19 Наурыз 2019, 10:56 1041 0 Қауіпсіздік Назым Тойлыбаева

Уланғандар саны 39-ға жетті

Шымкент әкімшілігінің өкілдері № 54 орта мектептегі жаппай улануға қатысты пікір білдірді,  деп хабарлайды Tengrinews.kz.

«18 наурызда 16:53-те № 54 орта мектепте белгісіз нәрседен жаппай улану тіркелді. Дереу түрде төтенше жағдайдың мән-жайын анықтау үшін комиссия құрылды. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің жедел тобы, жедел жәрдем бригадасы, әкімшілік қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері келді. Жапа шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетілді», - деді әкімшіліктегілер.

Белгісіз заттан 4-7 сыныптың 22 оқушысы, бір мұғалім, мектептің бір техникалық жұмысшысы уланған. Олардың бәрі де № 6 Шымкент қалалық поликлиникасының токсикологиялық бөліміне жеткізілді.

«Оқушылардың ата-аналарымен жұмыс нәтижесінде тағы 15 баладан улану белгісі анықталды, олар да қазір ауруханада. Жапа шеккендердің бәрінде де - жеңіл дәрежедегі улану. Мектептің барлық оқушысы мен мұғалімі бақылауға алынды. Ауруханаға жеткізілген 39 адам қажетті медициналық көмекті алған соң үйлеріне жіберілді», - делінген хабарламада.

Олардың бәрі енді тұрғылықты жері бойынша учаскелік дәрігердің бақылауында болады. Жұмыс тобы төтенше жағдайдың себебін анықтау бойынша жұмысты жалғастырады. Мектептің және оның айналасындағы ауаның сынамасы алынды. Мектепте табиғи газдың шығуы жайлы ақпарат расталған жоқ. Жағдайды қала әкімі өз бақылауына алды.

Соңғы жаңалықтар