Ел үшін еңбек еткен әскерилер мемлекеттік марапатқа ие болды

Ел үшін еңбек еткен әскерилер мемлекеттік марапатқа ие болды

Ел үшін еңбек еткен әскерилер мемлекеттік марапатқа ие болды
ашық дереккөзі

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери және құқық қорғау саласының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырып, жоғары әскери және арнаулы атақтар берді. Мереке қарсаңында Қазақстан Президенті адам өмірін өрттен, судан арашалап қалған бейбіт күннің батырларын да назардан тыс қалдырмай, арнайы марапаттады. «Сіздердің бейбіт күндегі ерліктеріңіз бен игі істеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс», – деді Президент. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі шендегі 26 әскери қызметкерге «Даңқ», «Айбын», «Құрмет» ордендерін табыстап, қызметте ерлігімен көзге түскен сарбаздарды марапаттады.

ҚР Президенті әскерилерге елдің тыныштығы үшін ерекше алғыс білдірді. «Құрметті сардарлар мен сарбаздар! Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Жеңіс мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Біз бабаларымыздың ерлігін қастерлеп, елдік жолын жалғаған ұрпақпыз. Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қорғау – Отан күзетіндегі әрбір азаматтың қасиетті парызы. Елбасының қажырлы еңбегінің арқасында біз бүгінде Қазақстанның шекарасын бүтіндеп, іргесін бекіттік. Біздің алдымызда тұрған маңызды міндет – осы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қалу. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде жоғары санатты білікті сардарлар мүлде аз болды. Тұңғыш Президентіміз әр сарбазды жігерлендіре отырып айбынды әскер құрды», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Қазақстан Президенті генералдар мен офицерлерге бұл жоғары шендер мен арнаулы атақтар олардың еңбектерінің лайықты жемісі екенін айтты. Сөйтіп, 2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі шенін Ғизат Нұрдәулетовке, полиция генерал-лейтенанты арнаулы атағын Алик Шпекбаев пен Ерлан Тұрғымбаевқа, сондай-ақ, генерал-лейтенант, генерал-майор сынды әскери атақтарды құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген өзге де лауазымды тұлғаларға берді. Бас ордада президенттің қолынан 26 офицер мемлекеттік награда алды. Қасым-Жомарт Тоқаев оларға алғыс айтып, еңбекке адал әрі антқа берік болғанда ғана отанның лайықты ұлдары бола алатындықтарын жеткізді. Президент жарлығымен мемлекеттік наградаға ие болғандардың алғашқысы Қазақстан Қарулы күштерінің Бас штабы бастығының орынбасары Әділбек Алдабергенов. Оған бірінші дәрежелі «Даңқ» ордені табыс етілді. Бұл атаққа бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев пен Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары Василий Рысбаев та ие болды. Ал екінші дережелі «Даңқ» орденімен Конституциялық құрылысты қорғаудағы қызметі үшін Алматы облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы Сәбит Құрманәлиев пен Қостанай облысы полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов марапатталды. Қасым-Жомарт Тоқаев еңбегімен ерекшеленгендерге екінші және үшінші дәрежелі «Айбын» ордендерін де табыс етті. Айта кетейік, бүгін марапатталғандар арасында Бас прокурордың қызмет бастығының орынбасары Радимхан Дубаева да бар. Ерлермен иық тіресе еңбек еткен нәзік жанды «Құрмет» орденіне ие болды. Марапат иелері бұл атақ-абыройға лайықты екенін дәлелдеді. Десе де, оларға жүктелер жауапкершілік қашанда ауыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел қорғайтын азаматтар барда елдің іргесі бүтін, отанымыздың шекарасы берік боларына сенім білдірді.

Әсел МАҚСАТҚЫЗЫ