Шығыс Қазақстанда алғаш болып технотуризм қолға алынады

Шығыс Қазақстанда алғаш болып технотуризм қолға алынады

Шығыс Қазақстанда алғаш болып технотуризм қолға алынады
ашық дереккөзі
Шығыс Қазақстанда технотуризм саласын дамыту мақсатында еліміздегі алғашқы жоба әзірленіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Технотуризм - қазір әлемде жоғары сұранысқа ие туризмнің бір саласы. Ал Қазақстанда туризмнің бұл саласы соншалықты танымал емес. Осы тұрғыда біз алғаш болып қалға алуды жөн көрдік. Технотуризм - белгілі бір оқиға орын алған жер, ол мүмкін жер сілкінісі, ядролық жарылыс немесе экологиялық апат орын алған аймақ болуы мүмкін. Мысал келтірсек, Украинадағы Чернобыльға жылына миллиондаған турис барады. Аталған туризм саласын қолға алудың негізгі екі себебі бар. Ол алдымен, тарихпен танысу, яғни өткенді ұмытпау. Екіншіден, отандық және шетелдік туристерді тартудың бір амалы», - деді ШҚО Туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Инара Бойдукова. Оның айтуынша, бүгінде облыстық Туризм басқармасы технотуризмді жүзеге асырудың жобасын әзірлеу үстінде. «Жоба әзірленген соң, оны бекітуге жібереміз. Қабылданған жағдайда жақын жылдары іске асыруды бастаймыз. Мұны туризмнің табыс әкелетін саласы деп айтуға болады. Өйткені, біз белгілі бір нысанға экскурсия ұйымдастырып қана қоймай, әр туристі қауіпсіздік және медициналық тұрғыдан сақтандырумен қамтамасыз етеміз. Одан бөлек, аталған нысанға баруға рұқсат беретін тиісті құжаттар болуы тиіс. Ал ол өз кезегінде біраз уақыт пен қаражатты талап етеді. Біздің аймақтағы технотуризм үшін басты нысан болып табылатын ол -  Семей полигоны. Қазірдің өзінде полигонға отандық және шетелдік туристерден сұраныс бар. Оған дәлел, бұған дейін жеке туристік агенттіктер арқылы Семей полигонына барған туристер бар», - деді ол. И.Бойдукованың мәліметінше, аталған жобаны еліміз бойынша Шығыс Қазақстан алғаш қолға алып отыр және ол көпжылдық  жоспардан тұрады.  Айта кетсек, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының мұрындық болуымен елімізде онкүндік ақпараттық тур өтті. Мақсаты - ішкі туризмнің потенциалын арттыру және дәріптеу. Оған еліміздің батыс өңірлерінен, атап айтқанда, Атырау, Ақтөбе, БҚО және Маңғыстау облыстарындағы туристік агенттік өкілдері қатысты. Олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарының туристік нысандары мен сауықтыру кешендерінің жұмысымен таныса отырып өзара тәжірибе алмасты.