Алып тиіннің тағдыры сәуір айында шешілетін болды

Алып тиіннің тағдыры сәуір айында шешілетін болды

Алып тиіннің тағдыры сәуір айында шешілетін болды
ашық дереккөзі
Алматыдағы алып тиіннің тағдыры сәуір айында шешілетін болды, деп хабарлайды  «Алматы» телеарнасы. Наурыз мерекесінде алып тиіннің жанында түрлі жәрмеңкелер мен шеберлік сыныптары өтпек. Сондай-ақ, қала тұрғындары ұлттық тағамдардан дәм татып, кешкі сағат 9-да арнайы отшашуды тамашалайды. «Суретшінің мақсаты – арт-нысанды сабаннан жасау арқылы қаламыздағы экологиялық жағдайды, ауаның қаншалықты лас екенін көрсету еді. Өздеріңіз де көріп тұрғандай, қоршаған ортаның әсерінен тиіннің қалай өзгергенін аңғаруға болады.Тиін аз уақыт ішінде көпшіліктің сүйікті мүсініне айналып үлгерді. Оның айналасының өзі жаңа кейіпке еніп, халық көп жиналатын орынға айналды. Біз бұл жердің бұдан кейін де тұрғындардың демалатын орны болып қалғанын қалаймыз», – дейді «Nowryz Рarty» фестивалінің жетекшісі Алеся  Нугаева. Биіктігі 4 қабатты үймен бірдей тиінді жасауға 15 тонна темір мен болат, 3 тонна ағаш және 3 тонна сабан жұмсалған. Жоба авторы – британдық суретші Алекс Ринслер өзінің мұндай өнер туындыларын уақыты келгенде өртеп жібереді екен. Бұл жолы мүсін қала ортасында орналасқандықтан, автор оны өртемеймін деп шешіпті. Арт-нысанды бұзбауы да мүмкін. Тек бет-бейнесін ғана өзгертіп, орнында қалдыруы ғажап емес. Ал Наурыз мерекесіне орай тиін жаңа кейіпке еніп, түрленбек. Басында тақиясы, ал қолында раушан гүлі бар алып тиіннің маңайында 22 наурыз күні алматылықтар мен қала қонақтары наурыз мерекесін тойламақ. Ал арт-нысанның ендігі тағдыры сәуір айында белгілі болмақ.