Перизат СЕЙІТҚАЗЫ: Медиасауаттылық интеллектуалды тұлғаны қалыптастырады

Перизат СЕЙІТҚАЗЫ: Медиасауаттылық интеллектуалды тұлғаны қалыптастырады

Перизат СЕЙІТҚАЗЫ: Медиасауаттылық интеллектуалды тұлғаны қалыптастырады
ашық дереккөзі

ХХІ ғасыр – ақпараттар ғасыры. Қаптаған ақпараттар тасқынынан керекті деректі тауып, оны кәдеге жарату да оңай шаруа емес. Бұған ғылым қалай көмектеседі, ғалымдар не дейді? Осы сауалдарға жауап іздеп, еліміздің жоғарғы оқу орындарына пән ретінде енгізіліп жатқан «медиабілім» атты жаңа ғылыми бағыттағы жетекші ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Перизат Бәйтешқызы СЕЙІТҚАЗЫ ханымды әңгімеге тартқан едік.

– Перизат Бәйтешқызы, ұр­пақ тәрбиесі – қай заманда да ұлт дамуының болашағы десек, әр­дайым назарда тұратын бұл істің бү­­гінгі беталысы қалай? Жас ұр­пақ­ты неден сақтандыруымыз ке­рек?

– Әрине, ұрпаққа дұрыс тәрбие беру – қайсы елдің де түпкі мақсаты. Адамзат қоғамында өркениеттік даму күшейген сайын білім мен тәрбие беру күрделеніп барады. Қазіргі балалардан көп нәрсені жасырып ұстау қиын. Тыйым салумен де бар мәселе шешілмейді. Ересектер ғана көріп-білетін нәрселердің балаларға да қолжетімді болуы мәселені қиындата түседі. Сол үшін де БАҚ – жас ұрпақ тәрбиешісіне айналып отыр десек артық емес.

– Бүгінде теледидар мен интер­нет бізге не көрсетпей жатыр? Ақылмен саралап, оймен таразы­лап көрсең талғамды бүлдіріп, тәрбиені бұзатын оқиғалар – күн сайын теледидардан көр­се­тілетін жаңалықтардан бастап киносериалдарға дейінгі көр­се­тілімдердің бәрінде бар. Бұның кері әсері қалай болуы мүмкін?

– Айталық, телеарналардан бері­ле­тін жаңалықтарда ауыр қылмыстар мен этикаға жатпайтын әдепсіздіктер жиі айтылып, көрсетіле берсе оны күн сайын көріп, ести бергендердің ондайға еті өліп, қарсы реакция білдіруі әлсірейді. Таңданбайтын болады. Ал ақылы толыса қоймаған жас балаларды ондай нәрсе шошындырып, психикасына жаман әсер етеді. Одан да жаманы – балалар теледидардан көргендерін шындық деп қабылдайды...

Ақпараттық дәуір тудырған қиын­дықтың бастысы – оның шектеусіздігі. Сырттан ағылып жатқан ақпараттық экспансияның тасқынынан қорғану оңай емес. Оған шектеу қоюдың да өзіндік қиындықтары бар. Жымысқы ақпараттық экспансияның құрбаны болатындар – ең алдымен жас ұрпақ. Өйткені дүниеге көзқарасы қалыптаспаған, оқығаны мен көргенінің астарында не жат­қа­нын ұғуға білімі мен білігі жете бермейтін жастардың жат идеялардың жетегінде кетіп, адасуы оңай. Сондай-ақ азғындыққа баулып, қылмысқа итермелейтін нәрсеге елігіп, тәрбиесі мен талғамын бұзып алуы да мүмкін. Қоғамда орын алып жатқан құбылыстарды талдап-таразылау, болып жатқан оқиғаларға сын тұрғысынан қарау, оның себеп-салдарын түсіндіру ісі дұрыс жолға қойылмаса, ұрпақ тәрбиесі ақсап, болашағымызға нұқсан келетіні анық. Жас ұрпақты ұлттық менталитетімізге сай келмейтін, халықтық дәстүр-салтымызға жат, діни сенімімізге қайшы ақпараттардан сақтандырып отырмасақ рухани жағынан үлкен жеңіліске ұшыраймыз. Сондықтан үлкен-кіші демей, ұрпақ тәрбиесімен айналысу – бәрімізге ортақ міндет. ХХ ғасырдың аса танымал жазушысы Шыңғыс Айтматов айтқандай «Әр адам өз отбасын агрессиядан қорғауы керек». Ендеше, бүгінгі күні біз болашақ ұрпағымызды БАҚ–тан ағылып жатқан қаптаған зиянды ақпараттардан медиасауаттылықты қалыптастыру арқылы қорғау керек деп санаймын.

