ОШ – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ МӘДЕНИ АСТАНАСЫ

ОШ – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ МӘДЕНИ АСТАНАСЫ

ОШ – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ  МӘДЕНИ АСТАНАСЫ
ашық дереккөзі

Түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамытуды көздейтін халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы талай істің басы-қасында жүр. Бұл ұйымның атқарып жүрген шаруасы жыл өткен сайын кеңейе түсуде. 2017 жылы халықаралық ұйым Түркістан қаласын мәдени астана ретінде танып, шаһарда түрлі мәдени шаралардың өтуіне өз үлесін қосқан-ды. Іле-шала қасиетті мекен облыс орталығына айналып, туристер жиі атбасын бұра бастады.

Ал биыл осы құрметке Қырғызстанның Ош қаласы ие болды. Түркияның Кастамону қаласында өткен ТҮРКСОЙ елдері мәдениет министрлері тұрақты кеңесінің 36-шы отырысында «Ош қаласы 2019 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы» болып жарияланды. Содан бергі үш-төрт айда Ош қаласы ерекше түрленіп сала берген. Жергілікті билік салтанатты мерекенің тұсаукесеріне дайындықты сол күннен бастап жібергенін айтады. Түркі дүниесінің түкпір-түкпірінен келген делегацияны қабылдаған Ош қаласының мэрі Таалайбек Сарыбашев: «Ош қаласының мәдени астана атануының нәтижесінде бір жылда 25-тен астам іс-шара өтеді. 3 мың жылдан астам тарихы бар қала көп емес. Халық та қатты қуанып жатыр. Біз осы мәдени іс-шаралар арқылы әлемге танылсақ дейміз. Түркі дүниесіне мүше мемлекеттерден достық хатын алып, риза болып қалдық», – деді журналистерге берген пікірінде. Шын мәнінде, төрт күндік мәдени шара барысында түркі елдерінен келген арнайы қонақтарды құшақ жая қарсы алған Ош қаласы әкімдігі мен халқы аяғынан тік тұрғандай. Жүздеріне қуаныш, жүректеріне үміт сыйлаған бұл мерекенің олар үшін маңызы зор. Себебі, түркі елінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болу үлкен абырой. Ал бұл үдеден шығуға тырысқан қырғыз халқы мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жан-жақты көрсетуге күш салды. Түркі халықтарына ортақ мереке Ош қаласындағы Жастар саябағында өзгеше сән-салтанатпен басталды. Әжелер қазанда бір тәулік қайнаған қырғыз халқының ұлттық асы саналатын Сүмөлөктен ауыз тигізді. Апалардан құралған ансамбль ауылдың алты ауызынан ән шырқаса, жастар жағы мың бұрала биледі. Қолда бар мәліметке сүйенсек, Ош қаласының өзінде 70-тен астам ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүреді. Мұнда олардың өз салт-дәстүрлерін дәріптеп, ұлттық құндылықтарын ұлықтау үшін толық мүмкіндік бар. Олар сол мүмкіндікті мәдени шара аясында ұтымды пайдаланды. Оштың орталық алаңында өткен арнайы жәрмеңкеде түрлі этнос өкілдері ұлттық тағамдары мен салт-дәстүрін насихаттап, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Алдымен Ош қаласының символына айналған Сүлеймен таудың (Сулейман-Тоо) етегінде «Түркі халықтарының мәдениеті – Сүлеймен Тауда» атты фестивалі өтті. ТҮРКСОЙ ұйымының журналисі Вугар Новрузоглуның айтуынша, фестивальге 13 мемлекеттен 250-ден астам өнерпаз қатысты. «Біз түркітілдес елдерге қатысы бар мәдениеттің бәрін көрсетуге тырысамыз. Себебі түбі бір түркі халықтары салт-дәстүрге өте бай. Жыл сайын мәдени астананы жария еткенде байқағанымыз, сол қала көркейеді, келетін туристер саны артады, басқа жұрт осындай қала барын біле бастайды. Шын мәнінде, әлемде кейбір түркітілдес елдерді білмейтіндер көп. Алтай мен Балқан түбегі арасындағы сайын далада өмір сүретін түркі жұрты өз мәдениетін, әдет-ғұрпын, тұрмыс-тіршілігін дүниежүзіне паш етуіне мүмкіндік мол», – деді Вугар Новрузоглу. Президенті мен мәдениетін ұлықтаған ел Ош қаласының түркі дүниесінің мәдени астанасы ретінде ресми ашылуы Ахматбек Сюнбаев атындағы