Самұрықтың мекені Қап тауы ма?

Самұрықтың мекені Қап тауы ма?

Самұрықтың мекені Қап тауы ма?
ашық дереккөзі
  Самұрық – «симорғ» сөзі парсы тілінен аударғанда «отыз тауық» немесе «отыз құс» деген мағынаны білдіреді. «Отыз» санының мағынасы Фердоусидің «Шаһнамесінде» сандық мағынасына емес, самұрықтың данагөйлік, көріпкелдік, мықтылық, сиқыршылық, мәңгілік және тағы басқа көпқырлы жағымды сипаттарына қатысты айтылса керек. Аңыз-әпсаналар мен тарихи деректер негізінде мәңгілік ғұмырға ие самұрықтың бірнеше бейнесін сомдауға болады: бірінші самұрықтың денесі бүркітке, басы мен шеңгелі арыстанға ұқсас, артқы аяқтары болмайды; екінші самұрық ит басты, денесін балық қабыршағы жапқан, тауыс құйрықты. Фердоусидің «Шаһнамесіндегі» миниатюралық суреттердегі самұрық басы бүркіт тектес, алып, әдемі құс бейнесінде көрініс тапқан. Құйрығы тауыс қауырсынындай алуан түсті болғандықтан самұрықтың «сиранг»-«отыз түс» деген аты да бар. Кейбір аңыздар самұрықтың қорегін от дейді. «Шаһнаме» кейіпкері самұрық жыртқыш жануарлармен қоректенген. Дүниенің тылсым сырынан хабардар әпсаналық дана құс самұрық бейнесі Иранның мәдени, тарихи ескерткіштерінде қашалып, Фердоусидің «Шаһнамесінен» бұрын Зәрдушт дінінің қасиетті кітабы Авестаның ең көне бөлімі – Иаштарда, кейінірек Ибн Сина мен Ахмад Ғазалидің «Ресалат-ат тайр» және сопы ақын Фарид ад-Дин Аттардың «Мантақ ат-тайр» – «Құстар логикасы» сияқты әдеби жәдігерлерден орын алған. Самұрық бейнесі Сасани әулеті билік еткен дәуірдегі алтын, күмістен жасалған әшекей бұйымдарда, кілемдерде, қыш құмыраларда, жібек маталарда көп бейнеленген. Ел билеушілерінің киімдеріндегі самұрық құстың бейнеленуі тіл-көзден сақтайтын бойтұмарлық қызмет атқарған. Тіпті, кейбір тарихи деректер алып құстың Сасани әулетінің ресми нышаны болғанын айғақтайды. Иран әдебиетіндегі самұрық бейнесі еуропалық ғалымдар Н.Я.Марр, К.В.Тревер, М.Бойспен қатар ирандық Ш.Кадкани, Т.Пурнамдариан секілді ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған. «Шаһнамеде» самұрық сиқырлы көмекшінің қызметін атқарады. Шығарманы оқу барысында самұрықпен үш рет кездесеміз. Бірінші рет «Манучеһрдің патшалығы» бөлімінің «Залдың дүниеге келуі» жайлы тарауында баяндалады. Самның сарсыла күткен перзенті – Зал аппақ шашпен дүниеге келеді. Елдің үлкен-кішісінің сөзіне ілінуден қорыққан Сам нәрестені самұрық құс мекен ететін әпсаналық тау Алборзтың басына апарып тастайды. Жалпы, самұрық мекен ететін таудың өзі даулы мәселе. Кейбір шығармаларда Қап  тауы десе, бәз біреулерде Алборз тауы деп аталған. Аңыздарға сәйкес, Қап – әпсаналық тау. Ол жердің айналасын көмкеріп жатыр.  Күн кешке Қап тауының артындағы шұңқырға батып, таңертең сол таудың үстінен шығады-мыс. Хаят суы да Қап тауында деген сөз бар. Әдебиетте тұспалмен әлемнің ең алыс жерін Қап тауы дейді. Бұрынғылар Қап тауын жердің шегесі деп білген. Олардың сенімі бойынша, тау жасыл зүміреттен тұрады; аспанның көгілдірлігі осы таудан түсетін зүміреттің жарығы, әйтпесе аспан пілдің сүйегі сияқты ақ түсті-міс. Қап тауын адам баласы мекен етпейді. Қап тауы мен аспанның арасы бір адамның