ҚАМДАН ҚАЗАҚ, АЛДА САЙЛАУ

ҚАМДАН ҚАЗАҚ, АЛДА САЙЛАУ

ҚАМДАН ҚАЗАҚ, АЛДА САЙЛАУ
ашық дереккөзі
Қазір екінің бірінің аузындағы әңгіме  осы жылдың 9 маусымында өтетін Қазақстан Республикасы Президентін сайлау жайлы. Бұл туралы қазақстандықтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына арнаған Үндеуі арқылы хабардар болған еді. «Еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылғы 9 маусымда өткізу туралы шешім қабылдадым. Мен бұл жауапты шешім бойынша Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен ақылдастым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім қабылдау өте маңызды қадам екені белгілі. Сондықтан да Мемлекет басшысы тек Елбасымен ғана емес, Парламенттің қос Палата спикері және Премьер-Министрмен кеңесіп, Конституциялық Кеңестің келісіміне жүгінгенін, Парламенттегі партия жетекшілерімен де кездескенін атап өтті. Бұл қазіргі сәтте Қазақстан үшін  ең қажетті қадам болғанын саясатшылар да, сарапшылар да жарыса жазып жатыр. Осы маңызды қадамның алдында ғана тәуелсіз Қазақстандағы ең жоғары билік ың-шыңсыз, заң талаптарына сай, бейбіт жағдайда ауысқанын білеміз. Оны ел халқы ғана емес, бүкіл әлем көріп-біліп, байқап-бағамдап отыр. «Қазақстанның жоғары билігіндегі ауыс-түйіс нағыз демократиялық жолмен жүзеге асты», – деп баға беріп жатқаны да сондықтан болса керек. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тапсырғанымен, оның сарабдал саясаты мен сара жолы жалғаса беретіні айдан анық. Өйткені бұл егемен елімізді әлемдегі озық 30 мемлекеттің қатарына қосатын басты бағыт. Оны Қазақстан Президенті өз Үндеуінде де баса айтты: «Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз біртұтас. Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы Президент сайлауы осыған дәлел болуы керек. Сондықтан елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет. Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек.  Ол үшін аталған тағдырлы шешімді қабылдадым», – деді Қазақстан Президенті. Ендігі кезек – сайлаушыларда. Тәуелсіз Қазақстанның одан әрі қарышты қадам басып, өсіп-өркендеуі үшін маңызды болып табылатын осы сайлаудың жауапкершілігін жете сезініп, оның ойдағыдай, заң аясында, демократиялық жолмен өтуі үшін әрқайсымыз өз үлесімізді қоса білуіміз керек. Халықтың бірлігі мен тұтастығы, белсенділігі мен ұйымшылдығы осы бір сындарлы сәтте тағы бір асқақ көрінуі қажет. «Алдағы сайлауға баршаңызды барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Еліміздің келешегі, әр отбасы мен әр азаматтың тағдыры Сіздердің шешімдеріңізге тікелей байланысты» деді Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған Үндеуінде. Бұған дейін Қазақстан халқы егемен еліміздің Президентін қанша рет сайлаған еді? Кезектен тыс сайлау неше мәрте болды? Партиялар мен қоғамдық ұйымдардың белсенділігі қалай болған еді? Халықаралық сарапшылар өткен президенттік сайлауларға қандай баға берді? Осыны еске түсіру үшін тарихқа шегініс жасап көрсек. Қазақстан тұңғыш Президентін сайлауға қадам жасаған уақытта еліміз әлі егемендік алмаған болатын. Алдымен 1991 жылы 16 қазанда «Қазақ КСР Президентін сайлау туралы» Қазақ КСР Заңы қабылданды. Осы Заңның 1-бабына сәйкес Қазақ КСР Президентін Қазақ КСР азаматтары жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайтын болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Қазақ КСР Президентін сайлау 1991 жылғы 1 желтоқсанға белгіленді. Оның қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев – халық сайлаған тұңғыш Президент. Бұл сайлауға халық белсене қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев 98,8 пайыз дауыс жинады. 