орталық стадионда Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің қатысумен басталды. Түбі бір түркі дүниесіне тиесілі мемлекеттердің мәдениетін тоғыстырған айтулы шарада сөз сөйлеген Қырғызстан президенті отандастарын тарихи шаһардың жаңа кезеңге аяқ басқанымен құттықтады. «Ош қаласы әкімшілік және саяси, экономикалық білім беруші, мәдени һәм рухани астана болып саналады. Соңғы жылдары еліміздің өзге қалаларындағыдай Ош шаһарында да іскерлік даму жанданды. Соның арқасында сауда, туризм саласындағы көрсеткіштер жақсарды. Алайда, әлі де шешілетін мәселелер бар. Егер әрдайым бірлік пен ынтымақта болсақ, ол мәселелер сөзсіз шешіледі. Мәдениеттің басты миссиясы – адамдардың рухани байлығын, гуманизм идеяларын, тыныштық пен бірлікті, толеранттылықты сақтап қалу. Біз алыс-жақын елдерден келген меймандарға, өнерпаздарға зор алғыс білдіреміз. Ош қаласын түркі дүниесінің мәдени астанасы ретінде ашық деп жариялаймын», – деді ол. Бұдан соң түркі дүниесіне түркітілдес елдердің мәдениеті мен әсем шаһарларын таныстыру идеясын 2012 жылдан бастаған және оны сәтті жүзеге асырып жүрген ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов сөз алды. Осы ұйымның мәртебесі арқылы түркі жұртының мерейін асқақтатып, жалғыз өзі бір министрліктің жұмысын атқарып жүрген Дүйсен Қорабайұлы: «Ош қаласы мәдени астана ретінде түркі дүниесіне танылып жатыр. Бұл мемлекеттің, елдің болашағы үшін айтулы шара. Бір айта кетерлігі, мұндай іс-шараларды өзінің тәуелсіздігі жоқ мемлекеттер өткізе алмайды. Сондықтан біз оларды осындай тойларға шақырамыз. Барша Ош қаласы халқын айтулы жетістігімен құттықтағым келеді. Мерекені атап өтуге атсалысқан қырғыз үкіметі, қалалық әкімшілік, жергілікті тұрғындарға алғыстан басқа айтарым жоқ», – деді. Қырғыз президенті тұсауын кескен салтанатты шара әсем ән мен әуезді биге ұласты. 12 мың адам сиятын стадион аспаны әп-сәтте рухтанып сала берді. Қырғыз халқының байырғы тарихы мен тұтас мәдениетінен толық хабардар еткен қойылымды ұйып көрген қонақтар мен жергілікті тұрғындар ерекше қанаттанып отырды. Ел басына күн туған замандағы тарихи сәттерге шегініс жасаған әртістердің өнеріне тәнті болсақ, бір жағынан бейбіт заманды аңсаған өрлі халықтың болашағының жарқын болуына тілеулестік білдірдік. Шын мәнінде, президенті тебірене сөйлеп, әнұраны көкте шарықтағанда намысын бәрінен биік қоятын қырғыз халқының көздерінен от көрдік. Және сол оттың сөнбейтініне тағы бір мәрте куә болдық. Сүлеймен тау – Оштың тарихи ошағы Ресми деректерге сүйен­сек, батыстан шығысқа қарай созылған таудың ұзындығы 1140 метрге жететін көрінеді. Алатаумен салыс­тырғанда өз алдына оқшау шоқы тәрізденіп көрінетін бұл тауды ел Сүлей­мен тағы деп те атайды екен. Яғни, ертеде Сүлеймен пайғамбар мекен­деген, тау-тасында ізі қалған қасиетті жер дегені болар. 2009 жылы ЮНЕСКО Сүлеймен тауын дүниежүзілік ірі мәдени ескерткіш­тер тізіміне қосты. Қазір ондағы үлкен үңгір­де ежелгі дәуірлерден қалған зат­тарды көзінің қарашығындай сақ­тап, көпшілікке көрсетіп отыратын мем­лекеттік музей ашылған. Тау биігіндегі тағы да бір таңғажайып ескерткіш – Тахты мешіті. Оны Оштағы жұрт әйгілі Бабыр сұлтанның үйі деседі.  1978 жылдан бері қасиетті тауға саяхаттап келу­ші­лер де, зиярат етіп келушілер де көп. Тау­ды қиялай көтерілетін тас баспал­дақ­тар­мен мұражайға да, мешітке де қи­налмай баруға болады. Осы қасиетті тауға біз де барып, зиярат еттік. Ош шаһары алақандағыдай көрінетін тау ішіндегі үңгір екі қабаттан тұрады. Үлкенді-кішілі он бес шақты бөлмесі  бар төменгі үңгірді қазуға 5 жылдан астам уақыт кеткен деседі. Біз Ош қаласының тарихы мен оның атауы жөнінде Қырғыз республикасының профессоры, Байболот Абытовты әңгімеге тарттық.

