МЕДИА ФОРУМ БАСТАЛДЫ

МЕДИА ФОРУМ БАСТАЛДЫ

МЕДИА ФОРУМ БАСТАЛДЫ
ашық дереккөзі
Алматыда XVI Еуразия медиа форумы басталды. Тарихы сонау 2002 жылдан бастау алатын конференция бүгінде баршаға тиімді коммуникация алаңына айналып үлгерген. Жыл сайын әлемнің 60 елінен келген 600-ден астам делегат ең өзекті тақырыптарды сарапқа салады. Саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелер жайында ой толғап, әлем назарын өзіне аударады. Шетелдік сарапшылардың бұл форумға «Әлемдік деңгейдегі оқиға» деп баға беруі де осыдан шығар. «Бүгінгі әлем: шындық трансформациясы?» деген тақырыпты талқыға салған форумда алғаш болып сөз алған – News decoder басшысы, Ұлыбританиялық танымал медиа маман Нелсон Грейвс. Экологиялық журналистика жайында сөз қозғаған ол өз тәжірибесімен бөлісіп, әлемдік экологиялық журналистиканың болашағын болжағандай болды. Нелсон Грейвстен кейін ресейлік кинорежиссер, сценарист, продюсер Сергей Бодров форум қонақтарымен сырласу форматындағы шеберлік дәрісін оқыды. Монғол фильмін түсіру барысындағы сәттермен бөлісіп, қазақ даласы, халқы жөніндегі жағымды пікірлер айтты. С. Бодров еншісіндегі тақырып «Кинодағы продюсерлік өнері» болғандықтан басымдықты продюсерлік өнерге бере отырып, қазақстандық продюсер, кинорежисер Тимур Бекмамбетовке тоқталып өтті. «Тимур өте сауатты маман. Қырағы режиссер ғана емес, табысты продюсер. Оның фильмдерінің кассалық табысын жақсы білесіздер, ондай мамандар қай-қай жерде болмасын бағаланады», – деді С. Бадров. Жалпы, Еуразия медиа форумында әлемдік медиакеңістіктегі беделді тұлғалар, азулы сарапшылар және әр салада өзін мойындатқан кәсіби мамандардың қатысуы үрдіске айналған. Биылғы медиа форумның алғашқы күнінде Елена Афанасьева (Ресей) ТВ және Digital-медиа аудиториясындағы түрлі буындардың ерекшелігі тақырыбында, Ұтқыр (мобилдік) журналистика туралы Иво Борум (Австралия),  фотожурналистің құпиясы тақырыбында ТАСС фотоақпарат редакциясының жетекшісі әрі бас редактордың орынбасары Григорий Дукор шеберлік дәрістерін өткізді. Іргелі Әл-Жазира телекомпаниясының құрамына кіретін «Contrast» агенттігінің басшысы Захра Расул тыңдаушыларды өзіне бірден баурап әкетті. «Виртуалдық ақиқатты қалыптастыру» тақырыбын тереңінен қаузап, заманауи технологияның мүмкіншіліктері жайында дәріс өткізді. Форум алаңында теория ғана айтылмай, практикалық тәжірибелер арқылы тыңдаушы мен спикер арасында байланыс орнады. Захра өз кезегінде виртуалды ақиқат үшін 360 градусты қамтитын камералардың дәуірі туып жатқанын айтады.  «Америка Құрама Штаттары мен Еуропа елдерінде тұрақты пайдаланушылар көп, оның мүмкіндіктері арқылы виртуалды сенім мен сезім тудыруға болады. Болашақта кез келген оқиғаны шынайы, әсерлі етіп көруге толықтай мүмкіндік аламыз», – деді. Тағы бір айта кетерлігі, ЕАМФ жұмысына Euronews, CNN, BBC, Associated Press Television News, Reuters, Bloomberg, New York Times, Al Jazeera English сынды ақпараттық агенттіктер мен әлемдік 1500-ден аса БАҚ өкілдері атсалысуда.

Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН