3 Мамыр 2019, 11:53 1331 0 Әдебиет Ахмет ӨМІРЗАҚ

КЕЙІНГІГЕ ҚАМҚОРЛЫҚ – ЖАҚСЫЛАРҒА ЖАРАСАР

Қазақ халқы «Адамның күні – адаммен» дейді. Осында үлкен ой, терең мағына бар. Адам адамға дос болғаны үшін парызым деп, туыстығы жағынан жақын болғаны үшін «қанына тартып», жерлес болғаны жүрегі жылып – көмектесуі, қиындықта қол ұшын созуы да мүмкін. Ал өзіне ешбір жақындығы болмаса да, өзгеге жанашыр пейіл, міндетсіз қамқорлық көрсету – нағыз адамдықтың белгісі.

Жақсылығының өзі есепке құрылған және сонысын қоғамның даму үрдісіне сай заңдылық деп есептейтін пенделердің үлкен тобы өсіп, қалыптасып жатқан бүгінгі заманда, бір кездегі кісіліктің құны қандай болғаны туралы әңгіме айтсақ – ертегі сияқты көрінер, бірақ болған нәрсенің із-түзсіз кетпеуі тиіс екенін де еске салып қойған артық болмас.

Иә, бір-бірін қолдайтындар бүгінде жоқ емес, тек бұрынғыдай есепсіз, жай ғана қамқор көңілмен жасалатын жақсылықтар азайып қалды. Азайып қалғаны сонша, біреу біреуге жақсылық жасапты дегенді естісек «қанша ақша берді екен, үй алып берді ме яки машина мінгізді ме екен» деп құлағымыз елеңдеп, ондай материалдық игіліктің «артында» не жатқанына еріксіз үңілгіміз кеп тұратын болдық. Соның бәрі – шын көңілмен жасалатын жақсылықтың болатынына сенбеу. Себебі...

«Алаған қолым – береген» демекші, алғанның бергені де дұрыс қой, тек «Алмақтың да салмағы» бар болмай, «жақсылығың – сатусыз» болса, қандай керемет?!

Кейбір нәрселерді өткен шақпен айту да ауыр. Бірақ шындықтан қашып қайда барамыз. Өткенде жақсы бір кезеңдердің болғанын айтқанда, бүгінде сол кездегідей іріліктің сиреп бара жатқаны еске түсетінін несіне жасырамыз?..

Анау «кеңестік дәуір» деген кезеңде өз жерінде азшылыққа айналған халықтың ат төбеліндей зиялыларының бәрін періште дей алмаспыз, бірақ сол кездегі талай тұлғалардың ұлтына жаны ашып, халқын ұлы жолға сүйрейді-ау деген жас өркендерге қамқорлықпен қарағаны, жеріне, тегіне қарамай талантты жастарға қолдау көрсеткені талассыз шындық.

Қазіргідей сайттар мен әлеуметтік желілерде «ұлтым» дегенде аузынан ақ жалын атып, былай шыға бере тайпаласының сойылын соға кетуге дайын тұратын «қасқа мен жайсаңдар» бұрынғы кезде де болмады емес, болды. Бірақ олардың қатары онша қалың емес еді. Есесіне елге танылған тұлғалар ұлттық деңгейде ойлап, пендешіліктен биік тұрды. Осы бір үлкен істің басында, ең алдымен қазақ қаламгерлері жүрді.

