23 Мамыр 2019, 14:12 719 0 Денсаулық Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

АНА МЕН БАЛА ӨЛІМІ: АЛДЫН АЛУ МҮМКІН БЕ?

Өмірге келген соң, ұрпақ әкелу парыз. Алайда, қазір жарық дүниеге дені сау бала әкелу де оңай емес. Мамандар оның себебін жан-жақты түсіндіруге тырысып баққанмен, бір өкініштісі, кейде нәрестесімен қауышуға санаулы сәт қалғанда өмірмен қош айтысып кететін ана мен бала өлімі құпия күйде сақталады. Бұл қателік дәрігердің салғырттығынан орын алды ма, әлде баяғы «көрер жарығы жоқ екен» немесе «дәм-тұзы таусылған шығар» деген тәубешіл тәмсілге жатқыза саламыз ба? Көбінесе шындықтың шымылдығы толығымен ашылмайды.

Статистика комитеті ұсынған деректерге сүйенсек, елімізде былтыр жарты жылдың ішінде 1 900-ге жуық нәресте өлімі тіркелген. Яғни, 2018 жылы қаңтар-шілде аралығында республика бойынша 1 жасқа дейінгі 1 898 нәресте өлімі есепке алынған. Бұл көрсеткіш 2017 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 1,2 пайызға жоғары. Өлім-жітімнің негізгі себебі – перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар. Бұл себептен 957 нәресте қайтыс болып, 1 жасқа дейінгі балалар арасындағы жалпы өлім санының 50,4 пайызын көрсетті. Сонымен қатар, туа біткен ауытқулардан – 368 (19,4 пайыз), тыныс органдары ауруларынан – 132 (7 пайыз), инфекциялық және паразитар аурулардан – 99 (5,2 пайыз) және жазатайым жағдайдан, уланудан және жарақаттан 82 (4,3 пайыз) нәресте шетінеп кеткен.

Ал ДДҰ деректері бойынша 2016 жылы Қазақстан Республикасында ана өлім-жітімінің көрсеткіші 15,1-ді құрады, бұл Орталық Азия елдеріне (33) қарағанда 2 есе төмен және Шығыс Азия елдеріне (27) 1,7 есе төмен, бірақ дамыған еуропалық елдерге (12) қарағанда 1,2 есе жоғары.

Алайда, «Ана мен бала» ІІ халықаралық ғылыми білім беру форумында сөз алған Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыровтың айтуынша, соңғы 10 жылда ана өлімі 2,6 пайызға, ал бала өлімі 2,3 пайызға азайған. «Өкінішке қарай, былтыр ана өлімі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 1,5 есеге көбейді. Оған бірқатар себеп бар. Ең бастысы, жүктілік кезінде тіркеуге кеш тұру,  қан кету, т.б. Кейде аналардың өзі денсаулығына салғырт қарайды. Сондықтан дер кезінде тіркеуге тұру көп мәселенің алдын алады» дегенді айтты.  Форум жұмысына Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ, Ресей, Украина, Беларусь, Финляндия, Нидерланды, Швейцария, АҚШ және Словакия елдерінен 500-ден астам жетекші мамандар қатысты. Олар отбасы негізі ретінде әйел денсаулығын сақтау туралы ұлттық идеяны қалыптастыру, мемлекеттің тұрақты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету мәселесін сөз етті. Бұл тұрғыда халықтың нысаналы топтарының (балалар, жасөспірімдер, бала тууға қабілетті әйелдер) денсаулық жағдайын бақылаудың ұлттық бағдарламасын енгізуді сөз етті.

Мәселен, ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында көзделген 2020 жылға қарай ана өлімін 100 мың тірі туылғандарға шаққанда 11,2-ге дейін азайту; нәрестелер өлімін 1000 тірі туылғандарға шаққанда 9,1-ге дейін төмендету мәселесі өзекті. Бұл тұрғыда Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының директоры Динара Мырзахметова: «Индикаторлардың белгіленген деңгейлеріне қол жеткізуді алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету деңгейінде 759 әйелдер консультациясы және 247 босандыру мекемелері – 64 орталық аудандық аурухана, 50 перзентханалар, 33 перинаталдық орталықтар, екі ғылыми орталықтар – ҚР ДСМ Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы, Ана мен баланы қорғау ұлттық орталығы және 9 медициналық ЖОО-ның 11 кафедрасынан тұратын Қазақстан Республикасының босандыру қызметі жүзеге асырады» дейді.

Жүкті әйелдер дерегі бойынша, 2018 жылы 398 224 әйел есепке алынған. 2007 жылдан бастап республика бойынша мемлекет толығымен қаржыландыратын неонаталдық (НС) және пренаталдық генетикалық (ПС) скринингтің мемлекеттік бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама енген 10 жыл ішінде 2 млн-нан астам жүкті әйел мен 2,5 млн нәресте тіркелді. Сонымен, ана мен бала өлімін төмендету үшін биыл бірқатар жоба қарастырылған.

Бірінші, инфрақұрылым мен жарақтандыруды дамыту бойынша Медициналық ұйымдарды медициналық техникамен жарақтандыру; стационарлардың қабылдау бөлімшелерінде триаж жүйесін енгізу; жастар мен жасөспірімдер үшін репродуктивті денсаулықты қорғау жөніндегі қызметтерге қолжетімділікті жақсарту үшін Жастар денсаулық орталықтарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету; әрбір өңірде медицина қызметкерлерін оқыту үшін кемінде 1 Симуляциялық орталық құру.

Екінші, кадрлық әлеуетті және құзыреттілікті дамыту бойынша – ауылдық жерлерде жас дәрігерлерді әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ету; акушер-гинекологтар мен анестезиолог-реаниматологтардың орташа жалақысының аймақ экономикасы бойынша орташа жалақыға арақатынасын 1,5-ке дейін жеткізу.

Үшінші, медициналық көмек көрсетуді жетілдіру бойынша тиімді перинаталдық технологиялардың республикалық үйлестіру орталығын құру; әрбір облыста ургенттік режимде акушерлік практикада қиын жағдайларда клиникалық көмек көрсету жөніндегі тәулік бойғы мобильді топ құру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Осыдан бірталай жыл бұрын Алматыдағы №5 перзентхана үйінде жас ана өмірге сап-сау келген нәрестесінен көз жазып қалды. Оның айтуынша, жайлы өткен жүктілік кезінде ешқандай кінәрат тағылмаған. «Босандыру кезінде балаға зақым келген. Бірақ акушер салғырттығын мойындаудан бас тартты» деген ана сотқа да бергенмен, әділдік таба алмады. Бұдан кейін жұрттың дәрігерлерге деген сеніміне селкеу түсіп, ақ халатқа жағылған күйе азаймасы анық.

Динара Мыңжасарқызы  

Соңғы жаңалықтар