– Елімізде өзіңіз зерттеп жүрген медиа­білім саласының ақпараттар ғасыр­ындағы рөлі қандай және ол жайын­да не айтасыз?

– Өркениет дамуы тудырған медиа­өнімдердің тұтынушысы көбей­ген сайын алдан шығатын ке­лең­сіздіктер аз болмайтыны­ белгілі. Сондықтан қоғамға ненің қажет, ненің керексіз, зиянды екенін түсіндіру үшін әрқашан ғылымның көмекке келетіні белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда медиабілім – БАҚ-тың білім, тәрбиеге әсерін зерттеп-зерделейтін ғылым саласы.

Жаһандану дәуірінде ақпараттық технологияны жақсы игерген, шығармашылық қабілеті мықты, түрлі ақпараттарды талдай білетін мамандарды даярлауға қол жеткізбей болмайды. Бұны соңғы жылдары елімізде педагогикалық білім саласында қолданыла бастаған медиабілімді игеру арқылы жүзеге асыруға болады деп есептеймін. Медиабілім – педагогика ғылымын­да­ғы бұқаралық коммуникация құрал­дарын меңгеруге үйрететін жаңа бағыт. Қазір медианың адам өмірі­нің әр түрлі салаларына әсер ету көлемі күннен-күнге артып келеді. Бұл білім беру жүйесі алдына жаңа міндеттерді қояды, адамнан тек жаңашыл техникалық құралдарды білуін және олармен жұмыс істей алуын талап етіп қана қоймай, белгілі дәрежедегі сын тұрғысынан ойлауды, сонымен қатар ақпараттық материалды іздеумен, өңдеумен және ұсынумен байланысты өз бетімен шығармашылық жұмыспен айналысу дағдыларын қажет етеді.

Бүкіл әлемде орын алып отырған әлеуметтік өзгерістер мен ақпараттар тасқыны түрлі медиақұралдарды пайдалану контексінде дәстүрлі түрде қалыптасқан жүйелерді, оқыту әдістері мен технологияларын қайта қарастыруды талап етіп отыр.

Педагогика ғылымы мен тәжіри­беде жаңашыл медиалардың мүмкін­дік­тері, олардың дидактикалық және тәрбиелік әлеуеті жеткілікті түрде пайдаланылып отырған жоқ. Бұл мәселенің күрделілігі мен жет­кілікті дәрежеде зерттелмеуінен, атал­ған саладағы мамандардың құзыр­ет­тілігінің төмендігі және білім беру ұйымдарының техникалық тұрғыдан әлсіз қамсыздандырылуымен түсін­дірі­леді.

– Медиабілім мәселесі шетелдік ғалым­дар тарапынан қаншалықты деңгейде зерттелген?

– Жаһандану және ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында әлемде ақпараттық сауаттылық, ақпараттық мәдениет, медиамәдениет, медиабілім және тағы басқа ұғымдар пайда болып, олардың көкейкестілігі жылдан-жылға артып келеді. Бүгінгі таңда өскелең ұрпақ тек ақпаратты қабылдап, оны талдау­шы ғана емес, ол, сонымен қатар, оны белсенді түрде жасаушы болып есептеледі.

Қазіргі әлемді бұқаралық байланыс құралдарынсыз елестету қиын. Медиа бүгінде ғаламшар тұрғындары өмірінің маңызды салаларының бірі болып табылады. Әлеуметтанушылардың зерт­теу­лерінше, 75 жыл өмір сүрген «өр­кениетті адамның» 50 жылы бел­сенді түрде өтеді. Және оның тура тоғыз жылын, яғни белсенді өмірінің төрттен бірін теледидар көруге жұмсайды екен. Орташа есеппен қазіргі оқушылар күніне 6 сағат уақытын медиамен қарым-қатынасқа арнайды. XXI ғасырда кез келген ұлт барлық салада медиасыз әлеуметтік-мәдени тұрғыдан дамуы мүмкін емес.