Кейінгі кезде анау 30-жылдар үшін жұрт кінәлауға дайын тұратын қазақтың белгілі жазушысы Сәбит Мұқановтың ғұмырында жұртқа жасаған жақсылығы талай әңгімеге арқау болып келе жатыр. Мәселен, Сәбеңе бірде сонау Аралдың арғы бетіндегі Қарақалпақстаннан жасы жиырмаға толар-толмас бозбала келіп жолығып, өзінің болашақта ақын болғысы келетінін айтып, жөн-жоба сұрапты. Сонда Сәбең қарақалпақтың қаршадай баласына мейірін төгіп, оның әдебиеттегі тұсауын кесіп, ағалық қамқорлық жасапты. Сөйтіп оған «ақынның аты айтуға әдемі, ықшам болуы керек. Сондықтан сен бұдан былай Ғалым деген атпен танылғаның жөн» деп кеңес беріпті. Сөйтіп, Ғалым Сейтназаров Сәбең берген атты қабылдап, сол есіммен әдеби шығармаларын жариялап, еліне танымал ақын болды. Міне, елге, жерге, тіпті ұлтқа бөлмейтін Сәбеңнің шарапатын көрген бір азамат өмір бойы Мұқановты әкесіндей ардақтап өтті.

Бүгінде біреуді біреу қолдап жатса, «жерлесі, не ағайыны емес пе екен» (расында көбіне солай болып шығады) деп шыға келеді жұрт. Ал Сәбеңдердің тұсында ондайға адамның аузы бара бермейтін. Себебі ол кездегі тұлғалар талантты жастың биографиясына қараса да, географиясына қарай бермейтін. Соғыс біткенде 12 беттік романын өзіне көрсетуге алып келген Әбдіжәмил Нұрпейісовті Сәбит Мұқанов жылы қарсы алған. Жазғанына қарап, болашақ үлкен жазушыны таныған. Соңынан Нұрпейісовтің «Курляндия» атты романы жарық көргенде «Әдебиетке менің жиырма жыл күткен жазушым келді» деп жас талантты қолдап, баспасөзде жар салып, сүйінші сұраған.

Әдебиетке соғыстан соң келіп қосылған шоғырдың ішінде халқына танымал болған азаматтың бірі – ақын Әбу Сәрсенбаев еді. Кезінде «Ақша бұлт», «Сен құрметте оны» деген тынысы бөлек жырларын жұрт жатқа оқыған, «Толқында туғандар», «Офицер күнделігі» деген романдарын оқырман қызыға оқыған тұлғасы бөлек қаламгер, азаматтық мәрттігімен де елдің есінде қалды. Сайын Мұратбеков, Қанипа Бұғыбаева секілді талай жазушы, ақындардың кітаптарын баспадан шығарып, танытып, арқасынан қағып – балаша мәпелеген Әбу ақынның өзінен соңғы жас буынға еткен жақсылықтарын жұрт аңыз қылып айтады.

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов өткен ғасырдың 60-жылдарында әдебиетке келген жас ақындардың жырларын оқып, олардың жетістіктерін баса айтып, жігер беріп – «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деп баспасөзге мақала жариялауы кезінде үлкен оқиға болған. Сол сияқты Қуандық Шаңғытбаевтың өз кезінде жаңалық болған «Ар» атты алғашқы жинағына алғысөз жазып, жас ақынды саяси айыптаудан сақтауға күш салғаны қандай азаматтық! Алып жазушы қайтыс боларынан сәл бұрын өсиет секілді хатын қалдырып, онда Тахауи Ахтанов, Зейнолла Қабдолов секілді жастардың болашағынан үлкен үміт күтетінін, олардың жазғандарынан өзінің «жастық шағын көргендей» қуанатынын айтуы – тұтас елдің қамын ойлаудан туған ірілік еді.

Бұлар, әрине, қазақ әдебиетінің бәйтеректері. Олардың биік тұлғасы туралы көп айтуға болады. Десек те, одан кейінгі кезеңде де туыстың емес, таланттың, ағайынның емес, ардың жақтасы болғандар аз болмаған. Соның бірі – қазақтың көрнекті ақыны Қабдікәрім Ыдырысов еді. Жастар шығармашылығына зер салып, қамқорлығын аямайтын Қабдікәрім ақынның көзіне бірде жастарға арналған жабық бәйгенің жүлдегері атанған жас жазушы Молдахмет Қаназдың шығармалары түседі. «Чика – Дабылдың баласы» атты соғыс кезіндегі қазақ ауылының мейірімі мен қайырымын әдемі суреттеп, көкірегі кең, ақ жүрек қазақтардың неміс баласын асырап алып, адамгершілік жасағаны туралы хикаятымен жарқ етіп көрінген, бірақ өзі анау алыстағы Қазалыда мұғалім болып еңбек етіп жүрген жазушының қалам қарымын аңғарған Қабдікәрім Ыдырысов оны ойланбастан Алматыға шақырады. Сөйтіп, аға ақынның бір ауыз лебізімен төрт-бес баласы бар Молдахмет Қаназ сол кездегі еліміздің бас шаһарына бір күнде көшіп келіп, шығармашылыққа араласып кетеді. Үлкен қалада туысы жоқ әрі бала-шағалы жас жазушыға жұмыс тауып беріп, қолынан келген жақсылығын аямаған Қабдікәрім Ыдырысовтың үміті ақталып, бәйгеге баулып қосқан жүйрігі кейін қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерінің біріне айналды. Қазақ балалар әдебиетіне де, әңгіме жанрына да елеулі үлес қосты. Егер Қабдыкәрім Ыдырысовтың қамқорлығы болмаса, қазақтың бір жазушысы танылмай кетер ме еді, кім білсін...

Қазақ халқы Мұзафар Әлімбаевты түгел танитыны анық. Енді ғана қылтиып келе жатқан қазақ балалар әдебиетінің буынын бекітіп, үлкен көркемдік әлемге айналуына еңбек сіңірген бұндай тұлға біздің әдебиетімізде аз шығар, сірә. Балаларға арналған республикалық «Балдырған» журналы ашылған кезден бастап,  университет бітіргенімен, жұмыссыз жүрген Қадыр Мырзалиев секілді  ақынды қанатының астына алып, тұрмысын да, шығармашылығын да жолға қоюға үлкен септігі тиген Мұзағаңның жұртқа жасаған жақсылығы көп. Оның арқасында балалар әдебиетінің белгілі өкілдерінің шығармалары жұртқа жетті. Қазақтың талай қаламгері Әлімбаевтың мектебінен өтіп, шыңдалды. Бердібек Соқпақбаевтан Сайлаубай Жұбатырұлына дейінгі талай қаламгерлер Мұзафар Әлімбаевтан тәлім алып, қазақ балалар әдебиетінің көркеюіне еңбек сіңірді.

Белгілі қаламгер Шерхан Мұртазаның жақсылығын көргендер де қазақ әдебиетіне олжа салған жүйріктер болғаны мәлім. Ол туралы Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкей секілді ақын-жазушылардың соншалық бір қимастықпен елжіреп жазғандарын оқығанда әділетшіл әрі қамқор Шерханның бейнесін жазбай танисың. Жалғыз олар ғана емес, қазақтың көптеген қаламгері өздерінің «Шерханның шекпенінен» шыққанын мақтанышпен айтады.

Сол секілді Әди Шәріповтің, Тұманбай Молдағалиевтің, Төлеген Айбергеновтің, Сәкен Иманасовтың да өзінен кейінгілерге еткен жақсылығы алыс ғасырлардан сыр тартатын сүйкімді аңыз секілді естіледі бүгінде...

Сондай жақсы үрдіс бүгінде жалғасын тауып жатыр ма? Әрине, «жоқ» деп «ауызды қу шөппен сүртуге» болмас, бірақ баяғы жылы ықылас-пейілдердің бүгінде кетеуі кетіңкіреп қалған секілді-ау. Өзінен кейінгіні қолдап-қуаттау, арқадан қағып алға ұмтылдыру қазірде жоқ емес. Тек соның көбі әлдебір есепке құрылғанын, бейтарап бағалаудан гөрі жеріне қарап жақын тарту, сүйегіне қарап сүйсінудің басым екенін сезгеніңде ішің мұздап сала береді...

