Көпбалалы болудан қорықпау керек

Көпбалалы болудан қорықпау керек

Көпбалалы болудан қорықпау керек
ашық дереккөзі
Жақында Астанада өткен Жастар жылының ресми ашылуына қатысқан көпбалалы ана, 27 жасар Жазира Тұрғынованың есімі аз уақыттың ішінде шартарапқа әйгілі болып шыға келді. Елбасының алдында Түркістан облысы жастары атынан сөз сөйлеген ол: «7 сәбиді өмірге алып келдім. Әр баланың өмірге келуімен қатар үлкен қуаныштар орын алады. Балаларымның күлкісін көріп менің өмірге деген құлшынысым арта түседі. Көпбалалы ана ретінде, осынау байтақ қазақ елімізде сәбилердің көп болуын қалаймын», – деді ақтарыла. Алайда жас отбасының өздеріне тиесілі баспанасы жоқ екен. Айналасы, екі-үш күннің ішінде Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолынан 4 бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды. Біз де көпбалалы ана Жазира Тұрғыноваға хабарласып, көптен күткен қуанышымен құттықтаған едік. – Жазира, қоныс құтты болсын! Әр баланың несібесі бар» деген сөз расқа айналғандай ма, қалай? – Көп рахмет! Жан-жақтан құттықтаушылар көбейіп жатыр. Әрине, балаларымның несібесі деп ойлаймын. Ойламаған жерден Алла жарылқап, Төле би ауданына қарасты Ленгір қаласынан 4 бөлмелі үйлі болдық. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өзі қабылдап, өңірдегі 134 мың көпбалалы анаға деген құрметін көрсетті. Облыс әкімі: «Біз Жазираны әдейі жібердік. Жеті баланы тәрбиелеп, өсірудің өзі – ерлік, үлкен даңқ және сый. Адамдық капитал – еліміздің басты байлығы. Біз көпбалалы аналарды мысал етіп, үлгі тұтуымыз қажет. Мен мұндай отбасыларды жақсы түсінемін. Жас қыздар батыр аналардан үлгі алуы керек, себебі олар еліміздің демографиясына айтарлықтай үлес қосып жатыр. «Жастар жылы» осылай басталғаны қуанышты» деген жүрекжарды тілегін білдірді. Ал Елбасы Н.Назарбаев мені көп жастарға үлгі етіп, көпбалалы болудан қорықпау керектігін айтты. Соның өзі маған күш берді. – Әрине, жеті баланы өмірге әкеліп, бағып-қағу оңай емес. Мемлекет беріп отырған жәрдем­ақы да мардымсыз дегендей... – 16 жасымда Төле би ауданының Ұзынарық ауылына келін болып түстім. Күйеуім алып қашқан жоқ. Өз еркіммен тұрмысқа шықтым. Ауылда жұмыс болмаған соң, Шымкент қаласының іргесінен пәтер жалдап тұрдық. Өзім балалармен үйде, ал күйеуім күнделікті нәпақа табатын жұмыс істеді. Әйтеуір тапқанын жеткізуге тырысамын. 4 ұл, 3 қызымыз бар. Үлкені – 11 жаста, кішкентайым – 9 айлық. Оның төртеуі мектепке барады. Біреуден кейін, біреуден ілгері өмір сүріп келдік. Алайда көпбалалы аналарға беретін жәрдемақы аз. Қазір жеті балаға 45 мың теңге аламын. 1 жасқа дейінгі балама 20 мың теңге төленеді. Бір жастан асқан соң, тоқтайды. Сосын небәрі 25 мың теңге қалады. Шын мәнінде, бұл мардымсыз. Жеті баламның киім-кешегі, тамағына жетпейді. Жалпы, жағдайымыз жақсы. Біреуден нан сұрап жүрген жоқпыз. Балаларымды бағуға ата-енем көмектесті. – Таяуда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова аналарға төленетін 16 мың теңге жәрдем­ақының тым көп екенін айтқан еді. Әбілқасымованың сөзіне сенсек, мұндай жұмақ жағдай әлемнің ешбір елінде жоқ екен. Көпбалалы ана ретінде пікіріңіз қандай? – Бұл пікірді естідім. Тіпті, неге сүйеніп айтқанын түсінбеймін. 16 мың теңге ештеңеге жетпейді. Күн сайын қымбатшылық қысқан қоғамда 16 мың теңге баланың тамағы мен жаялығына жетпейді. Әсіресе, ауылда тұратын біз сияқты кейбір көпбалалы отбасы балаларын қалай киіндірем, қалай тойдырамын деген уайыммен өмір сүріп жүр. – Бұған дейін көпбалалы отбасы ретінде мемлекеттік бағдарламаға қатысып, үйлі болуға тырысып көрмедіңіздер ме? – Шымкент қаласында пәтер жалдап тұрсақ та, Ленгір қаласында тіркеудеміз. Содан кейін үйді сол Ленгірден берді. Ал тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарлама туралы естімеппін, бізге ешкім де айтпапты. – Алла берсе, тағы да құрсақ көтеретін ойыңыз бар ма? – Әрине, Алла берсе, көп көрмеймін. Осы көзге көрінген балаларымды өз қалауымызбен өмірге әкелдік. Қазір балалы болғың келмесе, түрлі амалдар бар. Маған ана болу бақытын нәсіп еткен екен, сол парызды орындауға кірістім. Алайда Ұзынарық ауылында менен басқа жеті бала өмірге әкелген ана жоқ. Жастар арасында көпбалалы болғысы келетіндер аз. Әлбетте, ол үшін басқа елдердегідей жәрдемақының мөлшерін көбейту керек. – Әңгімеңізге рахмет! Қоныс құтты болсын!

Әңгімелескен  Динара Мыңжасарқызы