Ал медиабілім ХХ ғасырдың 60-жылдарында Ұлыбритания, Франция, АҚШ, Австралия, Канада сияқты әлемнің дамыған алдыңғы қатарлы елдерінде пайда болып, жаңа ғасырдың басында өрістей түсті. Медиабілімнің басты мақсаты – жас ұрпақты медиамәдениетке бейімделуге, бұқаралық ақпарат құралдарының тілін игеруге, медиамәтіндерді талдай білуге үйрету. Медиабілім – бұқаралық коммуникация заңдылықтарын зерттейтін педагогиканың саласы. Жоғарыда аты аталған елдердің мектептерінде медиабілімді міндетті пән ретінде оқыту жолға қойылған. Мысалы, 1987 жылы Канаданың кейбір жерлерінде «Медиабілім» арнайы пән ретінде оқытыла бастаса, өткен ғасырдың 90-жылдарынан бас­тап Австралияның мектептерінде де міндетті пән ретінде енгізілді. Ресей мен Украинада өткен ғасырдың соңғы жиырма жылдығында медиабілім жекелеген пәндермен интеграциялау арқылы жүзеге асырыла бастады.

Өткен ғасырдың 60-жылдарының ортасында Францияның 200-ден аса бастауыш, 100-ден аса орта мектебінде алғаш рет медианы оқыту оқу жоспарына енгізілсе, 1979 жылдан бастап Франциядағы медиабілімді бірден бірнеше министрлік қолдап, 1982 жылы Парижде Франция Білім министрлігінің қолдауымен білім және ақпарат құралдары байланыс орталығы ашылған.

Ал Ресейде болашақ мұғалімдерге медиабілім беру жолға қойылған. Сол себепті олар бүгінде БАҚ-тың тәлімдік рөлін, санаға әсер ету күшін жақсы сезініп, жастар мен жасөспірімдерді медиақұралдардың теріс әсерінен сақтау үшін БАҚ-ты тиімді пайдалану жолдарын қарастыруда. Бұл бойынша зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, нәтижелерін тәжірибеде пайдаланып келеді.

– Медиабілім мәселесіне елімізде қаншалықты көңіл бөлініп отыр?

– Бұл мәселеге еліміздің жоғары оқу орындары кейінгі кезде көңіл бөле бастағанын айтар едік. Мысалы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бірнеше жылдан бері оқу жоспарына «Медиабілім», «Медиамәдениет және медиақұзыреттілік» сияқты элективті курстар енгізілді. Бұл курс­тар – болашақ мамандарға заманауи массмедианың қоғамдағы және білім беру саласындағы маңызын түсіндіріп, мүмкіндіктерін таразылай келе, оның керекті тұстарын тәлімдік құрал ретінде пайдалануға үйретеді. Еліміздің білім беру жүйесінде медиабілім стратегия­сы мен технологияларын пайдалану мен медиабілімді жүзеге асыру – болашақ мамандардың бойында ақпараттық мәдениетті қалыптастыра отырып, БАҚ-тың білім беру, тәрбие, әлеуметтендіру, мәдени-ағартушылық қасиетін пайдаға жарата білу тәсілдерін меңгертеді.

2012-2014 жылдар аралығында «Студенттердің ақпараттық мәде­ниетін медиабілім беру арқылы қалып­тастырудың ғылыми-әдісте­мелік негіздері атты өзім жетекшілік жасаған ғылыми жоба аясында біршама зерттеу жұмыстары жүргізілді. Жоғары оқу орны жағдайында медиабілім беру арқылы студенттердің ақпараттық мәдениетін қалыптастыруды көздеген бұл ғылыми жобаның бас­ты мақсаты жаһандану жағдайында студенттердің ақпараттық мәдениетін қалыптастыру маңыздылығының теориялық негіздемесін жасау және оны медиабілім беру арқылы жүзеге асырудың механизмдерін дайындау болды. Бұл жоба студент-жастардың ақпараттық мәде­ниетін қалыптастыруда бүгінгі күні маңызды құрал – БАҚ-тың педагогикалық әлеуетін нақтылап, медиабілім технологияларын, әдіс-тәсілдерін бір жүйеге келтіруге және оларды жүзеге асыруды жолға қоюды ғылыми негіздеуге бағытталды.

