Бөрібай көтерілісі және Қызылағаш қорғанысы

Бөрібай көтерілісі және Қызылағаш қорғанысы

Бөрібай көтерілісі және Қызылағаш қорғанысы
ашық дереккөзі
Ұлы тұлғаларды білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай да қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының азаматы болып қала бермек.

Н.Ә. Назарбаев

Бөрібай батыр − ер Қаптағайдың тікелей ұрпағы. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қол бастаған мыңбасы. Қаракерей Қабанбаймен үзеңгілес, майдандас жаужүрек батыр бабамыз. Халқымыздың әйгілі хандары мен ұлан-байтақ жерін жаудан қорғап, басқыншылардан азат еткен қас батырлары, жақсы мен жайсаңдарының кейбірі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленгені баршамызға мәлім. Сол кесенедегі 82 тұлғаның басына қойылған құлпытастың 45-інде «Бөрібай батыр (1694-1756-60 жылдары)» деп, тізімде көрсетулі тұр. Демек, Бөрібай батыр әлдеқандай ойдан шығарылған аңыз емес, нақты өмірде болған адам. Туған, қайтқан жылдары мен жатқан жері белгілі батыр. Аягөзде болған жойқын шайқас кезінде найман қолын бастаған Бөрібай батыр небәрі жиырма жаста екен. Осы ұрыста ол жоңғар ноянын жекпе-жекте өлтіріп, айрықша көзге түседі. Алғаш жоңғар шапқыншыларының жойқын күшіне төтеп бере алмаған қазақ қосындарының Сарысу бойына дейін шегініп кеткені тарихи шындық. Осы тұсқа келіп шеп құрып, қол жинап, қалмақтың елу мыңдық қолына қазақ жағы қырық мың сарбазбен қарсы тұрады. Осы қолды әйгілі батыр Бөрібай бастап, шешуші шайқасқа мұқият дайындалады. Жер жағдайын ұтымды пайдалана шеп құрған, соғыстың айла-тәсілін жетік білетін мыңбасы Бөрібай қолы жауға тұтқиылдан шабуыл жасап, қалмақтарды көп шығынға ұшыратады. Жоңғар қолбасшысы Сайынбөлек Шыршықты тастап, жоңғар тауынан аса өз жағына қарай қашуды ойлайды. Оның бұл пиғылын аңдаған Қаракерей Қабанбай батыр ерлігі мен сыры өзіне жақсы мәлім Бөрібай бастаған Баймұрат, Еспембет батырларды тосқауылға қояды. Сайынбөлекке онсыз да тісі қайраулы Бөрібай одан ел кегін қалай аларын білмей жүрген еді. Сонымен он мың әскері бар Сайынбөлекті ұрымтал тұстан күтіп алған Бөрібай қолы ата жауымен ұрысқа кіреді. Тұс-тұстан атойлаған қазақ сарбаздары ә дегенше-ақ жау әскерін тықсыра бүріп, қоршап алған еді. Көп тіресуге дәрмендері жетпеген қалмақ қолының берекесі ұшып, іле тұтқынға беріледі. Алайда әккі Сайынбөлек біраз әскерімен қашып үлгеріп, бұл қақпаннан да сытылып кетеді. Бұл жеңіс Бөрібай батырды аса қуанта қоймайды.Себебі ата жауы құтылып кетті. Екіншіден, Жетісуды ойраттар басып алған. Ендігі міндет – қашқан жауды індете қуып, сол өңірлерді жаудан тазартып, ел-жұртын азат ету. Осылайша Бөрібай батыр бастаған екі түмен қол Жетісу – Алакөл бағытына аттанады. Абылай Балқашта күтпеген жерден өзінен күші әлдеқайда артық жоңғарларға тап болып, айқасқа түсуіне тура келеді. Саны да, күші де басым жауға төтеп беру қиынға соғып, тығырыққа тірелген сәтте жаудың желке тұсынан шыққан «Абылайлаған!» ұран жоңғарлардың есін алады. «Абылайлап» ұран тастай жетіп, мығымсыған ата жауына ту сыртынан қырғын салған Бөрібай батырдың сарбаздары еді. Сонда Абылай: – Есіл ерім-ай! Дәл керек кезінде жеткеніңді қарашы! – деп масаттанған екен еріне риза көңілмен. Алғашқы екпіндері