Мұқтаждықтан несие аларсыз сіз...

Мұқтаждықтан несие аларсыз сіз...

Мұқтаждықтан несие аларсыз сіз...
ашық дереккөзі
Несие несібені арттырмайды десек те, елімізде банктерден қарыз алатындар көп. Бірінші кредиттік бюроның есебі бойынша, бүгінде тұрғындар банктерге 6 триллион теңгеге жуық қаражат қарыз. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық. Несие алғандардың арасында жылдар бойы қарызын қайтара алмай жүрген жандар да аз емес. Тіпті, соңғы уақытта олардың қатары мүлдем арта түскен. Бірінші кредиттік бюроның дерегіне сенсек, 6 триллион теңге – бұл тек жеке тұлғалардың алған несиесі. Оның ішінде мүлдем өтемей, ісі сотқа түскендер де жетерлік. Бұдан өзге заңды тұлғалардың да несие портфелі бар. Ол бүгінгі күні 15 триллион теңгеге жетіпті. Сондай-ақ елімізде несие алу бойынша Алматы қаласы, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары көш басында тұр. Мерзімі өткен несиелер бойынша да аталған өңірлер алдыңғы орында. Айта кетейік, елімізде қаржы операциясын жүргізетін 28 банктің 19-ы қарапайым халыққа пайыздық мөлшерлемемен кепілзатсыз қарыз береді, ипотека, тұтынушылық несие рәсімдейді. Бүгінде халық арасында кепілсіз рәсімделетін тұтынушылық несиелер басым сұранысқа ие. Мұндай несиелердің саны бір жылда 49,7 пайыздан 54,1 пайызға дейін артқаны осының айғағы. Бірінші кредиттік бюро өкілдерінің мәліметінше, 6 миллионнан астам қазақстандық банктерге берешек. Қазір жеке тұлғалардың 92 пайызы екінші деңгейдегі банктерге, 5 пайызы түрлі қаржылық ұйымдарға, ал 3 пайызы онлайн несие берушілерге кіріптар. Олардың 1,5 миллионы алған несиесін мүлдем өтей алмай жүр. Несие алған азаматтар банк алдындағы қарызын өтеуге неге қауқарсыз? Мәселе – несиенің пайыздық үлесінде. Біздің елдегі банктер несиені өте жоғары пайыздық үлеспен беретіні ешкімге де жаңалық емес. Ал әлем елдерінің көбінде несие пайызы Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мүмкіндігінше, халыққа ыңғайлы жағын іздеп бағуда. Біздің елде бәрі де керісінше. Қазақстандық банктер қазіргі уақытта қарапайым халыққа 15-16 пайыздық үстемеден кем несие бере алмайды. Қай банкке барсаңыз да, ең кем дегенде несие үстемесі 10 пайыздан асып жығылады. Тіпті, бұл күні халық банктердің үстеме пайызын да ескермейтін болған. Қай банктен несие шығады, көп ойланбастан ала береді. Себебі халық үшін несие қаржылық қиындықтан құтылудың тиімді жолы болып тұр. Несиенің үстеме пайызының көп болуына мамандар квазимемлекеттік секторды айыптайды. Өйткені банктер несие пайызын жеке активтері аз болғандықтан өсіретін көрінеді. Ал жоғары пайызбен несие алғандар уақыт өте келе банк алдындағы берешегін өтеуге қиналады. Соның салдарынан қайтарымсыз несиелер қатары артып отыр. Банк алдындағы қарызын өтей алмағандар мәселесімен коллекторлық компаниялар айналысатыны белгілі. Коллекторлық компаниялар келісімшарт негізінде қарапайым халыққа қысым көрсетеді. Соған қарамастан олардың да үлесіндегі несиелердің көбі әлі күнге дейін өтелмеген. Бірақ коллекторлық компаниялардың азаматтарға өктемдік танытуына жол жоқ. Олар «Коллекторлық қызмет туралы» заңға сай жұмыс істеуге тиіс. Азаматтарды қорқытып-үркітіп, несиенің пайызын өндіруді көздейтін коллекторлардың әрекеті заңға қайшы. Сондықтан, мұндай жағдайлар орын ала қалса, олардың үстінен құқық қорғау органдарына шағым түсіру қажет.

