Елді еңбек мигранттары жайласа...

Елді еңбек мигранттары жайласа...

Елді еңбек мигранттары жайласа...
ашық дереккөзі
Бүгінде әлемнің кез келген елінде еңбек мигранттары бар. Бұл тізімнен Қазақстан да тыс қалмайды. Дерек көздеріне жүгінсек, елімізде 2 миллионға жуық мигрант нәпақасын тауып жүр. Олардың тең жартысы – заңсыз жүргендер. Осындай заңсыз мигранттардың мәселесі соңғы бірнеше жылда ғаламдық түйткілге айналып отырғаны жасырын емес. Елімізде жұмыс істеуге ниеттілердің көбі әлемнің 10 елінен келеді. Басым көпшілігі – ТМД елдерінің азаматтары. Дәл осы еңбек мигранттары елімізде тапқан табыстарын сыртқа жіберіп отыратыны да ақиқат. Себебі олардың көбі өз елінде қалған отбасын бағып-қағу үшін шет мемлекеттерде жұмыс істейді. Ұлттық банк ұсынған мәлімет бойынша, өткен жылдың 11 айында жеке тұлғалар шет мемлекеттерге 7 млрд долларға жуық қаржы аударыпты. Мұнда еңбек мигранттарының да үлесі бар. Ал сырттан біздің елге түскен қаржы көлемі – 2 млрд долларға да жетпейді. Шетелге аударылатын ақшаның 61,3 пайызы Ресей (513, 1 млрд теңге), Түркия (131,8 млрд теңге), АҚШ (130,3 млрд теңге), Өзбекстан (123 млрд теңге), Швейцария (100,4 млрд теңге) және Қытайға (89,8 млрд теңге) жіберіледі. Мұның ішінде Швейцарияға ақша жөнелтушілердің 80 пайызы өздерінің есепшоттарына аударым жасаса, Өзбекстанға қайтарымсыз төлемдер жасалған екен. 2018 жылдың қаңтар-қараша айларында жасалған шетелдік аударымдар
Мемлекеттер атауы Сомасы
1 Ресей 513, 1 млрд теңге
2 Түркия 131,8 млрд теңге
3 АҚШ 130,3 млрд теңге
4 Өзбекстан 123 млрд теңге
5 Швейцария 100,4 млрд теңге
6 Қытай 89,8 млрд теңге
Ұлттық банк мәліметі бойынша

Заң аяқасты болып жатқан жоқ па?

Еңбек мигранттары біздің елде қаншалықты табыс табады? Бұл сауалға нақты жауап беру мүмкін емес. Дегенмен ғаламтордағы деректер Қазақстанға келетін еңбек мигранттарының тым жоғары жалақы сұрайтынын немесе ең төмен айлықты да қанағат тұтатынын айғақтайды. Айта кететін жайт, біздің елде орташа еңбекақыға қызмет ететін дәрігер, мұғалім сынды мамандықтарға еңбек мигранттары арасында сұраныс көп емес. Жоғары жалақы сұрайтындардың басым көпшілігі – топ-менеджерлер. Олар көбіне отандық фирмаларға мансап жолын қалыптастыру үшін орналасады. Ал төмен жалақы үшін кез келген қиындықтағы жұмысты істеуден тайсалмайтындар – күнкөріс қамы үшін екі қолға бір күрек іздейтіндер. Көбінде дәл осы мигранттар елімізде заңсыз жұмыс істейді. Оларды жұмыс берушілер де «ұтымды пайдаланады». Өйткені оларға еңбекақысын бермей қойса, заңсыз мигранттардың құқығын ешкім де қорғамайды. Мемлекетке бір тиын салық төлемейтін мигранттардың мәселесін шешу үкіметке де керек емес. Құзырлы органдар заңсыз мигранттарды сот алдына апарып, өз елдеріне депортация жасауға ғана мүдделі. Ал отбасын асырап, жан бағу үшін жалданып жұмыс істеп жүргендерге жұмыс берушілердің қас-қабағына қарағаннан өзге шара жоқ. Сондықтан жұмыс берушілерге шетелден келген мамандарды жалдаған тиімдірек болып тұр. Жалпы, елімізде заңсыз мигранттарды анықтап, оларға қандай да бір шара қолдану міндеті көші-қон полициясының құзырында. Айта кетейік, Қазақстан аумағына заңсыз кірген адамға 1 мың АЕК дейін айыппұл салынады немесе олар 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, елден шығарылады. Сонымен қатар, елден шығудан жасырыну, рұқсатсыз жұмыс істеу және тіркелмеген орында тұрғаны үшін 25 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл заң бұзу фактілері қайталанған жағдайда 15 күнге дейін әкімшілік қамауға алынып,  ел аумағынан шеттетіледі. Елден аластатылған шетелдіктер біздің елге 5 жыл өтпейінше қайтып келе алмайды.

«Өзге елде сұлтан болуды» құп көретіндер көп

Соңғы уақытта елімізге келетін еңбек мигранттары ғана емес, шет мемлекеттерге нәпақасын іздеп кететін қазақстандықтар да көбейген. Әсіресе АҚШ-қа баруға ниеттілердің қарасы қалың. АҚШ-тың мемлекеттік департаменті жариялаған соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақ­стан­нан Американың гринкартасын алу үшін тапсырыс бергендердің қатары жыл сайын айтарлықтай көбеюде. Мәселен 2016 жылы 48 136 қазақстандық АҚШ визасын алу үшін өтініш білдірсе, 2017 жылы олардың саны 60 634-ке жеткен. Ал өткен жылы 93 406 отандасымыз Америка гринкартасын алуға өтініш жолдапты. Сонда қазақстандықтар шетелде жұмыс істеуге неге құмартады? Мұхит асып, шетелде қызмет етуге бел буғандардың бірқатары – өзге мемлекеттерде білім алып, біліктілігін арттырып, қызмет жолында өсу үшін сонда қалып қойғандар. Тағы бір мәселе – шет мемлекеттердегі жалақының жоғарылығы. Халықаралық еңбек ұйымы және Еуростаттың әлем елдеріндегі орташа жалақы бойынша келтірген мәліметінде Швейцария, Норвегия мен Люксембург көш бастап тұр. Олардың халқы 3500-3800 доллар көлемінде жалақы алады. АҚШ-та да жалақы мөлшері айтарлықтай жоғары. Ал ТМД елдерінің көрсеткіші көңіл көншітпейді. Мысалы Ресей – 69-орында. Орташа жалақы – 615 доллар. Қазақстан көрші елден 16 сатыға қалыс қалып, 85-орынға жайғасыпты. Біздің елдегі табыс шамамен 480 доллар. Өзбекстан 235 доллармен 118-орында. Тізімдегі ең соңғы мемлекет – Зимбабве. Бұл елдегі еңбекақы – бар-жоғы 21 доллар. Әлем елдеріндегі жалақы мөлшері
Мемлекет атауы Жалақы мөлшері
1 Швейцария 3500-3800 доллар
2 Норвегия 3500-3800 доллар
3 Люксембург 3500-3800 доллар
4 Ресей 615 доллар
5 Қазақстан 480 доллар
6 Өзбекстан 235 доллар
7 Зимбабве 21 доллар
Халықаралық еңбек ұйымы және Еуростаттың мәліметтері бойынша Былтыр еліміздегі Статистика жөніндегі комитет өкілдері қазақстандықтардың орташа жалақысы 157 мың теңгеден асатынын мәлімдеген болатын. Статистикалық мәліметтер еліміздің тұрғындарының табысы артып, жұмыссыздық саны азайғанын да айғақтайды. Алайда көпшілік мұндай көрсеткішке көп сеніңкіремейді. Оған себеп те жоқ емес. Өткен жылы еліміздегі жұмыспен қамту орталықтарына 550 мыңға жуық адам жүгінген. Екі қолға бір күрек таппай жүргендерге көбіне ұсынылатыны – жалақысы төмен жұмыс орындары. Жұмыс іздеушілердің 75 пайызы айлығы 50 мың теңгеден төмен қызметке орналасқан. Ал 100 мың теңгеден басталатын жалақысы бар жұмысқа жұмыссыздардың 2 пайызы ғана қол жеткізіпті. Бюджеттік мекемелердегі жағдай да осындай. Әсіресе, жүк тасушылар, еден жуушылар сынды бейнеті көп еңбек үшін 30-50 мың теңге көлемінде ғана айлық төленеді. Жасыратыны жоқ, еліміздегі жалақының жайы бүгінде халықтың бас ауыртар басты мәселесіне айналған. Америкалықтар қазақ-стандықтардың бір айлық табысын орта есеппен бір апта ішінде таба алады. Мұны біз айтпасақ та, жұрт жақсы біледі. Осыдан кейін АҚШ-қа кетуге құмар жандардың аяғына қалай тұсау саласың? Ертеңін ойлайтындардың көбі жақсы табыс табу үшін өзге жерге кетпей қайтсін?!