ӨМІРБАЯН БАЙ БОЛСА – ӨНЕГЕЛІ ӨРІС-ДҮР

ӨМІРБАЯН БАЙ БОЛСА – ӨНЕГЕЛІ ӨРІС-ДҮР

ӨМІРБАЯН БАЙ БОЛСА – ӨНЕГЕЛІ ӨРІС-ДҮР
ашық дереккөзі
Бөшкені биіктен домалатып жібергенде мынадай құбылысты байқауға болады екен: егер ол бос болса – даусы даңғырлап, құлақты жарады. Ал толы болса, дыбысы шықпайды. Адамдар да солай: ісінен сөзі көптер даурықпаға үйір, ал сөзге сараң, бітіргені көптер даңғазаға жоқ. Демек, «арық сөйлеп, семіз шығатындардың» рухани тәрбиесі терең, адамдық мұраты биік. Өмірде адамдарды зерттей білсең ғана, көп нәрсеге қанығасың. Көргеніңе көз тоқтатпай, сұхбаттасқаныңмен сырласа білмесең – кісі танымайсың, кісі танымасаң істеген ісін білмейсің. Редакциямызға келіп-кетіп жүретін, газетіміздің жанашыр авторларының бірі Лайық Шалдыбаев ақсақалмен жете танысып, әңгімелеспей тұрғанда ол кісінің өмір жолы туралы еш ойланып көрмеппін. Кеңестік дәуірде оқып, ержетіп, алған білімін ел игілігіне жұмсау – қара бастың қамынан гөрі, мемлекет болашағын күйттеуге арналатын. Яғни, мемлекет қандай жұмыс бұйырса соны істеп, қайда жұмсаса соған баруға міндетті болатынсың. Міне, осы жүйенің бір тетігі ретінде, Кеңес Одағының тапсырмасымен Лайық Тоқайұлы Қазақстаннан тысқары жерде де еңбек етті. Осыдан сексен жыл бұрын Қостанай облысының Жітіқара қаласында дүниеге келген Лайық Шалдыбаев орта мектепті бітірген соң түрлі жұмыс атқарып, тың игерушілер қатарында алғашқы еңбек жолын бастаған-ды. 1963-1975 жылдарда Қамысты ауданы, Алтынсарин атындағы, «Орқаш», «Талдыкөл» кеңшарларында партком хатшысы, бас агроном, т.б. қызметтер атқарса, 1975-1979 жылдар аралығында Арқалық ауданында шаруашылық қызметтерде басшылық жасады. Осы аралықта ол Ақмола агроуниверситетін (1971 ж) бітіріп, аспирантурасын оқып (1977 ж), ғалым-агроном болып шықты. 1979 жылдан Қазақ КСР Ауылшаруашылық министрлігінің бас агрономы, егіншілік бөлімінің бастығы болып, беделді қызметтер атқарды. Ал одан кейінгі дәуірде (1986-1990 жж.) білікті маман ретінде Моңғол Халық республикасына жіберіліп, ол елдің ауылшаруашылығы саласында егіншілік ісі бойынша кеңесші болды. Лайық Тоқайұлы қызмет еткен тұста Моңғолияда жүз жиырма мыңнан аса қазақтар бар еді. Қайда жүрсе де бауырға тартпай тұрмайтын қазақ баласы қандастары шоғырланған Баян Өлгей халқымен тығыз қарым-қатынас орнатты. Ондағы халық Л.Шалдыбаевты атажұрттан келген елшідей арқа тұтып, құрмет көрсететін. Әу бастан қазақы ортада тәрбие алып, ұлтының ұлағатын бойына сіңіріп өскен азамат өз елінен тыс жерде өмір сүріп жатқан қандастарымен араласқанда да қазақшылығынан таймады. Баян-Өлгей қазақтарының тұрмысымен танысып, өнерлі ұлдарымен аралас-құралас жүруді өзіне парыз санады. Әрине, жұртпен араласып – үлкенінен өнеге алып, кішісінен ізет-құрмет көру жақсы, дегенмен соларға деген ризалығыңды жай сөзбен айтып қоя салмай, шығарма жазып, елеулісінің атын, ізгі істері жайында тасқа басып сөз қалдырудың жөні бөлек. Лайық Тоқайұлына сөз киесі қонған-ды. Жасынан мақала, өлең жазатын Лайық Шалдыбаев дәм-тұз айдап моңғол еліне барған кезінде кәдімгідей төселген қалам иесі болатын. Бұл кезде ол «Қоңыр әулие» (1984 ж), «Сырғалы сыры» атты жыр кітаптарын шығарған еді. Сондықтан оған ойдағысын ақ қағазға өрнектеуге қиындық туған жоқ. Тіпті «Айгүл – қойшының қызы» (1988 ж) атты кітабы моңғол тілінде, «Баян Өлгей аймағында өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының кейбір биологиялық ерекшеліктері және мал азығын дайындау технологиясы» кітабы қазақ, моңғол тілдерінде баспа жүзін көрді. Алдыңда үлгі-өнеге болғаны дұрыс, бірақ алдыңда өткен алыптардың ізімен жүріп өту де оңай емес. Кеңестік дәуірдегі моңғол-қазақ байланысы дегенде Тұрар Рысқұлов есімі есімізге түсері анық. 1924 жылы жазда Коминтерн атқару комитетінің Моңғолиядағы өкілетті өкілі болып тағайындалған Тұрар Рысқұлов Моңғол Халық Республикасының мемлекет ретінде қалыптасып, дамуына зор еңбек сіңірген тұлға. Моңғолия Конституциясының жобасын әзірлеуге атсалысып, Моңғолия астанасының атын Уланбатор (Қызылбатыр) деп қойғызған да осы қазақтың ардақты ұлы болатын. Демек, Тұрардың ізі түскен жерге қадам басу әрі құрмет, әрі сынақ. Ал бұл сынақтан сүрінбей өтіп, ол елдегі қазаққа да, моңғолға да сыйлы болған Лайық Шалдыбаевтың өмірі де өзінше бір өнеге. Сонау бір аласапыран заманда қызыл қырғыннан шошып, атамекенінен үдере көшіп, тағдырдың жазуымен моңғол елінен пана тапқан қандастарының ортасында жүрген Лайық Тоқайұлы ол елді де өз еліндей жақсы көріп, қазақ басып жүрген жердің бәрінен қазақы мінез көріп, қазақ жеріндей жырлайды: Етегі шыңнан жиылмай, Өзен мен бұлақ төгілген. Самырсын, шырша бұрымдай, Арқаға төгіп өрілген. Беткейі толған қарағай, Тобылғы, жыңғыл, тал, үшқат. Май бұта тұтас жағалай, Қарақат пенен қызылқат. Көз алдыңызға түрлі өсімдікпен түрленген жер келіп, соны шебер өрнектеген ақынның ақпа-төкпе жырына сүйсінесіз. Ақын жай ғана суреттеп қоймайды, жер аттарын да өлеңіне сыналап кіргізіп, ондағы атаулардың бәрінің қазақша екеніне еркісіз назар аудартады: Жалғасқан осы далаға, Көркіне ешбір теңдес жоқ. «Елікті», «Дүргін», «Қара     оба», «Жағаштай», «Құлын ембес» боп, – деп алады да, жер-су аттарын одан әрі тізіп шығады. Сонда біз ол өлкеде «Қорымды», «Ақсу», «Арасан», «Сырғалы», «Қамысты», «Қайыңды», «Көлдара», «Сұршағыл» жер атулары барын білеміз. Ал олар жәй ғана жер-су атаулары ма? Меніңше, ол ондағы қандастардың мықтылығын танытатын астарлы символика. Неге десеңіз, жерге, суға ат қойып, соны ресми түрде айтқызып, жазғызған ел – мықты ел. Сонау қиырдағы Баян-Өлгейдегі қазақша атауларды өлеңге кіргізгендегі мақсат – сол арқылы өз еліміздегі қазаққа білдірмей ғана қозғау салудың тәсілі еді. Өйткені елден жырақта жүрген қандастарымыз өздері тірлік кешкен мекендерге қазақша ат қойып, айдарынан жел есіп жүргенде атажұрттың талай өлкесінде қазақ атаулары жойылып, орысшаланып кеткен жоқ па еді көбі? Ендеше, бұны қалайша Лайық ақынның тапқырлығы демеске? «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» демекші, моңғол елінде Лайық Шалдыбаев тек жүрген жоқ. Сондағы өнерлі қазақтармен сыйласып қана қоймай, достасып та кеткен-ді. Соның бірі – Кәкей Жаңжұңұлы (1947-1993). Ол – Моңғолия қазақтарының арасынан шыққан белгілі ақын, сол елдегі қазақ әдебиеті бөлімшесін басқарып, «Шұғыла» журналының бас редакторы болған. Сондағы қазақ мектептеріне арнап оқулық жазған ағартушы. Моңғолия Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты. Міне, осы кісімен Лайық Шалдыбаев дос болған. Кейін елге оралған соң біраз жыл өткенде Кәкейдің әуе апатынан қайтыс болғанын естіген Лайық Тоқайұлы досына арнап «Тау қыраны» атты кітап жазып, жариялайды. Бұл досқа деген адалдықтың дәлелі екеніне дау болмаса керек. «Өмірбаян бай болса – өнегелі өріс-дүр» дегендей, өмірдің бұралаң соқпақтарында адамдығынан таймай, бойындағы бар қабілетін халқының игілігіне жұмсаған адамның болмысы тарих үшін тағылым, кейінгіге үлгі бола берері сөзсіз.