Гүлбану Майғарина: ЖАС КӘСІПКЕР, СЕНІМ – СЕНІҢ АЛТЫН КЕНІҢ

Гүлбану Майғарина: ЖАС КӘСІПКЕР, СЕНІМ – СЕНІҢ АЛТЫН КЕНІҢ

Гүлбану Майғарина: ЖАС КӘСІПКЕР,  СЕНІМ – СЕНІҢ АЛТЫН КЕНІҢ
ашық дереккөзі
Қазақстанда соңғы жылдары кәсіпкерлік – қарқынды дамып келеді. Сәйкесінше ер азаматтармен бірге іскер әйелдердің де қатары көбейді. Кейіпкеріміз Гүлбану Майғарина бір жыл ішінде қазақстандық бренд қалыптастырып, алыс-жақын шет мемлекеттерге франшиза сатып үлгерген. Аз уақыт ішінде үлкен белестерді бағындырған Гүлбану Майғарина «Túrkіstan»-business» айдарына арнайы сұхбат беріп, табыс сырымен бөлісті.
–  Гүлбану ханым, сіздің есіміңіз де, кәсібіңіз де, жалпы халыққа әзірге бейтаныс. Бірақ «Landzhou» мейрамханаңыз аз уақытта көптің ықыласына бөленіп, жер-жерде ашылып жатыр. Мұның сыры неде? – Менің туған жерім Ақтөбе облысы. Жұмыс бабымен 17 жыл Нұр-Сұлтан қаласында тұрдым. Ол жақта да кішігірім мейрамхана бизнесімен айналыстым. Бірақ қазіргідей танымал, табысты бола қайған жоқ. Бір жылдан астам уақыт бұрын дәл осы «Landzhou» жедел тамақтану мейрамханасын ашу мақсатында оңтүстік астанамызға қоныс аудардым. Ол 2018 жылдың басы болатын. Алғашқы мейрамханамыз қаңтар айының 5 жұлдызында ашылса, араға 5 ай салып тағы 2 жерден ашуға тура келді. Өйткені сұраныс артып, тұтынушы көбейді. Тіпті, маусым айында алғашқы франшизаны сатып жібердік. 2018 жылдың қыркүйек айында Мәскеуде өтетін жыл сайынғы «By Brand» көрмесіне қатыстық. Көрмеге келушілер біздің өнімді жылы қабылдады. Оның жасалу жолы мен жұмысшылар шеберлігінің сырын сұрап қатты қызыққандар болды. Қазір 8 жерде «Landzhou» жедел тамақтану орындары бар. Оның екеуі «food court» (сауда орындары мен түрлі мекемелерде тамақтануға арналған шағын дәмхана – ред.) қалғаны мейрамхана. Астана мен Атырау қаласында 16 наурыздан бастап қызмет көрсете бастадық, жоспар бойынша мамыр айына дейін Өскемен, Ақтөбе, Шымкент қалаларында «Landzhou» мейрамханалар желісі ашылады. Ал енді мұның сыры десеңіз, нақты бір жауап беру қиын. Ең бастысы тұтынушы ықыласына бөленіп жүрміз. Әйтпесе баса көктеп, жер-жерден жарнамамызды жалаулатқан жоқпыз. Бір келген адам екіншіні ертіп келіп, суретке түсіп, әлеуметтік желіге жүктеп біздің танылуымызға септігін тигізді. Сосын ешкімге ұқсамайтын тағамдарымыздағы дәм ерекшелігі шығар... – Қазақстанда қытай асханалары, шығыс тағамдарының түр-түрін дайындайтын дәмханалар аз емес. Және олардың көбі өз тұтынушысын тапқан, қалыптасқан брендтер, сізге бәсекелес. Сол форматтағы мейрамхана ашу ойы қайдан келді. Қандай қиындықтарды, кедергілерді бастан өткердіңіз? Болашақта қазақ асханасын ашу ойыңызда бар ма?  width= – Маған бұған дейін қаншама адам шығыс асханасын ашайық деген ұсыныстар айтқан. Өзім нан өнімдерін қолданбайтын адаммын. Сондықтан көп ұсыныстан бас тартқан едім. Бірнеше жыл бұрын Қытай еліне барып, жергілікті «Лапшадан» дәм татқанда қатты ұнатып қалғаным бар. Сонда бір досым оның неше түрі болатынын, дәм ерекшеліктері де алуан түрлі екенін айтқанда шыны керек таңдандым. Содан кейін ғана, Қазақстанда осындай мейрамхана ашамын деген ойға келдім. Бірақ, ойды іске асыру оңайға соқпады. Екі жыл бойы қытайлық аспаздармен сөйлесіп, Қазақстанға келуге көндіре алмадық. Олар «тілін білмейтін жат елге бармаймыз» деп бас тартты. Содан не керек, мен қазақ аспаздарын сол жаққа алып барып 3 ай бойы оқыттым, өзім де оқыдым. Негізі қытайлар асханасына жан баласын жолатпайды, ешнәрсені көрсетпейді. Бұл қағида! Әрең дегенде тілін тауып, тамырын басып үйренуге барғанның өзінде бір-екі