2 Сәуір 2019, 10:24 988 0 Аймақ Túrkіstan International Political Weekly

САЙРАМНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ?

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен  Сайрам ауданында болды.

Ақсу өзені бойын абаттандыру жұмыстарымен танысқан соң өңір басшысы «Сайрам сүт» ЖШС-не барды. 50 адам жұмыс істейтін кәсіпорын тәулігіне 20 тонна сүт өнімдерін өндіреді. Өмірзақ Естайұлы аудан басшысына аталған кәсіпорынға субсидия алу бойынша жеңілдіктерді талапқа сай қарастыру қажеттігін тапсырды.

Сондай-ақ, облыс әкімі Сайрам ауданы, Манкент ауылындағы  «Балым-ай» балабақшасының жұмысымен танысты. 2019 жылы іске қосылған балабақшада бүгінде 280 бала тәрбиленуде. Онда 70 адам жұмыспен қамтылған.

Сайрам ауданы ет экспорттаудан көшбасшылар қатарында екені жұртқа мәлім. Аудандағы ет өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың бірі –  Манкент ауылында орналасқан «Ет Агро Манкент» СТК-ы. Кәсіпорын – мал бордақылау, ет өндіру, мал сою және ет сақтаумен айналысады. Жобаның қуаттылығы –  тәулігіне 20 тонна. Өндіріс орнының жұмысымен танысқан облыс әкімі ет экспорты бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұрғанын атап өтіп, әлі де экспорт көлемін арттыру керектігін айтты.

Одан бөлек, облыс әкімі Сайрам ауданындағы  «Bella Mebel» жиhаз өндіретін фабрика жұмыстарымен де танысты.

Бүгінгі таңда фабрикада 120-ға жуық адам жұмыс істейді. Жалпы фабриканың өнімдері тек қана Қазақстанға ғана емес, Әзібайжан, Өзбекстан мемлекеттерінде де үлкен сұранысқа ие.

Өткен жылы фабрика 496,4 млн. теңгенің өнімін өндірген, биыл өнім көлемін арттыру жоспарланып отыр. Өмірзақ Естайұлы кәсіпорын иесіне Түркістан қаласындағы индустриалды аймақтан жиhаз фабрикасын салуды ұсынды. Кәсіпкер аталған идеяны тез арада қолға алатынын жеткізді.

Жұмыс сапары соңында Ақсу ауылындағы «Асыл ЛТД» ЖШС-нің жетістіктерін көрген облыс басшысы тек ұн өндірумен тоқталып қалмай, бидай өнімін әртараптандыру керектігін айтты. Бүгінде тәулігіне 3000 тонна ұн шығаруға қабілетті диірменнің ұны елімізбен қатар Өзбекстанға экспортталып жатыр.

Соңғы жаңалықтар