ҚАСІРЕТ ҚҰРСАУЫНДАҒЫ ОН  ЖЫЛ...

ҚАСІРЕТ ҚҰРСАУЫНДАҒЫ ОН  ЖЫЛ...

ҚАСІРЕТ ҚҰРСАУЫНДАҒЫ ОН  ЖЫЛ...
ашық дереккөзі
Халықаралық жағдайда үлкен оқиғалар жайдан-жай болмайды, оның артында алпауыт мемлекеттер тұрады. 1979 жылдың 12 желтоқсанынан басталып, 1989 жылдың 15 ақпанына дейін созылған КСРО қарулы күштерінің Ауғанстанда жүргізген соғысы да сондай оқиғалардың бірі еді. 1979 жылдың 12 желтоқсанында Кеңес Одағы басқарып отырған КСРО Саяси бюросының шағын тобы Л.И. Брежнев (КОКП ОК Бас хатшысы), Ю.В. Андропов (КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің төрағасы), М.А. Суслов (КОКП ОК хатшысы), Д.Ф. Устинов (КСРО Қорғаныс министрі), А.А. Громыко (КСРО Сыртқы істер министрі) Ауғанстанға кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдады. Осының нәтижесінде 1979 жылы 27 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, 1989 жылдың 15 ақпанына дейін сол елде соғыс қимылдарын жүргізді. Ауғанстандағы 1978 жылғы сәуір төңкерісі нәтижесінде ел билігін қолына алған «халықтық-демократиялық» үкіметті қолдаудың сылтауымен көрші елді социалистік бағытпен дамуға сүйреп, өз ықпалында ұстағысы келген КСРО басшылығы «интернационалдық әскери жәрдем береміз» дегенді желеу қып, шын мәнінде, ауған елінің ішкі ісіне қол сұқты. «Қырғиқабақ соғысы» деп аталатын кезеңнен кейін әлемге ықпалын асырып, өктемдігін күшейте түсу мақсатында өзге елдерге қатысты зымиян саясат жүргізген КСРО-ның құрығына түскен елдердің бірі Ауғанстан еді. КСРО МХК тыңшыларының қатысуымен 1965 жылдың басында ауған елінде ХДП (Халықтық демократиялық партия) құрылып, ол жартылай жария, жартылай астыртын жұмыс жүргізе бастаған-ды. Алайда құрылған партия мүшелері екі топқа бөлініп, оның бірін («Хальк») Нур Мухаммед Тараки мен Хафизулла Амин басқарса, екіншісіне Бабрак Кармал жетекшілік етті. Алайда соңынан 1977 жылдың ортасында КСРО нұсқауымен екі топ бірігіп, астыртын жұмыстарды жандандыра түсті. 1978 жылдың 26 сәуірінде Мухаммад Дауд хан басқарып отырған ел билігі ХДП басшыларын қамауға алады. Осының ертесіне елде әскери төңкеріс болып, Мухаммед Дауд хан отбасымен қазаға ұшырап, ел билігі ХДП-ның қолына көшеді. Жаңа үкімет ­КСРО-ның ықпалында болғандықтан, социалистік дамуға бет бұрып, елде жер реформасын енгізіп, дінді мемлекеттен айырып, ағарту саласына өзгерістер жасай бастайды. Алайда кеңестік мамандардың көмегіне сүйеніп, өзге елдегі өмірлік салттарды насихаттау жергілікті халықтың ашу-ызасын туғызды. Өйткені ауған еліндегі әлі жартылай көшпелі тайпалардың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпына нұқсан келтірген ел билігі қадірін жоғалтып, халықтың наразылығына ұшырады. Соның нәтижесінде елде көтерілістер жүз беріп, 1979 жылдың соңында оның оты елдің 26 уәлаятын шарпыды. Бұл аздай, ХДП басшыларының өзара тартысында Б.Кармал тобы жеңіліс тауып, оның өзі Чехословакияға елшілікке жіберілді. Араздық онымен де тоқтамай, Хафизулла Амин Нур Мухаммед Таракидің көзін жойып, ел билігін толық өз қолына алды. Ал бұл КСРО басшылығының Ауғанстанға арналған жоспарына қауіп тудырады деп саналды. Себебі Х.Амин ОББ-мен (Орталық барлау басқармасы, америкалық саясаткерлердің қауіпсіздігін сақ­тау және мағлұмат жинау істерімен айналысатын АҚШ-та орналасқан тәуелсіз құпия барлау басқармасы) байланысы бар және НАТО-ның әскери базасын өз еліне орналастыруы мүмкін деген күдік болды. Сондықтан болуы мүмкін қауіпті жағдайдың алдын алу үшін 1979 жылдың 12 желтоқсаны күні КОКП ОК саяси бюросы «А» жағдайға байланысты» деген құпия шешім қабылдады. Ол шешім – Хафизулла Аминнің көзін жойып, орнына МХК-нің агенті Бабрак Кармалды отырғызуды және жағдайды тұрақтандыру үшін Ауғанстанға әскер кіргізуді көздейтін еді. Желтоқсанның 27-сі күні ауған әскерлерінің киімін киіп, ауғандық белгілер жапсырылған әскери автокөліктерге отырған кеңестік «Зенит» және қауіпсіздік комитетінің «Альфа» арнаулы тобы (екеуін қосқанда 700 адам) шабуылға шықты. Биікке орналасқан Тәжі-Бек сарайындағы Хафизулла Аминді құртуға аттанған кеңестік арнаулы әскерлер Хафизулланы қорғаушылардың қатты қарсылығына тап болды. 