рет көрсетті, әрі қарай өзіміз алып кеттік. Өйткені арнайы оқу орнына барып теория оқымадық, тәжірибенің арасында болдық. Күн сайын 2 жарым мыңнан 4 мыңға дейін лапша сатылатын жерде болдық. Оның бәрін бір асхана ішінде дайындау оңай емес, уақытты тиімді пайдалануды талап етеді. Сондықтан мен өз аспаздарымды алып барып, қайнаған тәжірибе алаңына түсірдім. Біздің өнімнің бір ерекшелігі қоспалар құрамында. Оны ешкім білмейді. Тіпті аспаздарымыз да. Өзіміздің арнайы фабрикамызда дайындаймыз, дайын күйінде алдырып қазанға түседі. Сыртқы бәсекелестерімізден гөрі, ішкі жауларымыз қиянат жасаған кездер болды. Мейрамхананың жақсы жұмыс істеп жатқанын көрген кей аспаздар бізден кетіп қалып, дәл осы форматта тамақтану орындарын ашуда. Бірақ олардың сорпасының дәмі бөлек, қамыры басқаша, сондықтан тұтынушылар бізге айналып қайта келеді. Көңілге кірбің ұялап қалатыны болмаса, ешнәрседен қорықпаймыз. Бастысы жұмыс жүріп жатыр. Ең алғаш ашылған кезде даяшылар болмады. Өз-өзіне қызмет көрсететін дәмхана форматын ұсынғанымызда тұтынушылар нені таңдау керектігін білмей жатты. Сосын даяшыларды қостық. Алғашында өзіміз даяшы, есепші, кассир, басқарушы да болдық. Қазір барлығы жолға қойылды. Қазақ асханасын ашуға келсек, бұл үлкен еңбекті талап етеді. Өйткені қазақ тағамдарының деңгейі биік. Онымен кәсіп жасау қолайсыз. Қарапайым жылқы етін алып қарасақ ол көп мемлекеттерде таптырмайды. Дегенмен барлығы болашақтың еншісінде. – «Landzhou» мейрамханалар желісінің ерекшелігі неде? Жалпы ұжымда қанша адам еңбек етуде? Жақын болашақтағы жоспар, мақсаттарыңыз қандай?  width= – Ерекшелік деп айтуға келер ме екен, келмес пе екен білмедім бірақ, бізде сатылған әр лапшаның 5 теңгесі Аружан Саин басқаратын «Милосердие» қайырымдылық қорына аударылады. Ол қаражат қазақстанда аутизм дертіне шалтыққан балалардың ем-дом шараларына жұмсалады. Бұл менің әуел бастағы ойым, арманым еді. Сосын жұмысшылардың шамамен 98 пайызы қазақтар. Қазір Ресей астанасы Мәскеу қаласында құрылыс жұмыстарын бастап кеттік. Жақын арада «Landzhou» мейрамханасын Мәскеуде ашамыз, кейінгі кезекте Новосибирск қаласы франшизаны сатып алып, дайын отыр. Бір мақсатымыз сол жақта жүрген қазақ бауырларымызды осы мейрамханада жұмыс істеуге жұмылдырсақ дейміз. Бізге көбі «даяшыларыңыздың дені ер азаматтар екен» деп жатады. Оның өз себебі бар, күнұзақ аяқта тұрып, әрлі-берлі жүретін болғандықтан мейлінше 25 жасқа дейінгі азаматтарды жұмысқа аламыз. Оның мамандығы маңызды емес, бастысы, ісіне адалдық танытып, өзін көрсетсе 4-5 айдың ішінде бір мейрамхананың басшысы етіп те тағайындаймыз. Ол жұмысшыларға мотивация береді. Нақты санын айта алмаймын жалпы сегіз орталықта 5 жүзге тарта адам жұмыс атқарады. Оның сыртында 3-4 сағат жұмыс істейтін студенттер мен күн сайын келіп жататын стажерлар бар.  width= Ең алғаш бизнес жоспар түзген кезде күн сайын кемі 5 жүз адам ас ішсе, мейрамхана шығыны ақталады деп есептедік. Бірінші ашқан мейрамханамыз бүгінде күніне 1500 адамға қызмет көрсетеді. Ол ең аз дегенде. Ал мереке қарсаңында 2 мың, тіпті, онан да көп адамды қабылдаймыз. Сондықтан алдағы 5 жыл тек осы кәсіпті жолға қоюмен айналыссам деймін. Жыл соңына дейін мейрамханалар санын жиырмаға жеткізу жоспарланған. Оның 10-ы Ресей жерінде болады. Әлемге шығу үшін біз Ресей қалаларына өз франшизаларымызды сатпақпыз. Келер 2020 жылы болса Еуропа елдеріне шығып, «Landzhou» жедел тамақтану мейрамханалар желісінің жалпы санын елуге жеткізу ойымызда бар. – Франшиза жайында айта кетсеңіз. Білуімше өңірлерде ашылып