ҚҰНДЫЛЫҒЫ ҚЫМ-ҚИҒАШ ҚОҒАМ

Дамыған елдерде «қазіргі адамзат баласы үшін не маңызды, бүгінгі қоғамның құндылығы не?» – деген тақырыптарда жиі дискуссия болатынын байқаймыз. Өйткені аумалы-төкпелі уақыттың құндылығы да қым-қиғаш болса керек. Осы орайда «бүгінгі қазақ қоғамының құндылығы қандай», – деген мәселеге зер салып көрелік.

ҚҰНДЫЛЫҒЫ ҚЫМ-ҚИҒАШ ҚОҒАМ
ашық дереккөзі

Адам баласы құндылықтарды екі топқа бөліп қарастырады. Рухани және материалдық. Рухани құндылықтарға – дін, дәстүр, отбасы, шабыт, сезім, қарым-қатынас жатса, материалдыққа көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын жаратылысты жатқызамыз. Ал ғылымда аксиология атты тармақ бар. Оның негізгі қызметі – құндылықтарды тану, таныту. Ол қаншалықты маңызды? Соңғы уақытта жаһанда орын алып жатқан жайттарға зер салсақ, құндылықтың дені теріс бағытқа ауып барады. Уақытша танымалдық үшін «HIPE» қуған жастар мен жасамыстардың кей легі кезең-кезең сайын болмысты бұзатын қылық шығарып, жұртты бүлікке бастап жүр. Олардың әрекеті тікелей рухани құндылықтың әлсіреуіне соқтырады дейді мамандар. Ақпараттық заманның алға озуы, әлеуметтік желінің кең таралуы да материалдық құндылықтарға жетелер еңбекқорлықты тыйып, адам баласын ол құндылықтан да мақұрым етуде. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, әлем бойынша «facebook» әлеуметтік желісін тұтынатындар орта есеппен күн сайын 60 минутын жұмсаса, «instagram» желісіндегілер 55 минутын желіде өткізеді.  Осыдан бірнеше жыл бұрын (2015 жылдың соңы) «Нұр-Отан» партиясының қоғамдық даму институты арнайы жоба аясында құндылықтар жайлы әлеуметтік зерттеу жүргізген-ді. Саясаттанушы Саясат Нұрбек берген мәліметтерге сүйенсек, бетпе-бет (Face-to-face) жанрындағы еркін сұхбатқа жасы 18-ден асқан 1 мың 500  адам қатысқан. Ауыл және қала тұрғындары бірқатар құндылықтар кірістірілген қағазға өзі маңызды деп санайтын 5 бірдей құндылықты белгілеп, зерттеушілер ісін жеңілдетті. Онан бөлек, үлкенге құрмет, елдегі саяси және экономикалық жағдай, бір жынысты неке, тағы басқа өзекті түйткілдердің статистикалық қорытындысы жасалған. Қазақстанның 14 облысы және Астана, Алматы қаласының тұрғындары жұмылдырылған жоба қорытындысы төмендегідей. Зерттеу қорытындысы қоғамдағы негізгі бес құндылықты анықтап отыр. Қазақстандықтар үшін Денсаулық, ұрпақ, тыныш өмір, әлеуметтік жағдай және болашақтың жарқын болуы махаббаттан, патриотизмнен, адам құқықтарының сақталуынан да маңыздырақ екен. Бір айта кетерлігі, сауалнамаға қатысқан 1 мың 500 адам көрсетілген құндылықтардың тек біреуіне емес, 5 түрін атап көрсеткен. Зерттеушілердің айтуынша, карьерлік өсімді жас мамандар мен студенттер атап көрсетсе, денсаулық кім-кімді де бей-жай қалдырмаған. Әсіресе зейнет жасындағылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар осы тұрғыда белсенділік танытып отыр. Ал отбасы және балалар құндылығын аналар қауымы назарға алған. Дәл осындай жоба осы зерттеуден бір жыл бұрын да жасалған. Алғашқы төрттік сол орнында қалып, бесінші орынға болашаққа деген сенім жайғасыпты. Бұған дейін «махаббат» үздік бестікте болған. Мамандар мұны жыл сайын өршіп келе жатқан ғаламдық экономикалық тұрақсыздықпен байланыстырады. Адамзатқа ортақ тағы бір құндылық – дін. Қазақстан – мұсылман жамағаты басым ел. Алайда жоғарыда көрсетілген статистикаға сенсек, қазақстандықтардың дінге деген сенімі салыстырмалы түрде жоғары деуге келмейді. Неге? Осы жайды кеңінен зерттеу үшін мамандар дін тақырыбы бойынша қосымша сауалнама жүргізді.

Сіз үшін маңызды 5 құндылық түрін көрсетіңіз:

Зерттеу қорытындысы байқатқандай, халықтың 57,8 пайызы саясатқа қызығады. Олардың көбі ерлер мен жоғары білімді азаматтар. Десек те елдегі экономикалық, саяси, әлеуметтік жағдайлар жайлы ешбірі де жақ ашпай қалмаған. Мұның мәнісі, жоғарыда айтылған 5 басты құндылықтың өзектілігі болса керек. Қазақ философиясында «үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без», – деген тәмсіл бар. Соңғы кезде жастардың аға буынға деген сый–құрметі азайып кеткен тәрізді. Әлеуметтік желілерде тарап жатқан бейнежазбаларды көріп, жастар бойындағы сыпайылық, құрмет ұғымы қайда кеткен дерсің?!

