ИФТАР ЕМЕС, АУЫЗАШАР

ИФТАР ЕМЕС, АУЫЗАШАР

ИФТАР ЕМЕС, АУЫЗАШАР
ашық дереккөзі
Қоғамда өзіміздің шұрайлы тілімізден жиренетіндер көбейген сияқты. Кез келген қазақша сөздің басқа тілдегі баламасын айтуға әуес.  Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Жаратушыны «Аллаһ» деп емес, «Алла» деп айтып, жазу керек деп арнайы пәтуа шығарған болатын. Дегенмен кейбір намазхандар діни басқарманың бұл бастамасын қолдамақ түгілі оған қарсы болды. Мүфтияттың жанындағы Ғұламалар кеңесінің шешімі бойынша «Алла» сөзін «һ» әрпінсіз жазған дұрыс. Өз кезегінде мүфтияттың аталған пәтуасы зиялы қауым өкілдері тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Мүфтият шығарған кез келген пәтуаны ең бірінші халыққа жеткізетін мешіт имамдары. Сондықтан да олар өз міндетін мінсіз атқарып, халыққа түсіндіру керек. Сол сияқты Ораза айы басталса сөздік қорымыз «ифтар» сөзімен толығады. Осы күні «Ифтарға шақырды, ифтарға барамын» дегенге де құлақ үйреніп барады. Алайда, қазақтың «ауызашар» деген сөзі кімнің тақиясына тар келіп жүр? Тіпті, ел алдында жүрген әншілер де әлеуметтік желідегі парақшаларына «бүгінгі ифтардан көрініс» деп сурет салып жатады. Дәл солар сол сөзді терең мағынасы үшін айта ма, әлде трендтен қалмау керек деп ұға ма? Бәлкім, ауызашарды арабша жазса, жазбасы оқылымды болады дей ме? Бірақ осыны қаперге алып, «Ифтар емес, ауызашар» деп жатқан кім бар? Тілдегі бірізділік қайда? Бұл мәселеге Діни басқарма, жергілікті мешіт имамдары, дінтанушылар не дер екен? Балғабек Мырзаев, теология ғылымының докторы, дінтанушы:  width=  – Негізі мұсылмандар отыз күн ораза ұстағанда таңсәріде ауыз бекітіп, күн батқанда ашады. Яғни, ауызашар дегеніміз күнделікті ораза мерзімі аяқталғанын және тамақ жейтін уақыттың келгенін білдіреді. Бұл күннің батқан уақыты. Қазір кейбіреулер «ауызашар» деген сөздің орнына «ифтар» дегенді қолданып жүр. Ифтар – араб тілінен енген сөз. Оның қазақша мағынасы – ауыз ашатын уақыт. Өкінішке қарай, қазір мүмкін біліп, мүмкін білмей «ифтар» деген сөзді орынды және орынсыз қолданып жүрміз. Әрине, әр елдің өз салты, дәстүрі, тілі бар. Сондықтан дінде әрбір сөз, сөйлем жамағатқа түсінікті болу керек. Кейбір діни  білімі жоқ немесе арабша білмейтіндер ифтар деген сөздің мағынасын түсінбей жататыны рас. Қоғамға түсінікті болу үшін ауызашар деп айтқанымыз жөн болар еді. Ауызашар десек Құранға да, хадиске де қайшы келмейді.