алмайтын қиын  заманда кісі баласын бір ата-ананың баласындай бөлмей-жармай тәрбиелеу ұлы ұстаздардың ғана қолынан келетін тірлік қой. Болат пен Мәрзияның кенже қызы Гүлмира менің келінім, ұлым Абай екеуі де бүгінде немере сүйетін жасқа келіп қалды. Тұңғыштары жоғары оқу орнын бітіріп, ержетіп отыр. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деген халқымыз,  ортақ немереміздің қызығын бірге көрсек, қуанышында бірге отырсақ деген ықылас-ниетіміз бар еді, амал жоқ... Ойламаған жерден тірлігінің тоқтағаны-ай... Құрсағынан тарағандардың саны бүгінде бір үлкен ауылды құрап қалған Мәкеңнің, әрине, арманы жоқ қой, дегенмен, арамызда жүре тұрғанда болар еді деген. өкініш өзекті тырналайды. Бірімізсіз біріміз ешқайда бармаушы едік. Жалғызсырап қалдым... Редакциядан: «Артында ұзақ-сонар із қалдырған» еліміздің ұлағатты ұстазы Мәрзия Айтбайқызын жоқтаушылар саны, әрине, баршылық екені сөзсіз. Дегенмен, солардың ішінде әулетін өсіріп, жетілдіріп мәуелі  бәйтерекке  айналдыратын, ұрпақ жалғастыратын құдалықтың жөні, тіпті бөлек. Әтей анамызды әңгімеге тартқанымыз да сондықтан. Әппақ жүзінен сорғалаған қимас тамшыларды көріп отырып, екеуінің кереметтей сыйластықта, қарым-қатынаста болғанын аңғару қиын емес еді. Сұхбатқа келісіп тұрып жете алмай қалған өкініш біздің де өзегімізді өртеп кеткендей...  Елім-жерім дейтін жетілген жетелі жеті ұл мен желкілдеген есті  екі қызынан тараған үлкен әулетке, Тұрлыхановтар әулетіне қайғысына ортақтасып газетіміздің  қалың оқырманы атынан көңіл айтамыз.  Иманы жолдас болсын!

Жазып алған Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