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы Президент Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзарту үшін референдум өткізуді ұсынды. Сол жылы 29 сәуірде референдум өткізу туралы шешім қабылданды. Референдумға қатысқандардың 95,5 пайызы Назарбаевтың өкілеттігін ұзартуды қолдағаны хабарланды. 1998 жылы Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Президент өкілеттілігі жеті жылға ұзартылған болатын. Осы өзгерістен кейін Мәжіліс депутаттары мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс жасап, Нұрсұлтан Назарбаев ол ұсынысты қабылдады. Сөйтіп, 1999 жылы 10 қаңтарда мерзімінен бұрын Президент сайлауы өтті. Онда Нұрсұлтан Назарбаев – 80 пайыз, Серікболсын Әбділдин – 15 пайыз, Ғани Касымов – 4 пайыз, Энгельс Ғаббасов – 1 пайыз дауыс жинады. Бұдан кейінгі Президент сайлауы 2005 жылы болды. Бұл додада Нұрсұлтан Назарбаев 91,15 пайыз дауыс жинап, Президенттікке қайта сайланды. Оның басты қарсыласы Жармахан Тұяқбайға сайлаушылардың 6,61 пайызы дауыс берген болатын. 2010 жылы 23 желтоқсанда Өскеменде 320 адам қатысқан арнайы жиында Назарбаевтың Президенттік өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзарту үшін референдум өткізу туралы ұсыныс болды. Бұл ұсынысты Қазақстан халқы ассамблеясы, Мәжіліс депутаттары қолдады. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев референдум өткізуге қол қоймай, Президент сайлауын 2011 жылғы 3 сәуірге белгіледі. Ел басқару тізгінін қолға алу үшін сайлауға түсуге бел байлаған үміткерлер бұл жолы да аз болған жоқ. Бірақ Назарбаев тағы да оқ бойы озық келді. Ол 95,55 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Ғани Қасымов – 1,94 пайыз, Жамбыл Ахметбеков – 1,36 пайыз, Мэлс Елеусізов – 1,15 пайыз дауыс жинады. Кандидаттардың бірі Мэлс Елеусізов сайлауда Назарбаевтың кандидатурасына дауыс бергенін айтты. Одан кейін кезектен тыс Президент сайлауы 2015 жылы болды. Осы жылы ақпанның 14-і күні Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу туралы бастама көтерілді. Кейіннен Қазақстандағы қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер, саяси партиялар мен жекелеген саясаткерлер, сондай-ақ шетелдік сарапшылар тарапынан қызу қолдау жасалған сайлауды мерзімінен бұрын өткізудің қажеттігі ең алдымен әлемдік экономикалық дағдарыспен, күрделі халықаралық жағдаймен байланыстырылды. «Елімізді жаһандық сын-қатерлер кезеңінен алып шығу үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа жалпыхалықтық сенім мандаты берілуі қажет. Әлемде тұрақсыздық орын алған күрделі кезеңде еліміз стратегиялық бағытынан айнымай, Қазақстанды жаңғырту және дүниежүзінің озық 30 елінің қатарына енуі үшін Н.Ә. Назарбаевқа сенім білдіру қажет», – деп мәлімдеген болатын Ассамблея Кеңесінің Үндеуінде. Кейіннен, халықтық қолдауға ие болған бастама негізінде Парламенттің қос палатасы Елбасыға Үндеу жолдады. Кезектен тыс Президент сайлауын өткізу Қазақстан Конституциясына және сайлау туралы заңға қайшы емес екені айтылды. Сөйтіп, кезектен тыс сайлау 26 сәуірде өтті. Әбiлғазы Құсайыновқа сайлаушылардың 57 718 дауысы берiлдi, бұл 0,64 пайызды құрады. Нұрсұлтан Назарбаевқа – 8 833 250 немесе 97,75 пайыз, Тұрғын Сыздықовқа – 145 756 немесе 1,61 пайыз сайлаушы дауыс бердi. 9 маусым күні өтетін Президент сайлауы кезінде де Қазақстан халқы белсенділік пен жауапкершілік танытады деген үміт зор.

Нұр-Сұлтан қаласы

Ғалым ОМАРХАН