«Жас Отан» жастары ұсынған шай

«Жас Отан» жастары ұсынған шай

«Жас Отан» жастары ұсынған шай
ашық дереккөзі
«Жас Отан» Жастар қанатының белсенділері аязда таңнан кешке дейін елорданың көшелерін қардан тазартушы қызметкерлерге ыстық шай ұсынды. Бұл шара «Кел, шай ішейік» дәстүрлі акциясы аясында жүзеге асырылуда. Белсенді жастар таңертеңнен шағын автобуспен қала ішін аралап, жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге тіскебасар ұсынып, оларды шайға шақырды. Ал өздері жұмыс тоқтап қалмас үшін қолға күрек алып, жол жиегіндегі қарды тазалап, жаяу жүргіншілер жолын мұздан тазартуға көмектесті. «Былтыр жастар Жаңа жыл мерекесі кезінде өзгелер демалып жатқанда жұмысы тоқтамайтын коммуналдық сала қызметкерлерінің жұмысына алғыс айту мақсатында осы акцияны бастап еді. Кейінірек еліміздің жастары қосылып, әр аймақта ыстық шай беру шаралары көбейді. Әсіресе, Астана, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан секілді қысы қатты аймақтарда аяз кезінде бір топ жас көшелерге шығып, өзгелерге көмектескені қуантады», – деді «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев. Естеріңізге сала кетсек, акция Астана қаласында былтыр басталып, еліміздің барлық аймағында жалғасып еді. Жастар Жаңа жыл секілді отбасылық мерекені әр адам жақындарымен қарсы алса дейді. Ал ол мүмкін болмаған жағдайда жақсы адамдармен тойлап, мерекеде керемет көңіл күйде болу керегін алға тартады. Қатысушылар үшін шараның ең керемет кезі қызметкерлердің күтпеген жерден пайда болған көмекшілерге шынайы күлкі сыйлап, алғысын жаудырған сәті. Қызметкерлердің арасында жәрдемші жастарға батасын беріп, күнделікті кездесетін қиындықтарымен бөліскендері де болды.