КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТУ  – АСА ҚАЖЕТТІ ЖОБА

КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТУ  – АСА ҚАЖЕТТІ ЖОБА

КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТУ  – АСА ҚАЖЕТТІ ЖОБА
ашық дереккөзі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде елге аса қажетті игіліктің бірі – «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» мәселесіне тоқталып, онда былай деген еді: Елімізде газ өндіру Тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты, әрі қарай да өсе түседі.  Қазір еліміздегі тұрғындардың 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілген.  9 облысқа газ тартылған. Дегенмен, орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр. Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек. Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді». Аталған жоба жүзеге асқанда елдің экологиясы жақсарып, ауаның бүлінуі барынша азаяды. Өйткені көмір және басқа отын түрлерін тұтыну тоқтап, толығымен газга көшкен жағдайда бір ғана ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласының өзінде ауаға тарайтын зиянды қалдықтар алты есеге азаяды екен. Яғни, бір жылда атмосфераға шығатын 35 мың тонна зиянды қалдықтан құтылуға мүмкіндік бар. Еліміздің орталық және солтүстік аймақтарын газдандыруға арналған «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағдары бойынша өтетін «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының жалпы ұзындығы 1 061 шақырымға болады және бір жылда 2,2 млрд текше метрге газ өткізетін болады. 2 миллион 700 мың тұрғынды газбен қамтамасыз етуге арналған жобаны «Астана Газ» ҚМГ жүргізуде. Бірнеше облыс пен қаланы көгілдір отынмен қамтамасыз ететін «Сарыарқа» газ магистралі – Қараөзек газ компрессорлық станциясынан 44 шақырым жерде «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының бойынан бұрып салынып, мың шақырымнан магистральды желіге айналады. Осы арқылы Нұр-Сұлтан қаласы мен еліміздің солтүстік өңірлеріндегі 171 елді мекенге табиғи газ – арзан отын жеткізіледі. Бұл жоба арқылы Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы және Қарағанды облысына қарайтын 119 елді мекенге, Ақмола облысындағы 51 елді мекенге рет-ретімен көгілдір отын жеткізіліп, әу бастағы көзделген жоба толық жүзеге асырылатын болады. Елімізде көгілдір отын қоры мол болса да, оны игеру мен кәдеге жарату ісі әлі күнге толық аяқтала қойған жоқ. Дегенмен елімізді газбен қамту арқылы, халықты арзан отынмен қамтамасыз ету бүгінде 50 пайызға жетіп қалды. Яғни еліміздің 8,5 миллион тұрғыны көгілдір отынды пайдаланып отыр деген сөз. Өткен жылы мемлекет тарапынан тұрғындарды газбен қамтуға 18,4 миллиард теңге, ал ұлттық оператор тарапынан 1,5 миллиард теңге қарастырылып, жылдың соңында тағы 130 мыңдай тұрғынның ошағында  көгілдір отын жанды. Қазір еліміздегі 17 өңірдің 11-і табиғи газды пайдаланып отыр.  

А.ӨМІРЗАҚ