Жастар туризмін дамытуымыз керек

Жастар туризмін дамытуымыз керек

Жастар туризмін дамытуымыз керек
ашық дереккөзі
Жастар туризмін дамытуымыз керек. Бұл туралы бүгін «Тәуелсіздік ұрпақтары» Жастар жылының ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Былтыр мен өзім бастап берген «Жас сарбаз» қозғалысы негізінде әскери-патриоттық жұмысты дамыту керек. Үкіметке 2025 жылға дейін әскери-патриоттық тәрбие беру бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. «Жас сарбаз» бастамасы үлгісімен елімізде еріктілерді, әсіресе әлеуметтік жобалар саласындағы еріктілерді біріктіру қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. ҚР Президенті туризмді дамыту мәселесіне де тоқталды. «Біз өзіміздің Қазақстанды білмейміз, шетелге барамыз. Қазақстанның кең байтақ жері біз үшін керемет. Шығысқа барсаң Қытаймен шекаралас адам аяғы баспаған ну-тоғай, өзендер мен көлдер. Ең үлкен өзеніміз Ертістің 80 пайыз суының өзіміздің таулардан алынатынын білмейміз. Алтай біздің түркі дүниесінің шыққан жері. Оңтүстік Қазақстанда Ақсу-Аюлы, Қазығұрт тауына, Жетісу жерін аралап, тауларына шыққан жоқсыңдар. Каспий жағалауында қаншама демалыс орындары ашылып жатыр. Қазақстанда мен араламаған ауыл жоқ, көргенімді айтып отырмын. Егер туризмді дамытар болса, Қазақстан экономикасына 10 пайыз өсім қосатын сала болады», - деді Елбасы. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жастар туризмі халқымыздың бірлігін сақтауға септігін тигізетіндігін баса айтты. «Сондай-ақ ішкі өңірлік байланыстарды нығайтуға, халықаралық серіктестікті де нығайтуға септігін тигізеді»,- деді Елбасы.