ЖЫР БОЛҒАН ЖИЫРМА БІР МЫҢ ЖӘНЕ ПӘТЕР ЖАЛДАУШЫЛАР

ЖЫР БОЛҒАН ЖИЫРМА БІР МЫҢ ЖӘНЕ ПӘТЕР ЖАЛДАУШЫЛАР

ЖЫР БОЛҒАН ЖИЫРМА БІР МЫҢ   ЖӘНЕ ПӘТЕР ЖАЛДАУШЫЛАР
ашық дереккөзі
Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін талап етілетін құжаттар тізімі қысқартылады, ал берілетін көмектің сомасы тұрғылықты аймаққа бөлінген бюджет көлеміне байланысты. Міне, мәселенің де ширыға түсетін тұсы осы болды. Бүгінгі күні жергілікті әкімшілікке осы тізімге ілігу үшін жүгіріп жүргендерден көз сүрінеді. Өйткені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасының мәліметтерін «Е-халық» базасына енгізу үшін қажет құжат жинаумен жергілікті атқарушы органдар айналысады делінген. Сондықтан да болар, тұрғылықты әкімшіліктер жұмысы күрделене түскендей. – Менің келіншегім Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш селосында мейірбике болып қызмет атқарады, жалақысы 65 мың теңге. Өзім ауысымдық жұмыстамын. Құрылыс-жөндеу жұмыстарымен айналысамын. Өздеріңіз білесіздер, бұл деген сөз қыстай үйде, жазғысалым ғана нәпақа табамын деген сөз. Күрделі құрылыстар түгілі бүгінде жеңіл-желпі үй жөндеу жұмыстарының өзі бригада жинақтап алған топтардан артылмайды. Біз сияқтыларға тамыр-таныстар арқылы болмаса ондай жұмыс та табыла бермейді. Төрт баламыз бар. Ең кішкентайымыз бес жаста. Осы уақытқа дейін алып келген тоғыз мың теңгеге келіншегімнің 65 мыңын қосқанда, 74 мыңмен өлместің күнін көріп келдік. Әйтеуір ел іші болғандықтан, арасында көрші-қолаңның қора-қопсысын жөндеуге қолғабыс етіп бірдеңе тауып қоясың. Мәселе мұнда да емес, ең бастысы төрт бала көпбалалы отбасылар тізіміне енгені, олардың ішіп-жем, киім-кешегі есептелініп, әжептәуір әлеуметтік көмек алатын болдық деген көңіліміз су сепкендей басылды. Қалада қайдам, ауылдық жерлерде «жең ұшынан жалғасу» деген қалмай келе жатқанына тағы да көзіміз жетіп, амалсыз осындай шағым айтуға тура келіп отыр. Дәл менің жағдайымды басынан кешіп отырған біраз таныстарым енген тізімге біз ене алмай қалдық. Қойған талаптары: біздің елімізде отбасында ер азамат міндетті түрде жұмыс істеуі керек екен. Ал керек болса! Айналайын-ау, жұмыстан қашып отырған ешкім жоқ, бірақ тұрақты айналысатын жұмыс болмағандықтан отырмыз ғой. Әйтпесе қай қазақтың азаматы әйелінің тапқан табысына қарап отырады дейсіз?! Басқасын былай қойғанда, ай сайын төрт балаға берілетін 21 мыңға іліксек екен деген үмітпен тағы да есік жағалауға тура келетін түрі бар. Ұзынқұлақтан естігеніміз, егер тиын-тебен ұсынар болсаң, сол қиямет-қайым тізімге ілігетін сияқтымыз. Бірақ... кімге, қалай бересің?.. – деген Қаһарман есімді жігіт бізге сынай қарады. Бәлкім, осы кісілер араласса тірлігім оңынан туатын секілді деп ойлаған болуы керек. Өзін Райхан деп таныстырған келіншек толық аты-жөнін айта алмайтынын айтты. Қаламыздағы қазақтар көп шоғырланған Алатау ауданының тұрғыны, күйеуі жұмыс істемейтінін, ішімдікке әуес екенін көз жасы көл болып отырып айтқаны: II-топтағы мүгедек баласы бар екен. Жыл сайын медицина мекемелерінің есігін тоздырып жүріп, жаңалап алатын құжаттардан шаршағанын, әу баста бірнеше адамнан тұратын комиссия белгілеп, тағайындалған құжатта неге жыл сайын жаңартуға мәжбүрлейтінін, ол баланың бір жылдың ішінде аяғынан тік тұрып сауығып кетпейтіні анық болса да, осындай сергелдең тірлікке енді әлеуметтік көмекке жинайтын құжаттар қосылғаны шаршатты дейді. Ең басты құжаттар: отбасы мүшелерінің жеке куәлік көшірмесі, мекенжай анықтамасы, отбасының табысы туралы анықтама, жұмыс орнынан айлық жалақысы туралы, зейнетақы аударымдары туралы және жұмыссыз болса, жергілікті әкімдіктен жұмыссыздығы туралы анықтама тапсыру керек екен. – Бәрінен де қалада тіркелгенің жайлы анықтама алу қиынға соқты. Өйткені қалада жұмыс іздеп жүргендердің көбінде прописка жоқ, қайдан болсын басында баспанасы да жоқ. Мен де бір таныстарым арқылы бір кісілердің үйіне тіркелген едім. Обалы не, анықтама қағазымды тез алдым. Бірақ... әлеуметтік көмек алуым үшін, сол үйде тіркелген барлық азаматтардың ай сайынғы жалақысы ортақ есептелінетіндіктен, бізге тиесілі көмекті ала алмайды екенбіз. Сонда қалай? Меніңше, бұл тек біздің ғана емес, қалада пәтерден-пәтерге көшіп-қонып жүрген талайлардың басында бар жағдай ғой. Шынында да ойланатын, ойланып қана қоймай тиянақты шешім қабылдайтын тірлік. Көпбалалы отбасылар тек өзіміздің қандастарымыз екенін ескерсек, қаладағы пәтершілердің де көбі – осы қаракөздар. Осындайда кезінде өзіміздің де қаланың әр түкпірінде басқа ұлттардың қолында пәтерші болғанымыз еске түседі. Дегенмен, төрт баламен қала ішінде тегін жүріп-тұрып, денсаулық саласындағы қызметтерді тегін қабылдап, балабақшалардың да қызметін елу пайызға жеңілдікпен пайдаланғанымыз дертке дауа екен ғой. Бұл кезең де өтпелі екенін, қазақ баласының ешкімге тәуелді болмайтын, өз баспаналарында емен-жарқын ғұмыр кешетін кез де алыс еместігі көңілге демеу...

Таңсұлу  АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