28 Ақпан 2019, 10:36 739 0 Қоғам "Түркістан" газетінің авторлары

Ұлттық болмыстың өзегі неде?

Ғасырлардан жалғасып, тектілік тегеурінін ұғындырған абзал жандар жанын шүберекке түйе жүріп, аяулы ана тас емшегін жібітсе, ардақты әке ар намыс абыройын биік ұстады. Тағдыр атқан жебеге кеудесін тосты. Қажыр-қайраттың арқасында қаймағы бұзылмаған қадір-қасиетімізді аялап, ұлттық болмысты ұрпаққа аманат етті.

Бұл күнде кейбір ұрпақ көненің көзін керітартпалыққа санап жүр. Басын бәйгеге тіккен бабаларымыздың асқақ арманын аяқасты етіп, аманатқа қиянат жасауда. Оған қынжылып жүргендердің қатары саусақпен санарлық. Тамырына сіңірген тағлым түгесіліп, құр-алақан қаларын іштері сезсе де, селт етпейді. Заман талабы деген сылтауды санасына құйып алған. Өскелең ұрпақ еліктеудің иіріміне бой алдырып, жұмбағына жұтылып барады.

Әсілінде ұлттық болмысты сақтау – рухани жаңғырудың басты шарты емес пе? Бұл түйткілге немқұрайлы қарауға болмайды.

«Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыдан бір жарым жыл бұрын Елбасы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жалғасы ретінде қарастырылған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан ұлттық болмысты сақтаудың басты өзегі ана тілімізде болса, қайнар көзі төл тарихымызда екенін айқын аңғаруға болады.

«Ана тілінсіз халық болмайды. Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық – ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт деп атайды», – дейді белгілі жазушы публицист Шерхан Мұртаза. Мәңгүрттіктен ұлтымызды қызғыштай қорып, рухани байлығымыздың орталануына жол бермеу керек. Бабаларымыз салып кеткен сара жолдың сүрлеуінен адаспай, тілімізді, дінімізді,төл тарихымызды өскелең ұрпақтың санасына құйып, сәуле етіп дәріптеуіміз қажет

Қабдуәли СӘУЛЕТ

Соңғы жаңалықтар