басылып, талай-талай ұрыстарда ойсырай соққы алған жоңғарлар әлі де оңай беріле салғылары келмей, шама келгенше қазақ даласына тастабандап тұрақтап қалуға жан салып баққаны мәлім. Осы пиғылдағы Сайынбөлек, Батыр-Убашы нояндар Жетісудың Шығыс бөлігі – Алакөл, Лепсі, Ақсу өңірлеріне табан тірейді де, Қаракерей Қабанбай бастаған қазақ қолы Іленің оң қапталындағы биік асуға жетіп, бекініс шеп құрады. Бұл – биіктен алдыңдағы жау алақандағыдай анық көрінетін, ал жау бұларды көре алмайтын ұрымтал тұс болатын. Жау күтпейтін тұтқиыл соққының жеңіске жеткізері бесенеден белгілі. Бұл кезде алпысты алқымдап қалған Бөрібай мен Сырымбет мыңдықтарын бас қолбасшы қос қапталға жасырады. Осы шайқаста Бөрібай батыр қалмақ шеріктерінің қолбасшысы Батыр-Убашымен жекпе-жекке шығып, оны найзамен түйреп, аттан құлатады. Кенеттен оның он бес шақты нөкерлері жан-жақтан лап беріп жабылып кетеді де, жаудың қоршауында қалған есіл ер жаулармен шайқасып жүріп ат жалын құшады. – Ата жауым Сайынбөлекте кеткен кегімді жоңғарлық қолбасыдан алдым. Ия, аруақ! Қаптағай! –деп көз жұмған екен дейді көнекөз шежірешілер мен даланың ауызша тарихи деректері. Отыз жыл бойы қолынан қаруын тастамай, атамекенін жоңғар шапқыншылығынан қорғаған қас батыр осылай өмірден өткен екен. Мінеки, Бөрібай батыр жайлы біздің естіп-білгеніміз бен оқып-тоқығанымыз осындай. Әрине, ғасырлар қойнауында ұмыт қалып қойған батырлар шежіресін бірден тұтастай зерттеп, келер ұрпағына толықтай етіп ұсына қою оңай шаруа емес. Содан шығар Бөрібай батыр жайлы деректер тым аз. Барының өзіне нақтылық, ғылыми талдау, саралап салыстыру жетіспейді. Десек те, білген деректерін қағазға түсіріп, жариялап, оқырман назарына ұсынушылар бірен-саран болса да кездесіп қалады. Солардың бірі – марқұм Адай Есенқұлының «Қазақтың Нобелі» кітабында ( «Баянжүрек» баспасы, А. 2007 ж.) Бөрібай батыр жайлы біраз деректер келтірілген. Батыр бабамыз жайлы ақсулық ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дубек Мұсановтың «Бөрібай батыр» атты дастаны да бар. Ал осындай шашыраңқы әрі там-тұм деректерді жинақтап, бір ізге түсіріп, толыққанды еңбек етіп, жарыққа шығару – жас тарихшы-ғалымдарымыздың алдында тұрған абыройлы міндет болмақ. Ол әрине, келешектің ісі. Ендігі әңгіме Бөрібай көтерілісі жайында. Бұл – 1930 жылдың наурыз, сәуір айларында ел «Тақыршеке» атап кеткен Голощекиннің Қазақстанда «Кіші октябрь» төңкерісін жасамақ болған солақай саясатына қарсы бас көтерген Ақсу-Қапал өңірі халқының дүмпуі еді. Негізгі тірлік көзі малы мен қолда бар азын-аулақ астығынан айырылған жұртты аштықтың араны қыса бастағанын аңдаған бас көтерер ел азаматтары ақыл қоса келе жергілікті кеңес басшыларына қарсы көтеріліске шығуды жөн көреді. Басқа амал да қалмаған. Кәрі құлақ, көнекөз ақсақалдардың айтуынша оны Өмірбек, Тұрсын, Мұқан, Қанатбек сынды өжет те батыл азаматтар басқарған. Көтеріліс дүмпуі Қапал, Арасан, Ақсу, Қопа өңірлерін қамтиды. Қапал, Арасан өңірінен шыққан көтерілісшілер Құлжабас тауын төтелей асып, түн ішінде Ақсуға екі жақтан «Бөрібайлай» атой салып кіреді де, аудандық ревкомды басып алады. Ұйқыдағы әскерлерді ес жиғызбай, қаруларын сыпырып алып, командирлерін тұтқынға алады. Осы шайқас кезінде аудандық ревком (революциялық комитет) төрағасы Ғ.