бойындай ғана. Исламдық жағырапиялық кітаптарда Қап тауын Ирандағы Алборз тауы деп атаған. Сопылар Қапты жүректің, самұрықтың, жан мен хақтың мекені санаған. Парсының сопы ақыны Фарид-ад-дин Аттардың «Мантақ ат-тейр» шығармасында мынадай аңыз бар: «Бір топ құс жиналып, жеребе тартқанда бәбісекке түсіп, соның жол көрсетуімен болмыстың мақсатын тану үшін самұрықтың ұясы орналасқан Қап тауына сапар шегеді. Шығармада әр құс белгілі бір адамның бейнесі ретінде суреттеледі. Жеті өткелден тұратын жол ауыр, алыс болғандықтан әр кезеңде құстардың көбісі шыдай алмай, әртүрлі сылтаумен бір-бірлеп орта жолда қалады. Ақыр-соңында отыз құс Қап тауына жетіп, шын мәнінде, іздеген самұрық құстың өздері екендігіне көздері жетіп, болмыстың мәніне қанығады». Аттар бұл шығармада құстар бейнесінде Аллаға ғашық, Аллаға жетуге ынтыққан сопыларды бейнелесе, сопылардың ақиқат жолына жету үшін бастан кешкен қиындықтары пен мехнатын «талаб» – ізденіс, «ешқ» – ғашықтық, «марефат» – мағрифат, «естеғна» – баз кешу, «тоухид» – бір Аллаға табыну, «хейрат» – таңданыс, «фақр» – тапшылық сияқты жеті кезеңнен тұратынын көрсеткен. Соңында самұрық бірліктің символына айналған. Ирандық әдебиетші, белгілі ғалым Шафии Кадкани бұл дастанда самұрық хақ Тағаланың бейнесі деген пікір айтады. Өз пікірін ғалым мынадай дәлел келтірумен тиянақтайды: «Самұрықтың аты бар, бірақ ешкім оны көре алмаған. Яғни, заты жоқ. Көзге көрінбейтін, теңдессіз қасиеттерімен самұрық құс Алланың бейнесіне келеді». Фердоусидің «Шаһнамесінде» адам баласының, басқаны айтпағанда туған әкесінің жаны ашымаған балаға Құдайдың құдіретімен самұрықтың мейірімі түсіп, ұясына апарып, балапандарымен бірге бағып-қағып, өзі аулап әкелген жас еттің қанымен қоректендіріп, қанатының астында қорғайды. Ирандық белгілі ғалым, доктор Тағи Пурнамдариан самұрықтың панасыз қалған Залды қамқорлығына алып, тәрбиелеуін исраилдықтардың Перғауынның кәрінен қорқып сәбилерін үңгірлерде жасырғанда оларға Жебірейіл періштенің қамқор болуымен ұқсастырады. Сонымен қатар самұрық пен Жебірейіл періштенің тұрықтарының үлкендігі, ұлылықтары, қанаттары мен қауырсындарының болуы сияқты сыртқы сипаттарының табылатындығына орай екеуін ұқсас санайды. Самұрық Залға адамзат тілін үйретіп, оны адамдардың өмір салтына, соғыс тәсілдеріне, аң аулаудың қыр-сырына баулиды. Осындай қамқорлықтың арқасында хас батырларға тән алып тұлғалы, сымбатты болып өскен Зал баһадүр жайлы хабар тау маңынан өткен жолаушылар арқылы шартарапқа тарайды. Ұлының тірі екендігі жайлы алып-қашты қауесетпен қоса Самға түсінде аян беріледі. Самұрық Залға басына іс түсіп, қиын жағдайға душар болса тұтандырып, көмекке шақыр деп өз қауырсынын береді. Бұл жерде самұрықтың қауырсыны ертегі, эпостық жырларда кездесетін сиқырлы құралдың қызметін атқарады. Осылайша Зал әкесіне еріп, еліне аттанады. Самұрық адамзатқа екінші рет Зал мен Рудабенің ұлы Рүстем батырдың дүниеге келер сәтінде көмектеседі. Рудабенің құрсағындағы Иранды азат ететін Рүстем барлық батырлар жырларындағыдай ірі болғандықтан анасы Рудабенің мазасы кетіп, өзі босана алмайтындай күйге душар болады. Зал