Бес реформа – бес белес

Бес реформа – бес белес

Бес реформа – бес белес
ашық дереккөзі

Ел Елбасына сенеді, ал Елбасы ел сенімінен қуат алады. Өткен аптадағы Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінен осындай ой түюге болады. Елбасы сондай-ақ, жақын күндері жүзеге асырылуы тиіс басым бес бағытты ай­қын­дап берді. «Жақын бола­шақта игі істерді жүзеге асыру үшін мен бес басым бағытты айқын­дап отырмын» деген Елбасы жергілікті атқару билігі мен жалпы биліктің сай­лануын қамтамасыз ете­тін­дігіне тоқталды. Бұдан кейін билік өкілеттілігін Прези­денттен Парламентке, Үкі­метке теңдей бөлісуді мақсат ететін конституциялық реформа жасалуы тиіс. Бұл Қазақстанның мемлекеттігін нығайтатын фактор. Сонымен Елбасы атап өткен бес фактор не? – Бірінші, мемлекеттік қызмет көр­сету мен экономикалық бағдар­ла­маларды сапалы түрде жүзеге асы­ратын жаңа заманғы, кәсіби және автономды мемлекеттік аппаратты қалыптастыру. Бүгінгі таңда мемлекеттік әкімшілік қыз­меттің саяси деңгейге тәуел­ді екенін байқамау мүмкін емес, – деген ол басқару аппара­тын­дағы командалық көші-қон­ның жемқорлыққа бастар жол екендігіне ерекше тоқталды. Бұндай патронат жемқорлыққа жол ашып, табынушылыққа бастап, кадрлық мүмкіндіктерді төмендетеді. Айта кетер бір жайт, еңбекақының төмендігі мемлекеттік қызметке деген ынта-ықыласты тәрк етіп отыр. Мемлекеттік қызметтегілердің билік баспалдағынан өрлеуге қатыс­ты нақты перспективасы жоқ, ал қызметте өрлеуі жаңағы табыну­шы­ларының көңіл-күйіне ғана бай­ла­нысты. Маңызды мемлекеттік бағдар­ламалар мен жобалар әртүрлі деңгейдегі жекелеген шенеуніктердің тиянақсыздығынан зардап шегетінін жақсы білем. Сол себепті де, маңыздысы – мемлекеттік корпусты кәсіби және автономды ету қажет. Сайлау, министрлер мен әкімдердің ауысуы мемлекеттік әкімшілік жұмысына әсер етпеуі тиіс, – деген ол мемлекеттік қызметкерлердің барлық билік баспалдақтарынан өтуі жөн деген пікірді айтты. Болашақта мемлекеттік қызмет жөніндегі жаңа заң қабылданып, Жемқорлықпен күрес жөніндегі заңға өзгерістер мен түзетулер енгізілуі тиіс. Екінші – экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ең әуелі заңның үстемдік етуін қадағалау қажет. Бұл жекеменшік құқығын кепілдендіріп, кәсіппен айналысу үшін жағдай тудырып, келісім міндеттерін қорғауға жұмыс істеуі тиіс. Елбасы, сондай-ақ, бүгінгі таңда соттардың беделінің азайып кеткендігіне де баса назар аударды. – Соттардың сайланбауы, соттарға қойылатын талаптардың тиімсіздігі судьялар корпусы арасындағы жемқорлықты үдетуге себеп болып отыр. Ол үшін соттардың ашық болғаны қажет. Бүгін халық жол инспекциясының офицерінің әкімге не министрге жол көлік ережелерін бұзғандығы үшін айыппұл салатынына сене алмайды. Жақында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керридің үй алдындағы қарын тазаламағаны үшін жауапқа тартылғанын мысалға алғанымыз жөн. Сондай-ақ, елдің Қорғаныс саласын оңтайландыру керек. Армияның қабілетін арттыруды да маңызды мәселелердің бірі деп қараған жөн. – Үшіншіден, диверсификацияға негізделген индустриализация және экономикалық өсім. Индустриа­лизация – экономиканың құралы ғана емес, сондай-ақ, мемлекет дамуының және орта таптың қалыптасуының маңызды факторы, – деген Елбасы ауыл өмірінің қайнаған тірлігі бүгін бәсеңсіп қалғандығын да атап өтті. Әсіресе, аграрлық секторды дамыту мақсатында ел қазынасынан миллиондап бөлініп жатқан қаржының алысқа бармай жататыны да өкінішті. Сондай-ақ, төменгі пайызбен берілетін субсидиялар, ауыл өнімдерін өндірушілердің салықты аз төлеуі де осы саланы аяғынан тұрғызу мақсатында жасалып жатқан оң қадам. Бұл ретте маңызды мәселенің бірі, кіші және орта бизнесті дамыту, туризм саласын жандандыру, сол арқылы ауылда басым бөлігі тұратын қазақ халқының еңбекке араласуын қамтамасыз ету мәселелері оң шешімін табуы тиіс. Елдегі ірі мегаполис Алматының ерекше мәртебесі де назардан тыс қалмады. Алматыны қаржы орталығына айналдыру процесі қарқынды дамып, Алматы арнайы мәртебесін заңды түрде алуы тиіс делінді. Төртіншіден – болашақтың ұлты. Елдегі татулық пен келісімнің арқасында өз даму моделімізді қалыптастырып, айтарлықтай табысқа қол жеткіздік. Қазақстан Конституциясы нәсілдік, этникалық, діни және әлеуметтік тегіне қарамастан барлық азаматтардың теңдігіне кепілдік береді. Қазақстандықтардың бірлігі азаматтық принципі бойынша жүзеге асуы тиіс. Елді біріктіруші идея – Мәңгілік ел идеясы болуы тиіс. Мемлекет құрушы ел ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Қазақтар Жаңа Қазақстанның болмысын қалыптастыруда барша ұлыстарды ұйыстырушы рөлге ие. Бұл – қазақтың ұлттық сипатын сақтап, дамытудың және еліміздің қазақы болмысын нығайтудың басты факторы, – деген Елбасы тілдердің үш тұғырлылығын да маңызды мәселелердің бірі ретінде атап өтті. Ал бұл ретте орта тапты қалыптастырудың маңыздылығы да ерекше. Өйткені ел экономикасының тұрақты болуы ұлттық буржуазияның қалыптасуына тікелей байланысты. Ұлттық буржуазия ұлттық біртектілік пен бірыңғайлылықты да қамтамасыз етеді. Жалпы адамзаттық құндылық ретінде – Мәңгілік Ел идеясы өміршең болуы тиіс. Бесіншіден – Транспарентті және есеп беруші мемлекет. Қазақстан қоғамы өзгерістерге қадам сайын бейімделуде. Біз ішкі саяси жағдайды шиеленістірмеу үшін «алдымен экономика, сосын саясат» принципіне сүйендік. Ал керісінше, саясат ұстанғандардың бүгінде геосаяси қателіктерге бой алдырғанын көріп отырмыз, – деген Елбасы алдағы уақытта осы міндеттердің үдесінен шығу қажеттігіне ерекше тоқталғаны талай адамға терең ой салғаны деп білеміз.