Қарыз күліп кіріп, жылап шығады

Ал қарапайым халықтың қолжетімді, үстеме пайызы төмен несие алуды армандайтыны айтпаса да түсінікті. Сөйтіп, бір тірлік бастап, жұмысын жандандырып, тұрмысын түзеткісі келеді. Бірақ әзірге мемлекет қарапайым жұртшылыққа мұндай мүмкіндік бере алған жоқ. Қазақстанның банк жүйесі өзге мемлекеттерге қарағанда дамыды дегенімізбен, елдегі қарапайым халықтың жалақысы мен несиенің ара салмағы сәйкес болмай тұрған жайы бар. Мұның бәрі елдегі әлеуметтік жағдайдың төмен екенін көрсетеді. Халық банктен алған қарыз ақшасын еселеп қайтаратынын жиі естен шығарады. Естен шығармайды-ау, басқа барар жері жоқ. Осының салдарынан жыл сайын қайтару мерзімі өткен несиелердің үлесі артуда. Кейбір дерек көздеріне иек артсақ, банктен алған несиенің 30 пайызы дер кезінде төленбейді екен. Міне, халыққа және өндіріс орындарына есепсіз берілген несие өз орнына қайтпай, соның салдарынан банктер қарызға белшеден батып отыр. Мұндай жағдайда көбіне несие алушыларды айыптап жатады. Бірақ банктердің де судан құрғақ шықпайтыны анық. Шын мәнінде, банктер жеке тұлғаларға несие беруде қаншалықты заң шеңберінде әрекет етеді? Бұл туралы ойланып көрдік пе? Кей елдердегі 2-3 пайыздық несиемен салыстырғанда біздің банктердің қызметі қарапайым халықты қанау емес пе? Жұрт алған қарызымды қайтармайын деп ойламайтын болар. Тек олардың да ай сайын банктегі қарызын төлеуге шамасы келе бермейді. «Төлей алмайтын болса, несие алып несі бар?» деп өзгені жазғыратынымыз да жасырын емес. Бірақ... мұқтаждық пен мәжбүрлік адамға не істетпейді? Өйткені бүгінгі нарықта күн сайын өзгеріс, баға да бірқалыпты емес. Жалақы, зейнетақы, жәрдемақы өссе, базардағы баға да ырыққа бағынбай кетеді. Ал жаңа жыл басталысымен бағаның шарықтап кетуі тіпті, дәстүрге айналғандай. Қазір несие – той өткізудің бірден бір қаржы көзіне айналды. Банктен қоржындап несие алып, қызықты той жасап, содан кейін жылдар бойы сол қарызынан құтыла алмай жүрген қаншама қазақ бар?! Әрине, қазақты тойдан айырмасын деп тілейміз. Алайда той жасаудың да өз есебі бар емес пе? Қарызданып той жасау тек қазаққа ғана тән бе?! Кез келген қазақ баласының мәртебесі биік, мерейі үстем болуы үшін барын салады. Қалтасы тесік, табысы мардымсыз қараша да мұндай кезде ойланбастан банктің есігін қағады. Шамасы жетпесе де, банктен алған қарызын тойға шашатындардың әрекетін біржақты бағалауға бола ма? Осыдан біраз жылдар бұрын шетелдік банктер қазақстандықтардың үйлену тойына қанша қаржы жұмсайтындығын есептеп, арнайы зерттеу жүргізген болатын. Нәтижесінде, қазақтандықтардың орташа есеппен бір тойға 2 миллион теңгеден астам қаржы жұмсайтындығы анықталды. Қомақты қаржыны қарызға алып той жасаған отбасылар кейін алған несиесін қайтара алмай, жанұяда ұрыс-керіс туындап, шаңырақтарының шайқалуына әкеліп жатқан жайттар да жоқ емес. Жалпы, елімізде несие алатындардың жартысынан астамы келін аларда, қыз ұзатарда қарызданатындар екен. Сол себепті экономистер қазақстандықтарға ең алдымен, той өткізуден бас тарту қажеттігін айтады. Басында баспанасы жоқ, пәтерден пәтерге көшіп жүрсе де, балаларының тойларын, тіпті, кішкентай бүлдіршіндердің туған күндерін де үлкен мейрамханаларда өткізетіндер қатары жыл санап көбейіп келеді. Әсіресе, қарызданып той жасаушылар оңтүстік өңірлерде тіптен көп. Қалай десек те, несиеге той жасап, темір тұлпар мініп, бір күндік қуаныш үшін жылдар бойы банк алдында борышкер атанудан халықтың аулақ болғаны жөн.