самұрықты көмекке шақырады. Әдеттегідей қауырсынды тұтандырғанда күн тұтылып, аспанды бұлт торлап, маржан жаңбыр жауады. Ақын ашық аспанды қара түнектің басуы арқылы самұрық құстың ұлылығын, жауған жаңбырды маржанға теңеу арқылы самұрықтың мейірімділігін көрсетпек болған. Самұрық құстың ақылымен ең білікті деген емші шақырылып, Рудабеге шарап беріп ұйықтатып, ішін жарып, баланы алып шығады. Самұрықтың нұсқауымен жасалған дәріні жараға жаққанда демнің арасында із қалмай, жазылып кетеді. Осылайша Иранның даңқты баһадүрі Рүстем самұрық құстың көмегімен дүниеге келеді. Фердоуси осындай батырдың дүниеге келуіне ықпалдастық танытқан батылдықтың, даналықтың, сұлулықтың, мәңгіліктің символы – самұрық құс деу арқылы ұлт батыры Рүстемнің мәртебесін жоғарылата түседі. Бұл эпопеяда үшінші рет самұрық құспен «Исфандиярдың Рүстеммен соғысы» атты бөлімде кездесеміз. Самұрық Рүстемнің Гуштасптың ұлы Исфандиярды жеңуге қатысты ақыл-кеңес береді. Гуштасп ұлы Исфандиярға уәде еткен тағын бермеудің амалын қарастырып, ұлының Рүстемнің қолынан мерт болатындығын білген соң, оның қолына кісен салып ертіп кел деп, орындай алмайтын қиын тапсырма береді. Өліспей беріспейтін Рүстем кісендемек болған Исфандиярдың талабына көнбей, ұрыс алаңында нағыз батырларша соғысады. Батырлық жырларындағы кейіпкерлер қара күш иесі болғанымен, олардың мүмкіндіктері мен күштері мифтік кейіпкер болмағандықтан шектеулі. Олардың бойынан да адам баласына тән аңғалдық, шаршау, мертігу, дертке шалдығу сияқты табиғи құбылыстар ұшырасады. Рүстемнің Исфандиярмен күресуге әл-дәрмені таусылып, тұлпары Рахштың да жағдайы мүшкілге айналғанда Зал әдеттегідей қауырсынды тұтатып, самұрықты шақырады. Зал мән-жайды түсіндіріп, самұрыққа “Егер Рүстем тәуір болмаса, пәк Систан қирап, арыстандар мен ілбістердің апанына айналмақ” деп мұңын шағады. Бұл жерде ақын Залдың аузымен елдің, жердің тағдырын көтерген. Сол кезде самұрық Рүстемді шақырып, Рахшты алып келіңдер дейді. Рүстемге көзін қадап, тұмсығымен оның денесінде қалып қойған төрт жебені суырып алады. Қауырсынымен денесін сипап, шаршаған халден арылтады. Рахштың да мойынына қадалған алты жебені суырып алып шығады. Самұрықтың дүниенің тылсым сырынан хабардар, болашақты болжайтын дана құс екендігі осы тарауда анық көрініс береді. Самұрық Исфандиярдың өліміне себепкер болған адамның екі дүниеде де жаны жай таппайтынын айтады. Сөйтіп, самұрық Рүстемге Исфандиярды жеңу үшін жебе жасаудың амал-тәсілін үйретеді. Рүстемге Исфандиярға соңғы рет райынан қайту туралы ұсыныс жасауды тапсырады. Егер райынан қайтпаса, ажалы осы жебеден болады дейді. Самұрықтың осы сөзі оның кісі өліміне себепкер болған қылығын ақтап шығады. Рүстемнің сөзіне құлақ аспаған Исфандиярдың ажалы көзіне тиген жебеден болады. Эпостық жырларда қашанда халықтың тарихы мен тағдыры басты тақырып болып, халықтың мүддесі мен ұлттық ұстанымы шешуші орында болады. Сол себепті ақын шығармасына самұрық құс, дәу, дию, айдаһар сияқты мифтік кейіпкерлерді кірістіргеніне қарамастан, эпопея тарихилығымен қатар ұлттық тәуелсіздік идеясын көтеруімен құнды.  

Айнаш Қасым