2019 жылы – 1825 пәтер

2019 жылы – 1825 пәтер

2019 жылы – 1825 пәтер
ашық дереккөзі
«Нұрлы жер» бағдарламасы 2016 жылдан бастап іске қосылды. Оған мемлекеттік бюджеттен 4 миллиард 600 миллион теңге бөлінген.  Елордада «Нұрлы жер» аясында сатылатын және келер жылы құрылысы аяқталатын баспаналардың саны артқан.  Орталық филиалдың директоры Жансұлтан Матаев Нұр-Сұлтанда биыл қолданысқа берілетін үйдің бағасы қолжетімді екенін айтты. «Қазіргі таңда банк 364 пәтерді пайдалануға беруге дайын. Оның ішінде 1 бөлмелі – 75, 2 бөлмелі – 168, 3 бөлмелі – 121 пәтер қолданысқа беріледі. Пәтердің 1 шаршы метрінің құны – 180 мың теңге. Бұл баға бас қаладағы баспананың орташа нарықтық бағадан екі есе төмен. Тұрғын үйдің бірінші қабатында балаларды дамыту орталығы, сауда және тамақтану орындары орналасқан. Пәтер сатып алу үшін Тұр-ғынүйқұрылысжинақ банкінің клиенті болып, депозитке үй бағасының 20 пайыз алғашқы жарнаны жинау немесе аудару қажет. Займның жылдық мөлшерлемесі – 5 пайыз. Баспана алуға өтініш бергендердің 50 пайызы – банк салымшылары, қалған 50 пайызы – қалалық әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар. Қазіргі есеп бойынша Тұрғынүй құрылысжинақ банкіндегі жинақ шоттарының орташа толтыру сомасы – 106 мың теңге. Тұрғындарға берілген займдардың орташа сомасы – 10 миллион теңге. Биыл жыл басынан бері елімізде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесімен 26 мың азамат баспаналы болды. Оның 19450-і пәтерді коммерциялық нарықтан сатып алса, 7 мыңға жуығы «Нұрлы жер» аясында несие рәсімдеген. Қазір халық баспанаға қаражат жинап үйренді. Бізге қаражатын үнемдеп, баспанаға жуық арада қол жеткізуді мақсат еткен азаматтар келеді. Баспанаға қаражат жинауға табыстың аз-көптігі ықпал етпейді. Біздің салымшылардың 40 пайызының жалақысы 150 мың теңгеден төмен» деді Жансұлтан Матаев. 2019 жылы Нұр-Сұлтанда аталған мемлекеттік бағдарлама аясында тағы 1825 пәтерді сату жоспарланып отыр. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов: «Нұр-Сұлтанда коммуналдық тұрғынүй қорында баспана кезегінде 45 мыңнан астам адам тұр. Соның 20 мыңнан астамы – түрлі әлеуметтік аз қамтылған топтар», –  деді ол. Оның айтуынша, елордада тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй бағыттары бар. Мәселен, жалға берілетін тұрғын үй бойынша өткен 2018 жылы 180 пәтер пайдалануға берілсе, 2019 жылы  700-ден астам пәтер өз иесін табады. Кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша 2018 жылы 481 пәтер үлестірілген болса,  2019  жылы 900-ден астам пәтер пайдалануға берілмек. «Демек биыл 1600-ден астам отбасы баспаналы болады.  Егер осы қарқынмен кезек жылжыса, бүгінгі күні кезекте тұрған 45 мыңыншы тұрғын кемі 25 жылдан кейін баспаналы болады. Тұрғын үй кезегіндегілердің тізімі 45 мыңмен тоқтамайтынын тағы қосыңыз. Осылайша астаналықтардың баспана мәселесін бюджет қаржысына, коммуналдық тұрғын үй қорының есебінен шешу мүмкін емес деп кесіп айтуға болады», – деді Нұркенов. Енді не істемек керек?! Мәселені шешудің қандай жолдары бар, –  деген азаматтар сауалына: «Әкімдік көптің көкейінде жүрген баспана мәселесін шешу механизмдерін қарастырып жатыр. Соның ішінде кезекте тұрған тұрғындардың әлеуметтік осал топтарына белгілі уақыттан кейін сатып алу құқығымен пәтерлерді жалға беру мүмкіндігі ұсынылатын болады. Осы арқылы отбасы тапқан ақшасын пәтер иесінің қалтасына емес, өз меншігіне өтетін баспана үшін құюға мүмкіндік алады», –  деді Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары. Бұған қоса, әкімдік тұрғын үй сертификаттарының санын 100-ден 2 мыңға ұлғайтқанын тағы бір қайталап өтті. Тұрғын үй сертификаттары аталған топтарға тұрғын үй алу үшін 1 млн теңге көлемінде алғашқы субсидиялық жарна ретінде бөлінеді. Сертификат несиеге баспана алу үшін алдын ала төлем қаржысы ретінде қайтарымсыз негізде беріледі. 2018 жылы медицина қызметкерлеріне, мұғалімдер пен полицейлерге «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1 млн теңгелік 100 тұрғын үй сертификаты үлестірілген болатын.  

Тоғжан  ТӨЛЕГЕН