Ғылыми жоба негізінде жоғары оқу орны студенттерінің ақпараттық мәдениетін медиабілім беру арқылы қалыптастырудың тұжырымдамасы дайындалып, ғылыми басылым болып жарық көрді. Сонымен қатар, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің педагогикалық бағыттағы мамандықтарының үш деңгейіне де медиабілім беру арқылы ақпараттық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бірнеше элективті курстар енгізілді. Сонымен қатар медиабілімді зерттеуге байланысты жас ғалымдарға әртүрлі тақырыптар ұсынылып, жан-жақты зерттелуде. Соның нәтижесінде бірнеше магистрлік, докторлық диссертация­лар қорғалды. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

– Бүгінде өмірді теледидарсыз елес­тету мүмкін емес. Бірақ соңғы жыл­дарда осы бір «сиқырлы көк­жәшіктің» бүлдіршіндер тәрбиесіне ти­гізіп жатқан теріс әсері жайында әңгімелер жиі айтыла бастады. Сіздің бұл туралы ойыңыз қандай?

– Бұл туралы ойларымды баспа­сөз беттерінде үнемі айтып келемін. Әңгімеміздің бас жағында да бұл жайында аздап сөз еткен сияқтымыз. Дегенмен бұл – арнайы тоқталуды қажет ететін мәселе.

Шынында, қазір мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды теледидардың тәрбиелеп жатқаны белгілі. Оның себебі көп. Ең алдымен баланы тыныш отырсын деп теледидарға телміртіп қоятын өзіміз. Екіншіден, оның не көріп, не түсініп жатқанына мән бермейтін болып барамыз. Қаптаған шетелдік мульт­сериалдар экранды ғана емес, бүлдіршіндеріміздің санасын жаулап барады. «Никелодеон», «Джетикс» сияқты телеарналардан берілетін мультфильмдерді тамашалайтын балалардың психикасына теріс әсер ететін кейіпкерлер көп.

Бір қуанарлығы, кішкентай көрермендерімізге арналған «Балапан» арнасының ашылуы арқылы бүгінгі күні бүлдіршіндер ана тілінде ықыласпен көретін бағдарламалар қатары көбейді. Уақыт талабына сай жаңа үлгідегі заманауи технологияларды игеріп, білімі мен білігі ұштасқан «интеллектуалдық ұлт» болуға бет бұрған мемлекет екендігімізді үнемі назарда ұстайтын «Балапан» арнасының алға қойған мақсаты да – осы келешек ұрпағымыздың тамырына рухани нәр беріп, «интеллект» иесі, білім мен ғылымның шыңына шығар азамат болып ер жетуіне ықпал жасау болып табылады. Отандық телеарнаның ізденісі нәтижесінде «Балапан» арқылы балаларымызды төл мәдениетімізге баулудың ықпалы артып, болашақ ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеуде үлкен рөл атқарып келеді.

Олай болса, қоғам болашағы бала­лар­дың қалыптасып, дамуында үлкен рөл атқаратын бұқаралық ақпарат құралдарының, яғни медиа­ның ұсынатын өніміне қашанда мән беру, оларды тиімді пайдалана білуге үйрету, жасөспірімдер мен мектепке дейінгі жастағы балалардың медиасауаттылығын қалыптастыру қоғамның әр азаматының, ал ұстаздар қауымының кәсіби парызы екені анық.

– Осы медиабілім мәселесіне қатыс­ты оның маңыздылығын қыс­қаша қалай тұжырымдар едіңіз?

– Білім беру мәдениеттің бір бөлігі ретінде, әрине, көп жағдайда жаһандық ақпараттандыру үрдісін сезінуде. Ақпараттық қоғамның дамуы классикалық білім беру парадигмасы орнын басып отырған жаңашыл білім беру парадигмасы қалыптасуымен тікелей байланыс­ты. Оның негізінде адам туралы іргелі түсініктерге өзгерістер мен білім беру арқылы тұлғаның дамуы жатыр. Жаңа білім беру парадигмасында оқушы – педагогикалық ықпал ету объектісі ғана емес, оқу үрдісін ұйымдастырудың жаңа формалары арқылы қарапайым репродукция­дан алшақ оқытушымен диалогқа тартылған таным іс-әрекетінің белсенді субъектісі.

Қазіргі адам белгілі көлемдегі білімге ие болып қана қоймай, сонымен қатар өздігінен білім ала білуі, қажетті ақпаратты іздеп таба білуі, ол үшін түрлі дереккөздерін пайдалана отырып, үздіксіз дамуы қажеттілігі туындайды. Сондықтан медиабілім арқылы медиасауаттандыруға баса көңіл бөлуіміз керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