«Қаламқастағы» өрт Президенттің бақылауында

«Қаламқастағы» өрт Президенттің бақылауында

«Қаламқастағы» өрт Президенттің бақылауында
ашық дереккөзі
Маңғыстау облысындағы «Қаламқас» кен орнында өрт шықты. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметовтің айтуынша, оқиға 25 наурыз күні таңертең орын алған. Сағат 07:10-да өңірдегі ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметке өрт туралы хабарлама келіп түскен. «Маңғыстау ауданындағы «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-ның «Қаламқас» мұнай-кен орнындағы ұңғымалардың бірінде 900 шаршы метр аумақта биіктігі 10 метрге жететін грифонның ашық жануы орын алды. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ», – деді Нұрсұлтан Нұрахметов. Өртті сөндіруге Маңғыстау облыстық ТЖД, «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС және «Файр протекшн ЛТД» ЖШС-нің 53 қызметкері және 12 техникасы жұмылдырылған. Алайда өрттің ошағына тікелей кіретін жолдар болмағандықтан, жалынды ауыздықтау әзірге мүмкін болмай отыр. Қаламқастағы өрт жайында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев:  «Басты мәселе жалынды тоқтату болып тұр. Бірінші орынбасарым  Махамбет Досмұхамбетов сол жақта, оқиға орнында. Ол жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендер жоқ, ол жерде кәсіби мұнайшылар жұмыс істейді. Елді мекен алшақ орналасқан. Одан үлкен трагедия жасаудың қажеті жоқ. Мән-жайды, кінәліні анықтаймыз. Олар шығынды өтейтін болады», – деді. Оқиға дерегі бойынша Энергетика министрлігі Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясы батыс өңіраралық басқармасы мен Маңғыстау облыстық экология департаменті «Маңғыстау мұнайгаз» АҚ-ға қатысты тексеру тағайындаған. Сондай-ақ, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Твиттердегі» парақшасында: «Үкіметке «Қаламқас» кен орнындағы өртті тоқтатып, төтенше жағдайды қалыпқа келтіру жөнінде тиісті шаралар қабылдауды тапсырдым. Бұл мәселе менің бақылауымда» деп жазды.