Ош – дін мен мәдениет тоғысқан жер – 2018 жылдың аяғында Кастамону қаласында Ош қаласы 2019 жылдың түркі дүниесінің мәдени астанасы болып жарияланды. Бұған бірнеше себепті алға тартуға болады. Біріншіден, Ош байырғыдан бүгінге дейін тарихи-географиялық, сауда-экономикалық, әскери-стратегиялық жағынан ыңғайлы жерде орналасқан. Оштан екі бағытқа еркін қатынауға болады. Бірінші, Нарын арқылы Шығыс Түркістанға, ал бұл жағынан Алай арқылы Қытайға шығуға болады. Сонымен қатар, Ферғана арқылы Бұқара, Самарқанға, Қазақстан арқылы орыс далаларымен Еуропаға жол ашылады. Міне, осы тұрғыдан Ош Шығыс пен Батысты жалғап жатыр. Яғни, шығыс пен батыстың мәдениеті, өркениеті тоғысқан жер. Екіншіден, Ош шағын қала болғанмен байырғы ортақ ғылымдар мен этнос өкілдері топтасқан жер. Иран, түрік, қырғыз, моңғол ұлтының өкілдері Ош қаласында тату-тәтті өмір сүрген. Үшіншіден, Ош қаласында төрт діни ағым шоғырланған. Ғылымда толеранттылықты насихаттап келген зороастризм, буддизм, христиан, ислам діні осы жерде тамырын жайған. Мұнымен қоса, Ош қаласы тоғыз жолдың торабы болды. Ұлы Жібек жолы арқылы Еуропаның тауарлары Ош арқылы Қытайға жеткізіліп отырды. Тағы бір айта кетерлігі, Оштың даңқын шығарған – атақты ғалымдары. Солардың ішінде шығыс дүниесіне танымал, дінтанушы Әли-ибн-Осман-әл Ошиды ерекше атап өтуге болады. Ол ислам дінінде Сиражиддин атымен белгілі. 1827 жылы Үндістанның Калькутта қаласында, 1915 жылы Ұлыбританияда еңбегі жарық көреді. Оның қолжазбасы Бағдаттағы кітапханада сақталған. Және Оштың атын шығарған мекен – Сүлеймен тау. Тау бұрын отқа табынушылардың жері болған, әсіресе мұсылман дінінің орталығына айналды. Қазір оны «кіші Мекке» деп те атайды. Сондай-ақ, Ошты Ош қылған, бүгінгі дәрежесіне жеткізген мемлекеттік саяси тұлғалар. Олардың ішінде Көкім бей, Қуат бей, Алымбек датқа, Құрманжан датқа, Абдулдабек, Қамшыбек, Әбдіқадыр Оразбеков, Ысқақ Разақов, т.б. тұлғалар үлкен еңбек сіңірді. – Ош қаласының аталу тарихы жөнінде деректер көп дейді. Соған тоқталып өтсеңіз... – Ош  Қырғызстанның оңтүстігіндегі қала. Бішкек қаласынан оңтүстік-батысқа 300 шақырымға қарай жерде Ферғана аңғарының шығыс бөлігінде орналасқан. Ош аталуына байланысты бірнеше аңыз бар. Кезінде ел мен жердің, жан-жануардың тілін білген Сүлеймен пайғамбар екі өгізге жегілген қосты айдап, елдердің арасында шекара бөліп келеді де, Сүлеймен тауының баурайының кереметтілігін көріп «Хош!» деген екен. Яғни, өгізге «тоқта!» деп бұйырады. Кейін пайғамбардың бұл сөзі «Ош деген» атауға айналған деседі. Тіпті, кейбіреулер Александр Македонскиймен байланыстырады. Бірақ бұл шындыққа сәйкес келмейді. Себебі оның аяғы бұл жерге жетпеген. Тағы бір қызығы, Ош қаласының 3 мың жылдығын атап өтіп жатқанда Францияда да Ош деген қала барын білдік. Осылайша, әлемде екі Ош қаласы бар. Бірақ бір-бірімен тілдік, мәдени жағынан ешқандай байланыс жоқ. Азамат Жаманқұлов, Қырғыз республикасы Мәдениет, ақпарат және туризм министрі:

Бұл жыл қырғыз халқына ерекше рух сыйлайды Ош қаласының түркі дүниесінің мәдени астанасы атануымен құттықтаймыз! Төрт күн бойы ауқымды мәдени шаралар өтті. Нәтижесі қалай? Қала мен оның мәдениетін жан-жақты көрсете алдыңыздар ма? – Меніңше, іс-шаралардың бәрі жақсы өтті. Түркітілдес елдерінен қаншама делегация келді. Біз Ош қаласының тарихи, мәдени қала екенін көрсете білдік деп ойлаймын. Яғни, жоспарлаған істің бәрі ойдағыдай өткен сияқты. Әлі күзге дейін бірқатар шара жүзеге асады. Алда суретшілер көрмесі, жастар форумы, театр фестивалі, айтыс, ұлттық ойындардың жарысы өтеді. Өзім былтыр қараша айында министр ретінде тағайындалдым. Ош қаласының мәдени астана ретінде жарияланған күннен бастап дайындық жұмыстарына кірісіп кеттік. – Елде біраз аумалы-төкпелі кезең орын алғаны рас. Салдарынан халық титықтап та қалды. Бірақ Ош қаласына берілген мәртебе ел-жұрттың көңілін көтеріп, еңсесін тіктеген сияқты. Солай ма? – Қырғыз елі еркіндікті сүйген, азаттық үшін күрескен ел. Елдегі болған оқиғаның бәрі еркін халықтың жүрек қалауымен орын алды. Бізде демократ ақын-жазушылар, елдің бостандығын армандаған батырлар болған. Солардың қаны әрбір қырғыздың бойында бар. Сондықтан да кез келген нәрсеге бейжай қарай алмайды. Есесіне, осы салтанатты шара, бұл жыл қырғыз халқына ерекше рух сыйлайды. Халықтың көңілі әбден көтерілді. Өздері де шараның бәріне қатысып, атсалысты. Сол үшін де ризашылығымды білдіремін. – Бұл шара елдің туризмін жандандыра ма? – Әрине, мұның бәрі сол үшін жасалуда. Ош қаласының туристік қала ретінде танылуына әрекет етіп келеміз. Жан-жақтан келген делегаттар, журналистер барған жерінде Ош қаласы және оның туризмі туралы толыққанды мәлімет берсе, келетін туристер де көбейе түсетініне сенемін. Бұл жерде көбінесе ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Мақта, күріш, бидай, картоп егіп, мол өнім алып жатады. Оңтүстік жағында жұрт жеміс-жидекті кептіріп, сауда орындарына сатады. Сондай-ақ, тау-кен, энергетика саласы жақсы дамып келеді. Біз өнімімізді Өзбекстан, Қазақстан, Тәжікстан, Қытайға экспортқа шығаруға күш саламыз. Ал импорт бойынша азық-түлік, техника Қытай, Өзбекстан және Қазақстаннан келеді. – Түркітілдес елдердің мәдени саласының басшыларымен байланыста шығарсыз. Қайдан, не үйренуге болады екен? – Жалпы, түркі дүниесіне қарасты елдердің мәдениеті бір-біріне ұқсас. Соған қарамастан, әр мемлекеттің өз әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бар. Қазақстан мемлекетінің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездесіп, қырғыз бен қазақ киносына байланысты келісімге қол қоямыз деген жоспар бар. Бізде жылына 15-20-ға жуық фильм түсіріледі. Оның төрт-бесеуі мемлекеттен қаржыландырылады. Қалғаны – жекеменшік. Қазір біздің фильмдер үлкен сұранысқа ие. Екі елдің арасындағы археологиялық тарихи жерлерді зерттеу бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр. P.S: Жергілікті билік те, халық та Ош қаласының мәдени астана болуы заңдылық дейді. Себебі, олар 3 мың жылдық тарихы бар қаланы  бүкіл әлемнің білгенін, танығанын қалайды. Әрі қалада өтетін жиырмадан астам іс-шара елге туристер тартудың бірден-бір жолы.  Шын мәнінде, бұл Қырғызстан мемлекеті үшін, Ош қаласы үшін үлкен жеңіс. Ал 2020 жылы түркі дүниесінің мәдени астанасы мәртебесі Өзбекстанның Хиуа қаласына табыс етілмек. 

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ,

Алматы-Ош-Алматы