жатқан «Landzhou» мейрамханалары соның жемісі. Қандай жүйеге негізделген? Қойылатын талаптар қандай? Шет мемлекеттерге шығу үшін, оның ішінде Ресейге серіктестермен жұмыс істейсіз бе? Әлде...  width= – Ресейдегі алғашқы мейрамхананы өзіміз ашып жатырмыз. Және ол орталық болады. Жоғарыда айтқанымдай өткен жылы «By Brand» көрмесіне қатыстық. Сол кезде франшиза сатуды сұрап қанша адам қолқа салды. Онан өзге қаншама кәсіпкер күн сайын хабарласып, франшиза жайында сұрап жатады. Бірақ өзге ел болғаннан кейін, сынақтан өткізбей ешқандай франшиза сатпаймыз деп бекінгенбіз. Өйткені шығын көлемі қазақстандық бағамен есептелген. Ресейде азық-түлік өнімдері, мейрамхана орнын жалға алу құны мүлдем бөлек. Біз соның бәрін көзбен көріп, есептеп көрмекпіз. Франшиза сатып алушыларға «мейрамхананың орналасқан орны халық көп жүретін аумақта болсын» деген талап қоямыз. Бизнесте «location, location, location» деген қағида бар. Онан бөлек бізде қатырып қоятын мұздатқыштар жоқ. Біз тек салқындатқыш арқылы дайын өнімді бір тәулік қана сақтаймыз. Таңертең келген азық-түлік кешке дейін өтіп кетпесе, ертеңінде жарамай қалады. Сосын тамақты ешуақытта жылытып емес, тапсырыс берген сәттен ғана қазанға саламыз. Осы секілді біздің мейрамхананың арнайы талаптары бар. Баға мен сапаны арнайы қадағалап отырамыз. Қазақстан аумағындағы франшиза бағасы үлкен мейрамханаларға 10 млн болса, «food court» 5 млн теңгені құрайды. Алдын-ала келісім бойынша пайданың 7 пайызы өзімізге қайтады. Сосын бір қағида әр өңірде тек бір адаммен ғана жұмыс істейміз. – Өзіңіз білесіз биыл елімізде «Жастар жылы». Кәсіпкерлік жолда жүрген, оның ішінде мейрамхана бизнесін жолға қойсам деп мақсат қойған жас мамандарға қандай кеңестер айтасыз?  width= – Біріншіден, мейрамхана бизнесін бастағанда сен басшы бола алмайсың. Керек жерінде даяшы да, аспаз да, есепші де болуың керек. «Сенген қойым сен едің» деп жүргенде аспазыңыз немесе тағы басқасы кетіп қалса, сенгеніңіз орға жығады. Кәсібіңіз кері кетеді. Сондықтан мейрамхана бизнесімен айналысатын жан – бесаспап маман болуы тиіс. Өзіңді осы салаға арнауың керек. Екіншіден, бизнес жоспар жүйелі жасалмаса болмайды. Әр шығын мен пайданы тиынына дейін есептеу керек. Ол сонысымен – бизнес! Үшіншіден, сенің өнімің кімге керек, кім тұтынады, бай-бағлан ба, қара халық па соны назарға алған жөн. Мен мықты команданы осы тізімге қосқым келеді. Егер менің командам болмаса, мұндай жетістіктерге жетпес те едім. – Өзіңізді қалай дамытасыз, не оқисыз, не көресіз? Гүлбану Майғаринаның бос уақыты бар ма? Болса, немен айналысады?  width= – Шынымды айтсам бос уақыт жиі бола бермейді. Болған күннің өзінде отбасыммен уақыт өткізуге тырысамын. Бұрындары түрлі жанрдағы кітаптар оқитынмын. Қазір бәрі мейрамхана бизнесіне қатысты. Оны қалай дамыту керек, жүйелеу керек сол жайында. Соңғы оқыған кітабым Гербер Майклдың «предпринимательский миф» атты туындысы. Кітап оқығанда ой немесе идея емес, дұрыс бағдар мен жүйелі кеңес алуға тырысамын. Осы күнге дейін бірде бір бизнес тренингтерге бармаппын. Есесіне Ерлан Алиакпаров есімді азаматтан кеңестер алып тұрамын. Жуырда ол кісіні Мәскеуден арнайы алдырып командама екі күндік тренинг өткіздік. Ол да жұмыстың жеңілдеуі мен ілгерілеуіне септігін тигізеді деп ойлаймын. Бір түсінгенім адамның ішкі сенімі барлық жетістікке бастап барады екен. Жас кәсіпкерлерге «сенім – сенің алтын кенің» деп айтқым келеді. – Әңгімеңізге рахмет! Кәсібіңіз берекелі болсын!

Әңгімелескен

Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН