Түркістанда әуежайды түріктер салады

Түркістанда әуежайды түріктер салады

Түркістанда әуежайды түріктер салады
ашық дереккөзі
Түркия инвесторлары биыл Түркістан қаласында жаңа әуежай құрылысын бастайды. Бұл туралы бүгін елордада Астана экономикалық форумы аясында өтіп жатқан Жаһандық инвестиция бойынша дөңгелек үстел барысында айтылды.  «Түркістан қаласында түрік инвесторларының қатысуымен жаңа әуежайдың құрылыс жобасы басталғалы жатыр. Осы іс-шара барысында инвестормен келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз. Ертең Форум аяқталғаннан кейін бірден  Түркістан қаласына бару көзделген. Әкімдік деңгейіндегі мәселелердің барлығы сол жерде шешілуі керек. Жақын арада, яғни биыл құрылыс жұмысын бастау жоспарланған», - дейді «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев. Сонымен бірге, басқарма төрағасы Қазақстанға тартылып жатқан инфестиция туралы сөз қозғады. «Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанға 24 млрд-тан астам доллар тікелей инвестиция тартылған болатын. Соңғы 2-3 жылды салыстырып қарасаңыз, Қазақстанға тартылған тікелей инвестицияның көлемі өсіп келеді. Тағы бір маңызды нәрсе - бұрынғы жағдайда инвестицияның басым көлемі мұнай саласына тартылған болатын. Өткен жылы тартылған инвестициялардың 45 пайызы ғана мұнай-газ саласына құйылған. Яғни, жартысынан астамы - басқа салаға, коммуникация, көлік, инфрақұрылым, өндіріс, тамақ өнеркәсібіне тартылған», - дейді ол. Еске сала кетсек, кеше елордада ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен XII Астана экономикалық форумы басталды.   АЭФ-тың басты мақсаты - жаһандық үрдістерді зерттеу және Қазақстан дамуының практикалық саясатын жасау үшін экономикалық саясат пен ғылым саласында тәжірибе алмасу алаңын құру. 11 жыл ішінде Астана экономикалық форумы (АЭФ) әлемдік экономика мен қаржы жүйесін жетілдіру және дамыту мәселелерін талқылауға арналған ең беделді халықаралық платформалардың бірі ретінде мәртебеге ие болды. Форумға әлемнің 150 елінен 50 мыңға жуық делегат, оның ішінде 20-дан аса Нобель сыйлығының лауреаты және 30 жоғары дәрежелі шетелдік саяси қайраткер қатысуда. Конгресс аясында 20 миллиард АҚШ долларынан астам сомаға 300-ден астам меморандум мен келісім жасалды.