43 минутқа созылған соғыста кеңестік әскерлерден 11 адам қаза тапты. Олардың бірі – шабуылдаушы топтың командирі Григорий Бояринов еді. (Бояринов – Мәскеу түбіндегі Балашихада орналасқан №8 КСРО МХК-нің арнаулы операция агенттерін дайындайтын мектептің бастығы болатын). Сол түні Кабул радиосы революциялық кеңестің Хафизулла Аминді өлім жазасына кесіп, үкімнің орындалғанын хабарлады. Міне, осы күні Кеңес армиясы Ауған шекарасынан кесіп өтіп, бұл елде 9 жыл 1 ай, 19 күнге созылған мағынасыз соғысты бастан өткізді. КСРО-ның халықаралық геосаяси ойындарда өз позициясын күшейте түсу мақсатында орын алған бұл соғыс мемлекетке адам ресурсынан да, материалдық ресурстан да зор шығын әкелді. КСРО Министрлер советінің төрағасы Н.Рыжков құрған экономистер тобы Ауған соғысына кеткен шығындарды есептегенде, көптеген құпиялардың беті ашылды. Мәселен, Кабул билігін қолдап-қуаттау үшін КСРО бюджетінен жыл сайын 800 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлініп отырса, Ауғанстанда соғыс қимылын жүргізген 40-армияны сақтап тұру үшін КСРО әр жылда 3 миллиардтан 8,2 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаражат шығындаған. Ал 1980-1981 жылдары Ауғанстанда бас әскери кеңесші болған Александр Майоровтың айтуынша, Кеңес Одағы керексіз соғыс үшін күн сайын 1,5-2 млн рубль жұмсаған көрінеді. Міне, соғысқа кеткен қаржылық шығын осындай екен. Ал жоғалған адам ресурсына келер болсақ... КСРО Қорғаныс министрлігі таратқан мәлімдемеде былай делінген: «Жалпы Ауғанстанда болған адамдардың саны 546 255. 1979 жылдың 25 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейін Ауғанстандағы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің құрамында болған әскерлерден ауру мен жарақаттардан 13 мың 833 адам қайтыс болды, оның ішінде 7132 офицер бар (14,3 пайыз). 6669 адам мүгедек болып қалды, 330 адам іздеуде». (Сондай-ақ, соғыста көрсеткен ерлігі үшін 200 адам КСРО орден-медалімен марапатталған, оның 71-і Кеңестер Одағының батыры атағын алған). Бұл – ресми дерек, ал тәуелсіз зерттеулер «10 жылға созылған соғыста болған адамдардың жалпы саны 3 миллиондай, оның 800 мыңы әскери іс-қимылға белсене қатысқан. Соғыста 50 мың адам өлген, 180 мың адам жарақат алған, минаға жарылып кеткендердің саны 100 мыңдай, 1000 адам із-түзсіз кеткен және 230 мың адам гепатитпен, сары аурумен, іш сүзегімен ауырған» деп көрсетіледі. Ал Ауған елінің жоғалтуларына келер болсақ, бұл соғыстың кесірінен ауғандықтардың өлген, мүгедек болып қалғандарының жалпы саны 2,5 млн адам екені анықталған (Бұл ауғандық әскерлер мен моджахеттердің және қарапайым халықтың шығынын қосқандағы сан). Сонымен бірге бірнеше миллион ауғандықтар елді тастап шығып, босқынға айналған. Қалай десек те, «ауған соғысы» деген атпен тарихқа енген бұл соғыс – адамзат тарихындағы ең қанды қырғынның бірі болып, бірнеше ел мен ұлттың жүрегіндегі қасірет таңбасы болып қалды. PS: Осы аптада Алматыдағы ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуының 30 жылдығына арналған «Жанымды жаралаған Ауғанстан» атты көрме өтті. Көрмеге ауған соғысының қасіреті жайында дерек беретін көптеген экспонаттар қойылды. Көрмеге келген ауған соғысына қатысқан жауынгерлер соғыс шындығы жайында тағылымды әңгімелер айтып, ауған соғысы кезінде туған әскери әндерді орындады. Ауған соғысына Қазақстаннан 22000 адам қатысып, оның 761-і қаза тапты, 21 адам хабарсыз кетті. Қазір елімізде 10 мыңдай ауған соғысы ардагерлері бар. Оның 3 мыңнан астамы соғыс мүгедектері.  

Ахмет ӨМІРЗАҚ,

Ауған соғысының ардагері