21 Наурыз 2019, 14:11 1075 0 Жаһан "Түркістан" газетінің авторлары

Улаанбатордағы Наурыз

Моңғолия астанасы Улаанбатор қаласында тұратын қазақтар жыл басы Наурыз мерекесін тойлауды бастап кетті.

Бүгін Улаанбатор қаласындағы Баян-Өлгей аймақтық жастар одағы ұйымдастыруымен мерекеге арналған шара болды. Мерекелік шараға Улаанбатор қаласында тұратын қазақ жастары мен аға буын өкілдері келді. Мәселен бұған дейін Моңғолия Парламентінің мүшесі болған Бәкей Ағыпарұлы, Білім және мәдениет министрлігінде вице-министр болған Күләнда Шоңайқызы,  Жол-көлік министрлігінде вице-министр қызметін атқарған Ержан Қабышайұлы бастаған азаматтар қатысты.

Улаанбатор қаласындағы Баян-Өлгей аймақтық жастар одағының төрағасы Еркебұлан Болатұлы:

− Біз жыл сайын Наурыз мерекесіне байланысты іс-шара ұйымдастыруды дәстүрге айналдырып келеміз. Бұл іс-шараны қазақтың салт-дәстүрін басқаларға көрсету, түсіндіру, насихаттау мақсатында ұйымдастырамыз. Сонымен қатар біз жастар өзіміздің салтымызды, мәдениетімізді ұмытып қалмас үшін осылай бас қосып тұрамыз.  Бүгінгі өткізіп отырған мерекелік шараға ешқандай да ресми мекемелер немесе лауазымды адамдар ықпал еткен жоқ. Біз жастар өзіміз бастамашылық жасап, бірігіп ұйымдастырып отырмыз. Қазақтың киіз үйін тігіп ішіне ұлтымыздың тұрмыстық бұйымдарын қойдық. Мұндай шараны жыл сайын бұдан да кең ауқымда атап өтуді жоспарлап отырмыз.

Мерекелік іс-шара Моңғолия жастар одағы ғимаратының ішінде болды. Ғимарат ішіндегі кең ауқымды залға қазақтың алты қанат ақ ордасын тігіпті. Жастар мен қонақтардың көбісі қазақтың ұлттық киімімен келді. Киіз үй ішін қазақтың тұрмыстық бұйымдарымен толтырып, кереге бастарына әртүрлі бағалы аң терілерін ілген. Ұйымдастырушылар мол дастархан басына қонақтарды жайғастырып, үлкендерге сыбаға жіліктерімен қазақтың бас тағамы ет тартты. Қонақтардың барлығына наурыз көже таратылды. Моңғол ұлтының журналистері  мен қонақтары наурыз көженің құрамы туралы сұрады.

Киіз үй қасына қазақтардың бірден-бір символы болған қыран бүркітті отырғызыпты. Киіз үй ішінде домбыраның күмбір үні сыңғырлап, қазақ әні әуеледі. Мерекелік шараға келген журналистер мен моңғол ағайындар қыранды тамашалап, бүркітшіге қызықтырған сұрақтарын қойды.

Моңғолия астанасы Улаанбаторда барлығы он мыңдай ғана қазақ тұрады. Олардың көбісі студент жастар.

Ертең Моңғолиядағы ең көп қазақтар шоғырланған мекен Баян-Өлгейде Наурыз мейрамына арналған шаралар басталмақ.

 

Бейбіт ТОҚТАРБАЙ,

 Улаанбатор қаласы

 

Соңғы жаңалықтар