19 Маусым, 14:23 644 0 Өнер "Түркістан" газетінің авторлары

ТҰҒЫРЫ БИІК - ТҮРКІСТАН

Түркістан төрт бағытта дамиды

Түркістан облысының құрылғанына биыл 1 жыл толып отыр. Өткен жылдың 19 маусымында Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Шымкент шаһарына мегаполис қала мәртебесін беріп, Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Сол тұста жаңа облыстың орталығы болып Түркістан қаласы бекітілді.

Міне, содан бергі уақытта жаңа облыс орталығын көркейту, гүлдендіру бағытындағы жұмыстар үлкен қарқынмен жүргізіліп келеді. Бекітілген жобаларды жоспарға сай жүзеге асыру мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Республикалық деңгейде жиі-жиі жиындар өтіп, Түркістанның дамуы жан-жақты пысықталуда. Жалпы алғанда, Елбасының Жарлығымен жаңа статусқа ие болған көне қала жаңа кейіпте бой көтеріп жатыр.

Ең бастысы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына ел Үкіметі айрықша назар аударып отыр. Бір айдың көлемінде Үкімет тарапынан аса маңызды 5 қаулы қабылданған. Оның ең маңыздысы - «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары». Бұл бағытта қомақты қаржылар қарастырылып, маңызды жобаларды іске асыру және өңірді дамыту бағытында көптенен жұмыстар жүзеге асады деп жоспарлануда.

Аптаның сейсенбісінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жыл бойы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, баспасөз мәслихатын өткізді. Онда Түркістан облысының даму барысы да жан-жақты айтылды.

Жыл соңында жеті нысан пайдалануға беріледі

Түркістанның дамуына еліміздің барлық өңірі, ірі ұлттық компаниялары мен бизнес өкілдері өзіндік үлестерін қосып жатыр. Атап айтсақ, Қостанай облысы - Неке сарайын, Шығыс Қазақстан облысы – әуенді субұрқақ тарту етпек. Жамбыл облысы – Визит орталығын, Батыс Қазақстан облысы – Тарихи-киелі орындар орталығын тұрғызбақ. Қызылорда облысы – Шығыс моншасын, Маңғыстау облысы – Амфитеатр, «Нұр - Сұлтан» қаласы – «Нұр - Сұлтан» алаңын, Алматы – Медиа орталық, Шымкент қаласы – облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана салып береді деп күтілуде. Автобекет, фитнес орталық, бес жұлдызды «Риксос» қонақүйінің құрылысы жеке инвесторлар есебінен жүргізіледі. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы, «Базис-А» және «BI Group» секілді ұлттық компаниялар да көне қалаға сәулетті ғимараттарды тарту етпек.

 

--Жалпы бүгінгі таңда құрылысы қарқынды жүріп жатқан Түркістанда 29 нысан салынады. Оның ішінде жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында 17 нысанның құрылысы басталған. Биылғы жылы облыс әкімдігі, «Нұр-Сұлтан» алаңы, Медиа орталық, Олимпиадалық резервтегі спорт мектебі, саябақ, музыкалық мектеп, халыққа қызмет көрсету орталығы пайдалануға беріледі деп күтілуде – деді Өмірзақ Шөкеев.

Ясауи шәкірттері шақырылады

Бүгінгі таңда Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, идеологиялық дамуының 4 бағыты айқындалып отыр.

Біріншіден, Түркістан – қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы. Екінші, Түркістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы. Үшінші, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы. Төртінші, Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға. Міне, осы 4 бағыт бойынша идеологиялық жұмыстар қолға алынады. Оның бірқатары Түркістан облысының 1 жылдығы аясында басталып та кетті.

-- Келген туристер өңірімізде орналасқан киелі жерлерге зиярат етіп, туристік бағыттарды насихаттайды. Тарих қойнауында көнеден келе жатқан ұлттық қолөнерімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін, шеберлік құпиялары мен қолөнер технологияларын сақтау, нығайту және жаңғырту үшін барлық жағдай жасаймыз. Түркістан заманында тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі сауда орталығы болғаны ескеріле отырып, бұл қаланы ірі сауда, өнер, туризм орталығына айналдырудың кешенді тетігі дайындалады. Ясауидің артына қалдырған өшпес мұрасын насихаттау мақсатында Қожа Ахмет Ясауидің Түркия, Өзбекстан, Иран, Индонезия және Еуропа елдеріндегі шәкірттерінің басын қосатын симпозиум ұйымдастырылады – деді облыс әкімі.

57 туристік нысан әзірленуде

Түркістанда туристер үшін қолайлы жағдайлар жасалады. Көшелері көне қаланы еске түсірсе, шығыс базары секілді сауда қатарлары шетелден келушілерге түрлі кәде-сыйларды ұсынбақ.

Ең бастысы, қалада халықаралық аэропорт салынып, Ташкент пен Бұқарадан, Самарқандтан туристерді тікелей тасымалдау мақсатында бағытында рейстер ашылады.

Бүгінде ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Түркістан қаласында туризм саласы бойынша колледж ашу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ экологиялық, тарихи-мәдени және

танымдық бағытта 57 туристік маршрут әзірленіп отыр. Соның бірі - Қасқасу туристік-рекреациялық кешені.

Жобаның бірінші кезеңінде жылына 45 000 – 110 000 туристер қабылдауға мүмкіндік тумақ. Оның құрылысы барысында 2000 –ға жуық жұмыс орны және іске қосылғанда 400 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Сондай-ақ «Зияратшылар орталығы» ғимараты қайта құрылымдаудан өтіп, «Ұлы Жібек – жолы» ұлттық қол өнер шеберлері орталығына айналады.

Орталықта қолөнершілер үшін дуалды білім беру орталығы ашылады. Шәкірттер дәстүрлі қолөнердің барлық түрлерін үйренеді. Керамика, тоқыма, ағаш және былғарымен жұмыс жасауды, сондай-ақ зергерлік бұйымдар мен қола құю істерін меңгеретін болады.

Түркістаннан Шығыс базары салынады. Мұнда Шығыс стиліндегі 5 Жібек-Жолы елдерінің базары қарастырылған. Аталған жоба толықтай жеке инвестиция есебінен іске асырылады.

Ақылды технологиялар қолданысқа енеді

Өңір басшысының айтуынша облыс орталығын азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласы аймағында радиусы 15,0 шақырымды құрайтын азық-түлік және жасыл белдеу қалыптастыру жобасы басталған. Ғалымдардың сүйемелдеуімен ақылды технологияларды қолдана отырып жүзеге асатын белдеу 2 кезең бойынша жүзеге асады. Бұған қоса, 8 ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда.

--Ауа-райының қолайлылығы, халықтың еңбекқорлығы – өңірдің инвестициялық қабілеттілігін көрсететін басты өлшемнің бірі. Биылғы жылдың алғашқы бес айында инвестиция көлемі 60 млрд. теңгеден асты. Сондай-ақ облыста бүгінде экспорттаушылар үшін бірыңғай Call Center жұмыс істеп келеді және кәсіпкерлерге арналған барлық қажетті ақпарат орналасқан веб-портал сынақтан өткізілуде – деді Өмірзақ Естайұлы.

Мыңнан астам көпбалалы отбасы пәтерлі болады

Облыста халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жайы басты назарда. Көпбалалы аналарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету мөлшері артып келеді.

Түркістан облысы бойынша жыл соңына дейін 1032 көпбалалы отбасы пәтермен қамтамасыз етілетін болады. Бұдан бөлек, 2019 жылдың 5 айында Түркістан облысы бойынша барлығы 1724 пәтер тапсырылған. Жыл қорытындысымен 50 тұрғын үй, яғни 2 613 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Облыста 2 қалалық, 4 аудандық емхананың құрылысы және Түркістан қаласында №3 облыстық перинаталдық орталығына жапсарлас 150 орындық перзентхананың құрылысы жүруде. Сондай-ақ, облыс орталығында 900 орындық 1 білім ұясы салынып жатыр.

Биыл мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында 3315 жаңа жұмыс орындары ашылған. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне айтарлықтай әсер еткен. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде 24 478 адам жұмыспен қамтылған.

Бүгінде облыс тұрғындарының өмір сапасын арттыру мақсатында инженерлік инфрақұрылым, соның ішінде жылу, су тарту жүйесі, газ және электрмен жабдықтау бойынша көптеген мәселелер шешімін тауып келеді.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында әкімшілік-іскерлік орталық пен мәдени-тарихи орталықты бұрын қолданылмаған инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Жаңадан салынып жатқан нысандарды жылумен қамтамасыз ету және оның сапалық көрсеткішін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында жаңа технологиялар қолданылып жатыр.

Түркістан қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін ағымдағы жылдың соңына қарай халықтың 56% газбен қамтамасыз ету жоспарда бар.

Баспасөз мәслихаты барысында облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды кең көлемде айтып өтті. Алдағы жұмыс жоспарымен де таныстырып, жүзеге асатын жобаларға да жан-жақты тоқталып өтті.

Жиынға республикалық және облыстық БАҚ басшылары мен өкілдері қатысты. Түрлі тақырыптар төңірігенде қойылған сұрақтарға да толыққанды жауап берді.

С.СЕЙІТ,

Түркістан қаласы

Соңғы жаңалықтар