12 мың көпбалалы отбасы өз пәтеріне кіреді

12 мың көпбалалы отбасы өз пәтеріне кіреді

12 мың көпбалалы отбасы өз пәтеріне кіреді
ашық дереккөзі
Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегін ұсыну тетігін іске асыру барысы туралы айтып берді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, қазіргі таңда елімізде 340 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар, олардың ішінде 31 мыңнан астамы баспанаға мұқтаж ретінде әкімдіктердің кезегінде тіркелген (1 қаңтардағы жағдай бойынша - 28 мыңнан аса отбасы). Жыл сайын көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға өңірлерге 50 млрд теңгеден бөлу көзделген. Бұл жыл сайын 6 мың көпбалалы отбасыны қамтамасыз етуге жол ашады, 2025 жылға дейін - 40 мың көпбалалы отбасы жалдамалы тұрғын үймен қамтылады. Биылғы 1 мамырда 249 баспана берілді. Кеше, 7 мамырда, Семей және Өскемен қалаларында көпбалалы отбасыларға 10 пәтер берілді. Биылғы мамыр айының соңына дейін барлық қаржы көздері есебінен 1200-1300 көпбалалы отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарда бар. "Бізде баспана берудің арнайы кестесі бар. Мәселен, 9 мамырда Батыс Қазақстан облысының, Шымкент қаласының көпбалалы отбасыларына пәтерлердің кілттері табысталады. 25 мамырда Атырау облысы мен Алматы қаласында беріледі", - деп мәлімдеді Өскенбаев. Қосымша шара ретінде биылғы маусым айында "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ арқылы көпбалалы, толық емес отбасыларды, сондай-ақ мүмкіндіктері шектеулі балалары бар отбасыларды жеңілдікпен несиелендіруді бастау жоспарланған. Бұл займдар жылдық 2% мөлшерлеме бойынша, 20 жылға дейінгі мерзімге, бастапқы жарнасы 10%-дан бастап беріледі. Бастапқы жарнаның бір бөлігі тұрғын үй сертификатымен жабылуы мүмкін. Аталған тетікті іске асыруға үш жыл ішінде 150 млрд теңге бөлу көзделген. Бұл жыл сайын 6 мың займ беруді қамтамасыз етеді, 25 жылдың ішінде 56 мың займ берілетін болады. Сондай-ақ, Қ. Өскенбаев "Алтын алқа", "Күміс алқа", "Батыр Ана" атағын алған көпбалалы отбасылар мен аналар жеке санатқа шығарылып, оларға бірінші кезекте тұрғын үй алу құқығын беру заңнамалық түрде бекітілгенін еске салды. "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тиісті қаржы жылына арналған республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген қаражатқа сәйкес жалға берілетін тұрғын үйді бөлу туралы норма анықталды. "көпбалалы отбасыларға тұрғын үй беру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың алғашқы нәтижелері осындай. Біз бұл жұмысты тұрақты бақылауға алдық. Елбасының көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы толығымен орындалады. Бүгінде баспана алуға кезекте тұрған көпбалалы отбасылар 2025 жылға дейін мемлекеттен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Осы жылдың өзінде 12 мың отбасы өздерінің пәтерлеріне орналасады (барлық қаржы көздері есебінен - 6 мың, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікпен несиелендіру есебінен - 6 мың). Осылайша, 3-4 жыл ішінде тұрғын үйге мұқтаж көпбалалы отбасылардың мәселесін толығымен шешеміз деп жоспарлап отырмыз", - деді қорытындылады Өскенбаев.