Тараз қаласында екі жаңа мөлтекаудан бой көтереді

Тараз қаласында екі жаңа мөлтекаудан бой көтереді

Тараз қаласында екі жаңа мөлтекаудан бой көтереді
ашық дереккөзі
Тараз қаласында екі жаңа мөлтекаудан бой көтереді. Ол үшін қазіргі уақытта 462 гектар жер бөлініп қойған. Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Сіздің «Бес әлеуметтік бастамаңыз» аясында жаңа жобалар қолға алынды. Тараз қаласында 462 гектар жер бөлініп, егжей-тегжейлі жоспар әзірленді. Ол жерде жаңа екі мөлтекаудан салынғалы отыр. Онда 150-ден астам көппәтерлі тұрғын үй мен мыңға жуық жеке үй құрылысы жүргізілетін болады», - деді Асқар Мырзахметов. Жамбыл облысының әкімі өз сөзінде «7-20-25» бағдарламасын халыққа түсіндіру және қатысушыларды қолдау үшін арнайы орталық ашылғанын, бүгінде тиімді жұмыс атқарып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бағдарлама бойынша бүгінгі таңда облыста 850 млн теңгеге 100 адам өтініш беріп қойған. «Облыс бойынша табыс салығын 1 пайыз жеңілдікпен төлейтін адамдардың саны 70 мыңды құрады. 5 жатақхана құрылысы басталды. Бір жатақхана бос тұрған ғимараттың есебінен шешілді. 6,3 млрд теңге шағын несие берілді. Бұл - бөлінген қаржы көлемі жөнінен республикадағы үлкен көрсеткіштердің бірі», - деді Асқар Мырзахметов. Еске сала кетсек, Үкімет үйінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтіп жатыр. Елбасының қатысуымен Үкіметтің мұндай отырысы жыл басында тұрақты түрде өткізіледі. Бүгінгі жиынға Үкімет мүшелері, Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен министрліктер басшылары қатысуда.