Балаға арналған түсініксіз тест неге көп?

Балаға арналған түсініксіз тест неге көп?

Балаға арналған  түсініксіз тест неге көп?
ашық дереккөзі
Бүгінде балалардың ой-өрісін, таным көкжиегін кеңейтетін қосымша құрал көп. Оны мұғалімдер де сабақ барысында жан-жақты пайдалануға дағдыланған. Әрине, мұның бәрі оқушының білімді, сауатты боп өсуіне септігін тигізбесе, кедергісі жоқ. Алайда, кейде тым асыра сілтеп, қажетсіз ақпараттарды тықпалай берудің қажеті қаншалықты? Таяуда баласы 3-сынып оқитын таныс ата-ана жыларман күйде хабарласты. «Балама мектепте өз бетімен орындауға тапсырма беріпті. «Пони» халықаралық балалар зияткерлік сайысының бұл төрт беттік тапсырмасының сөйлемдері мүлдем түсініксіз. Қазақ сыныбының балаларына орыс халқының балалар ақыны Самуил Маршактың не керегі бар? Оның орнына қазақ халқының ағартушысы Ыбырай Алтынсаринді неге бермеске? Осындай сауатсыз тестті 550 теңгеге сатып алдық. Біз сонда кімнің бизнесін жүргізіп отырмыз?», – деді ашынған ата-ана. Әлгі тест тапсырмасын көруге асықтым. Шынында да, қатеден көз сүрінеді. Тікелей орыс тілінен қазақ тіліне аударылғаны анық байқалады. Сөйлемдері орашолақ, түсініксіз. 3-сынып оқушысы тұрмақ, ересек адам да ұға алмайды. Мәселен, С.Маршактың «Тату-тәтті отбасы» атты өлеңін беріпті. «Бұл әлемде әлдебіреу, Есімі оның Доб, Келіншегі бар еді, Оның есімі Мою, Екеуі бір күн күшік алды Атын қойды Боб, Одан кейін алды мысық, Мысық аты – Читерабоб». Бұл өлеңде не мағына бар? Қандай тәлім-тәрбие береді? Қазақ балаларына өзіміздің ағартушы-ғалымдардың өлеңінен шумақ ұсынуға болмас па еді? Әрі қарай грамматикалық қатеге толып тұрған «Жіпті тартыб, жәуап қүтініз» деген тапсырмаға кеп тоқтадық. Бұл балаларды шатастыру ма, әлде? Онсыз да сауат жағынан өрескел қате жіберетін оқушылардың миын атала қылудың не қажеті бар? Осы арқылы «Пони» халықаралық балалар зияткерлік сайысы білім көкжиегін кеңейтуге атсалыстық деп ойлайтын сияқты. Шын мәнінде, қазақ тіліне шорқақ мамандар дайындаған тест тапсырмасы оқушының ой-өрісін дамытуға титтей де үлес қоспайтыны көрініп-ақ тұр. Және мұндай сауатсыз тесттің саудасын қыздыруға білім ұялары да септігін тигізіп жатқан жоқ па? Сонда, ата-ана кімнің бизнесін жүргізіп отыр?  

Тоғжан Төлеген