Онлайн несие опық жегізуі мүмкін

Елімізде банктерден бөлек онлайн несие беретін ұйымдар да жеткілікті. Олар аса жоғары пайызбен несие береді. Соған қарамастан онлайн несиенің көмегіне жүгінетіндер қатары азаймай отыр. Мәселен, былтыр онлайн несие беретін компаниялар үшін бөлшек несиелер саны 2017 жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға өсіпті. Бұл онлайн несиеге халықтан сұраныс бар екендігін айғақтайды. Сондықтан да онлайн несие беретін компаниялар отандық қаржы жүйесінен өз орындарын алып отыр. Бұған дейін Үкімет бұл ұйымдардың жұмысына еш араласпаған еді. Енді арнайы заң жобасы бекітілгеннен кейін онлайн несие беретін шағын қаржылық ұйымдар талапқа сай жұмыс жүргізуге міндеттеледі. Айта кетейік, өткен жылдың шілде айында елімізде онлайн несиелендіруге қатысты заң күшіне енген. Заңға сәйкес, қарыз шарты бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі 100 пайыздан аспауы тиіс. 2014-2018 жылдар аралығында онлайн несие нарығының ойыншылары 9 млрд теңге пайда тапты. Онлайн несиелеу нарығынан бюджетке пайда түсетінін ескерген мамандар бұл жүйенің жұмысын мүлдем тоқтатып тастауға болмайтындығын айтады. Өйткені шағын ұйымдар қызметіне ақшаны қолма-қол алатын, ресми түрде банкке барып, несие рәсімдеуге мүмкіндігі жоқ жандар жүгінеді. Яғни, онлайн несиелеу төлем қабілеттілігі жоқ адамдарға мүмкіндік береді. Онлайн несие беруші компаниялар жұмысын тоқтатса да, мұндай азаматтардың онлайн несие рәсімдеуге деген сұранысы азаймайтыны сөзсіз. Онлайн несие көмегіне жүгінетіндер қатарының көп болуына талаптардың жеңілдігі себеп. Фирманың сайтына кіріп, өтініш қағазын толтырсаңыз болғаны, ақша банк карточкаңызға түседі. Негізінен, елімізде тұрғындарға онлайн несие беретін фирмалардың жұмысын Қазақстан қаржы техникалық қауымдастығы қадағалайды. Олар да қарапайым жұртты алдап соғатын интернет банктердің бар екенін жоққа шығармайды. Қауымдастық өкілдерінің сөзінше, жұртты алдап соғатын алаяқтар қауымдастыққа мүше емес екен. Мұндағылар тек заң бойынша жұмыс істейді. Яғни, клиенттердің құқығын бірінші орынға қояды. Олардың дерегінше, елімізде онлайн несие берумен заң бойынша тек 15-ке жуық фирма айналысады. Қалғандары жұрттан артық ақша алуға әуес алаяқтар. Сондықтан, қауымдастықтағылар тұрғындарға интернет арқылы қарыз аларда аса сақ болуға кеңес береді. Әрі жеке куәлікті де көрінген жерге қалдыруға болмайтынын ескертеді. Өйткені біреу атыңыздан онлайн несие рәсімдеуі әбден мүмкін.