СІЗДІҢ ПІКІРІҢІЗ ҚАНДАЙ? Көңілім толады Жаман емес Көңіл көншітпейді Нашар
Елдегі демократияның дамуы 19 % 37 28 13
Білім жүйесінің жай күйі 12 % 32 34 19
Елдегі экономиканың дамуы 14 % 34 33 20
Денсаулық сақтау саласы 9 % 29 35 27
Мемлекет міндеттерін қалай атқаруда 9 % 34 36 18
Елміздегі әлеуметтік көмек жүйесі (медициналық қамсыздандыру, зейнетақы жүйесі, жұмыссыздардың еңбек биржасы т.с.с) 9 % 28 35 27

 

Шыңғыс МҰҚАН, сарапшы, «Гарвард» университеті Кеннеди басқару мектебінің түлегі

ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА САЛҒЫРТ ҚАРАМАУЫМЫЗ КЕРЕК

Менің ойымша, құндылық жоғары категория. Адамзат, табиғат, қарым-қатынас, көңіл-күй, мәдениет, жан тыныштығы тұтас құндылықты құрайды. Қарапайым тілмен айтар болсақ – қоршаған орта. Адам баласының жеке басы, денсаулығы, отбасы құндылық болып есептеледі. Өкінішке қарай, оны жеке түсініп, ой қорытпағаннан кейін құндылықтармен іс әрекет қабыспай жатады. Тазалық, ауа, денсаулық құнды, қоршаған ортадағы барлық дүние құнды. Соны біле тұра қоқыс тастайтындар бар. «Бірінші байлық – денсаулық» деп жүріп, оған зиянды фаст-фуд тағамдарын тұтынып, алкогольді ішімдіктер ішіп қоятындар бар. Түйткіл осында. Үлкен әлеуметтік жүйені, мемлекетті айтар болсақ, көп жайтқа салғырттық танытамыз. Мәселен мегополистердегі экологияның нашарлығы. Сәл биікке көтерілсек, түтінге жұтылып жатқан қаланы көреміз. Оның денсаулыққа кері әсер беретінін сезінсек те көз жұма қараймыз. Тіптен бұл мемлекеттік емес, адамзаттық деңгейдегі жайттар. Не істемек керек?! Адам құндылықтары мен іс әрекеті бір мүддені көздеуі үшін саналық деңгейде ой қорытуымыз керек. Сананың өзін үшке бөліп қарастырамыз. Тайпалық-рулық, ұлттық-мемлекеттік және адамзаттық сана. Мәселен Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дегені адамзаттық сана деңгейінде айтылған ой. Ол заманда ру-тайпалық кикілжің, қарым-қатынас кезінде ол кісі адамзаттық сананың ойын айтты, әрине ешкім қабылдамады. Қазір де сондай ой айтсаң, сені ұлттан безінген қылып жіберетіндер табылады. Сондықтан сана өсуі керек. Ал сана қалай өседі? Қоғам өз қателіктерінен сабақ алғанда ғана сана өседі деп ойлаймын. Ол үшін талқылаулар керек. Мысалы Астанадағы 5 бүлдіршіннің қазасы қоғамда толқын тудырды, адамдар талқылады, өз құндылықтарын есіне алды, қауіпсіздік мәселесіне басқаша қарай бастады. Қоғам осындай кезде ақпараттық ағымдарға тосқауыл қоймау керек. Өзге азаматтар көре отырып, талқылап, бағаланбайтын құндылықтардың құнын түсінеді. Тіптен мемлекеттің осы мәселеге қатысты ұстанған саясатын қайта қарауға итермелейді. Сондықтан қоғам, сана осындай оқиғалардан сабақ алып, жалпы талқылау орын алған кезде ғана қайта қалыптасады. Мәселен шетелде кішкентай бала көшеге шығып кетіп, бірнәрсеге ұрынып қалса, БАҚ өкілдері жарыса жазып қоймай талқылайды. Ол өзгелерге сабақ болады. Құндылықтарын түсіне бастайды. Солай сана қалыптасып, адамзатқа ортақ құндылықтарға бір табан жақындаймыз.

P.S: Саясаттанушы Саясат Нұрбек ұсынған зерттеу қорытындысы көп жайды аңғартады. Мұндай бастамаларды кезең-кезеңімен қолға алып, түйінін тарқатып, шешімін табуды ескеру керект-ті. Әйтпесе, дамушы мемлекет тұрмақ дамыған мемлекеттердің көбінде материалдық құндылық алға шыққаны жасырын емес. Соның жолында ұлттық құндылықты шетке ысырып, тіптен, отбасы құндылығын да аяқ асты етіп жүргендер жетерлік. Рухани құндылықтарды бағаламай жеткен материалдық құндылықтың ғұмыры тым келте болады дейді әлем аксиологтары. Атақты жазушы Оскар Уайльд «Бағалаушы бәрінің бағасын білгенмен құндылығын түсінбейді» депті. Әлемді адамдар құрайды, сондықтан жер бетіндегі адамдар құнды. Ал, әр тұлға адамзатқа ортақ құндылықтарды қалай бағалайды. Мәселе сонда...