Ибрагимов, ауатком төрағасы Қ.Тарасов сияқты екі-үш өкімет адамдары мерт болады. Жергілікті кеңес өкіметін құлатып, орнына діни жолмен төрт адамнан тұратын өз шадиярларын сайлаған көтерілісшілердің бір тобы, шамамен жүз қаралы адам ертеңіне Қызылағашқа беттейді. Себебі онда елден тартып алынған астық құюлы үлкен қамба бар. Бұлардың мақсаты – сол қамбаны басып алып, бірінші кезекте елге сол ырысты үлестіру. Сөйтіп, қалың жұрттың тұқым сеуіп, егін егуіне ұйтқы болып, аранын ашқан аштықтың алдын алу. Олардың әңгіме ауанынан бет­алыстарын аңдап қалған қойшы ереуілшілерге байқатпай баласын Қызылағашқа шаптырып, «жаушы» жібереді. «Жаушы» баладан суыт хабар алған ондағылар қарап жатсын ба?! Ауыл кеңес төрағасы дереу тұрғындарын жинап, «Бандылар келе жатыр! Не істейміз?» деп ақыл сұрағанда: «Әй, жаңа мына өзеннің басында мылтық асынған бес-алты атты әскер отырған түстеніп» дейді біреуі. «Іздегенге сұраған» болып, ат шаптырып, әскерилерден көмек сұраған ауыл тұрғындары осылайша шекарашы топтың көмегімен қорғаныс шебін құруға кіріседі. Оларда бес-алты бесатар, бір қол пулеметі бар екен. Қорғаныс билігін қолына алған шекарашы офицер ауыл тұрғындарын қамба ішіне жинап, жағдайды түсіндіреді де, бандылар тобын күтіп алуға сақадай сайланады. Суыт хабарды ести салысымен бір жауынгерін төте жолмен Қапалдағы әскери гарнизонға аттандырған екен. Әскери адамның аты әскери ғой. Жау келер жақты бетке алып, қол пулеметін ұстаған командир қорғанысқа тұрған әр адамның міндетін тәптіштей түсіндіріп, шабуылшыларды тас-түйін қарсы алады. Тағы да «Бөрібайлай» ұран тастап, қамбаға лап қойған көтерілісшілердің алдыңғы сапы отты қарудың оқ атысынан баудай қырқылған соң кейінгілері тайқып шыға береді де, басқадай айла-шарғы ойластыруға көшеді. Ашық шабуылмен ала алмастарына көздері жеткен соң амалсыз қас қараюын күтуге тура келген еді. Ал бесін ауа Қапалдан жеткен қалың әскерді көрген көтерілісшілердің бас сауғалап қашудан басқа амалдары қалмайды. Міне, «Қызылағаш қорғанысының» қысқаша тарихы осындай. Кейін ол жерге үлкен монумент орнатылып, атағын дардай қылып, дабырайтып, жер-жаһанға жайдық. «Бандыларға» қарсы тұрған ерлерімізді әспеттеп, көпке үлгі-өнеге еттік. Сөйткен монументтің қазір орны да жоқ. Тып-типыл. 2010 жылы түнгі тасқын су шайды да кетті. Мұны қалай түсінеміз?.. Міне, ашынған ел көтерілісінің Бөрібай бабамыздың атымен аталу сыры осындай. Бір аптаға созылған ереуіл аяусыз басып-жаншылып, қаншама атпал азаматтарымыз шейіт болды. Топ-тобымен тоғытылып, ондап емес, жүздеп оққа ұшты. Жазалаушы отрядтардың құрығынан қашып үлгергендері тау асып, тас басып, жат елге ауды. Қызыл империяның қолшоқпарына айналған әсіре саясатшыларымыз Бөрібай деген сөзді ауыздарына алуға қорықты. Содан болар алғашында Бөрібай ауданы болып құрылған ауданымыздың аты да, көп кешікпей Ақсуға айналды. Бөрібай бабамыздың атына көше беріп, ескерткіш орнату ісінің әлі күнге дейін қолға алынбауы да осы бір әсіре сақтығымыз бен жасқаншақтығымыздың салдары болса керек. Бұл әрине, бүгінгі таңда елдігімізге сын болатын жағдай.

Арасанбай Естенов,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

Ақсу ауданының

құрметті азаматы