21 Наурыз 2019, 11:06 634 0 Нұр Отан Әсел ӘНУАРБЕК

Елімен еңселі Елбасы

Өткен күндерге көз жүгіртсек, ел егемендігін алғаннан бері Елбасының басшылығымен ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды.

Шекарамыз шегенделіп, барлық елдермен достық қатынас орнатылып, төрткүл дүниеге тең терезелі ел ретінде мойындалды.

Қазақ Елі әлемнің ең сыйлы, ең қадірлі мемлекеттерінің біріне айналды. Сарыарқаның төсіне күллі әлем тамсанған әсем Астанамыз тұрғызылды.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміз бейбітшіліктің бесігіне айналды.

Бүгінгі Қазақстан – әлемнің төріне озған, барша адамзаттық мәселелерге төрелік айтқан, дүниенің ең азулы елдерінің басшыларын аузына қаратқан мерейлі мемлекет.

Міне, сондықтан да әлемнің маңдайалды саясаткерлері Президент Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы және жаһандық, өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде таниды.

Біздің алдымызда зор міндеттер тұр. Оның ең бастысы – Елбасы айқындап берген Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елі қатарына қосу.

Мемлекет басшысы ширек ғасырға жетіп отырған тәуелсіз тарихымызда бұдан да қиын сынақтарды жеңіп, ғаламдық дағдарыстың әсерінен туындап отырған қиындықтарды еңсеретін нақты жолдарды ұсынды.

Осының бәрі Нұрсұлтан Әбіш-ұлы Назарбаев басқарған қуатты президенттік билік жүйесінің сақталуы мен Елбасының ел экономикасын жоғары қарқынмен дамытуға туғызған мүмкіндіктерінің, еліміздегі бірлік пен ынтымақтың арқасында жетіп отырмыз.

Осы уақыт аралығында өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын артқа тастап, көпұлтты халқымыздың ауызбірлігі сақталып, еліміздің мәртебесі өсті. Ел мерейін үстем еткен Елбасының еңбегін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Партия Лидері, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы біздің ел үшін мәңгілік дара тұлға, сарабдал саясаткер болып қала бермек.

 

Ғалиасқар САРЫБАЕВ,

Nur Otan партиясы

Алматы облыстық филиалы

төрағасының бірінші орынбасары

 

Соңғы жаңалықтар