«Әр заманға – бір зауал» дегенде қазақ нені айтты екен деп ойланасың кейде. Расымен неге айтты екен?

...Ұзақ уақыт қараңғыда отырған кісіні жарыққа шығарғанда, біраз уақыт жарық көзін аштырмайды дейді ғой. Сол секілді, жиырмасыншы ғасырдың соңында 70 жылдан аса көзімізге кіреуке болған саяси перде дар етіп айырылып, төңіректің түрін анықтап көре бастағанымызда, бұрын көлденең көзден жасырылып келген талай нәрсенің өз бейнесінің қандай болатынына көзіміз жетті: тарихымыз, кеңестік кезеңнің бізге үйретіп келгеніндей соншалық сорлы емес екен; бізді табындырған саяси тұлғалар – саясаттың құлы екен; алып мемлекет қиялдағы коммунизмге бір тілмен жету үшін ана тілімізден ада қыла жаздапты. Несін айтасыз, құрылғанына жеті онжылдықты артқа тастаған қызыл өкіметтің ылаңынан қазақ еліндегі ашаршылық, репрессия, тың игеру кезеңдерінің ұлтымызға төндірген ұлы нәубеттері туралы айтылмай келіпті...

Міне, осы кезде бұрын мұндай еркін қоғамды түсінде ғана көретін қазақ халқы іштегі шерді аямай ақтарды. Шешілген тіл мен ашылған көмей тарихқа қиянат жасағандарды аяусыз шенеді. Кейін есімізді жиып, жаңа тұрпатты тәуелсіз мелекет құрғанда да баяғы қарқын тоқтай қоймады. Айтып қалған ауыз нені іріксін? Күндердің күнінде бұл сөз-жалын руханиятты да қамтыды. Енді ақын-жазушылардың қоясын ақтарып, анау бір кезде шен-шекпен алып, ордень-медалға омырауы толғандар мен сый-сияпат алғандарды кекетіп, мұқату басталды. Басында оны сенсация құмар журналистер қоздырса, өкініштісі сол, кейін бұл науқанға қаламгерлердің өздері де белсене араласты. Біреуі екіншісінің айыбын айтып, артын ашса, екінші-үшіншісін жерден алып, жерге салды. Тіпті кейбір қаламгерлер тұтас әдебиетті жоққа шығарып, бұрынғының бәрін түк қоймай жою керек дегенге дейін барды. Біреулер мақала жазды, тағы біреуі мемуар жариялады, енді біреулері қалың роман арнады. Соның бәрі өзгені тұқырту, реті келсе атамзаманғы кеткен есесін қайтару...

Оспанхан Әубәкіровтің бір сатиралық шығармасында:

Бір кемпір бар – шал іздеп жүр,

Бір кемпір бар бәле іздеп жүр.

Шал іздеген шал тапты,

Бәле іздеген әлі іздеп жүр, – деген жолдар бар еді. Сол айтқандай, заманның аумалы-төкпелі шағында басталып, әлі күнге тиіп кеткен жерін жалмап жатқан отты сөндіретін уақыт жеткен секілді.

Бүгінде қаламгерлерге деген жұрттың өкпесінің дұрыс та, бұрыс та жағы бар. Бұрысын айтпай, дұрысын айтсақ, қалам ұстаған қауым алдымен өз ішінде әділеттік орнатып – өмірін әдебиетке арнағандарды жеріне емес – жетістігіне, ағайындығына емес – азаматтығына қарап бағалап, ел алдындағы өздерінің беделін өздері көтермесе, ұлтқа да, өнерге де қадірлі болмайды. Жоғарыда қазақтың маңдайына біткен ақын-жазушыларының елге, жерге қарамай жасаған жақсылықтарын тізгенде, айтпақ ойымыздың түйіні осы еді.

Ахмет Өмірзақ

Соңғы жаңалықтар