30 Мамыр 2019, 18:23 568 0 Қоғам Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Назарбаевқа "құрметті сенатор" атағы берілді

30 мамырда өткен Қазақстан сенатының отырысында елді 30 жылдай басқарып, биыл наурызда отставкаға кеткен Нұрсұлтан Назарбаевқа "құрметті сенатор" мәртебесін беру мәселесі талқыға салынды. Депутаттар ұсынысты бірауыздан қолдап дауыс беріп, парламент экс-президентке мәртебе беруді қаулы етті.

Назарбаев президенттіктен кеткен соң сенат төрағасы болып, елді басқару жүйесіндегі үшінші адамға айналған, экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева "Назарбаев ара-тұра сенатқа келіп тұрады деп үміттенеміз" деді.

Депутаттар бұрынғы президентке атақ беруді қолдай сөйледі. Сенат депутаты Әли Бектаев "Назарбаевқа "құрметті сенатор" атағын беруден сенаттың мәртебесі өседі" деді.

Назарбаевқа "құрметті сенатор" атағын беруді биыл наурызда ант беріп, Қазақстан президенті қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған. 27 мамырда сенат бюросының мүшелері ұсынысты түгел қолдаған.

Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурызда мерзімінен бұрын отставкаға кететінін мәлімдеген еді. 3 сәуірде ол тиісті конституциялық заңмен реттелетін "Тұңғыш президент – Елбасы міндетіне кіріскенін" хабарлады. Билік бұрын сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшті.

Жаңа әкімшіліктің бірінші жиынында Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің, Қазақстан халықтары ассамблеясының төрағасы екенін еске салды және "Нұр Отан" партиясын басқара беретінін айтты. Оған қоса, Назарбаев – Конституциялық кеңестің мүшесі.

Назарбаев билікте болған жылдары оны "қызметін асыра пайдаланды", "өкілетін демократияға қайшы жолдармен ұзартты", "билікке наразыларды қудалады" деп бірнеше рет айыптаған. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы Назарбаевты ақпарат еркіндігін тұншықтырып отырған "жыртқыштар" тізіміне қосқан. Қазақстан билігі бұл айыптаулардың бәрін жоққа шығарады.

Соңғы жаңалықтар